Бас тақырып

Әкім гранты: жас кәсіпкер саны артты

Қарағанды облысында биыл 14 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылса, бизнесті дамыту аясында 180-ге жуық грант беріледі. Осындай қолдаудың нәтижесінде Қарағанды қаласында виртуалды курс ашылды. Онда жастар физика, химия, анатомия, биология және басқа да пәндер бойынша білім ала алады. Сондай-ақ, қалада дастарқан, майлық, сүлгі, халат тігетін цех ашылды. Кезекті баспасөз турында кәсіпкерлікке араласқан жастардың еңбекқорлығына көз жеткіздік.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сәуле ашқан «Sauleli Ui»

Қарағанды қаласының тұрғыны Сәуле Ақылбек бұдан үш жыл бұрын «Sauleli Ui» тігін цехын ашып, тігіншілерімен бірге дастарқан, майлық, халат, сүлгі сынды бұйымдар тігіп, пайдасын көруде .

– Бизнесімді дамыту үшін екі грант алдым. Алғашқысы шамамен 600 мың теңге болса, өткен жылы алғаным – 2 миллион теңге. 2020 жылы қызым дүниеге келді. Ол кезде жұмыс істемейтінмін, қолыма жөргекпұлға 157 мың теңгеден сәл артық сома түсті. Бұл ақшаны бизнеске салғым келді. Карантин уақыты еді, тойханалар жабық, той үйде өтетін. Арнайы матадан дастарқан тіктім. Оным туыстарыма ұнады. Кейін тапсырыспен тіксем деген ой келді. Құлшына кірістім. Тапсырыстар түсе бастады, – дейді Сәуле.

Баласы бір жасқа толғанда жұмыспен қамту орталығына хабарласып, тігін өндірісі бойынша үш айлық оқуды аяқтап, грантқа құжат тапсырған жас тігінші бизнес-жоспар құрып, жобаны қорғап, алғашқы грантқа 2021 жылдың соңында қолы жетеді. Алған қаржыға Сәуле екі өнеркәсіптік тігін машинасын, үтіктеу тақтасын, үстел сынды керек-жарақ алады.

– Екіншісі – облыс әкімінің гранты. Мен үшінші балам туғаннан кейін өтініш бере бастадым және оны 2022 жылдың желтоқсанында жеңіп алдым. Түскен қаражатқа халат тігуге арналған өндірістік зат, кес­те тігу машинасын сатып алдым, – дейді Сәуле Ақылбек.

Бүгінде Сәуленің тігін цехында өзін қосқанда үш адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 120 мың теңге. Тапсырыстар артқан. Алыс-жақын шетелден де онлайн тапсырыс берушілер бар.

Сәуле Мансап орталығына келісіп субсидиялаумен төрт адамды «Күміс жас», тағы бір тігіншіні әлеуметтік жұмыс орны жобасымен 2024 жылдан бастап алатынын жеткізді.

«NEO» деген не ол?

2021 жылдан білім беру саласында бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеумен айналысып жатқан «NEO» компаниясының жетекшісі Әділ Хамит болса Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде виртуалды әлемге жетелейтін (VR) көзілдірігін сынау­да.

– Жасанды интеллект біздің қосымшамызда интерактивті мұғалім ретінде әрекет етеді, бірақ, ол толыққанды мұғалімді алмастырмайды. Оқытушы жетіспейтін ауылдық жерлерде бұл бағдарламаның берері мол. Виртуалды оқытуға келетін болсақ, ол қазірдің өзінде іске қосылды. 13 пән бойынша оқуға және виртуалды зертханаларға баруға болады. Бұл әзірлеме Қазақстанның 30 мектебінде жүзеге асты, Қарағандыда алдағы уақытта екі мектеп қосылмақ. Сонымен қатар, еліміздегі бірнеше жоғары оқу орындары бізбен осы бағытта жұмыс істеп жатыр, олардың қатарында ҚарТУ-да бар, – дейді Әділ Хамит.

Жады 2 гигабайттан асатын NEO қол­данбасы қазір Windows және Andriod операциялық жүйелерінде жұмыс істей алады, оны басқа жүйелерге енгізу әзірленіп жатыр. NEO қолданбасы – орыс, ағылшын, қытай, француз, испан және қазақ тілдерінде сөйлей алатын толыққанды виртуалды платформа.

– Біз қосымшаны әлі де жетілдірудеміз. Сонымен қатар, қоғамдағы қауіпсіздікке қатысты басқа жобалармен жұмыс істеп жатырмыз. Осы бағдарламалардың бірі білім беру саласында қолданылатын болады. Ол мектеп оқушыларымен оқыс оқиғалардың алдын алуға арналған. Яғни, мұнда AI сенсордың бір түрі ретінде әрекет етеді, адамдар арасындағы агрессивті мінез-құлық пен жағымсыз көзқарастарға жауап береді және мектеп басшылығы мен қауіпсіздігіне сигнал береді, – дейді жоба жетекшісі.

Облыс әкімінің 2 миллион теңге гранты компанияға ең алдымен бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуді аяқтауға мүмкіндік тудырған. Мысалы, «NEO» ком­паниясы бұл қаржыға VR көзілдіріктерін сатып алған болатын.

700-ден астам азамат грантқа ие болды

Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ұлан Омаров 2005 жылдан бастап Қарағанды облысында жастар кәсіпкерлігін дамыту мен қолдауға гранттар бөліне бастағанын айтады. Осы уақыт аралығында 700-ден астам азамат грантқа ие болған. Бұл санның басым үлесі 20 жастан асқан жастарға тиесілі.

– Бұрын грант сомасы 500 мың теңге болса, кейін 1 миллион, қазір 2 миллион теңге болды. Биыл да былтырғыдай облыс әкімінің грантын 50 адам алады. Өтінімдерді қабылдау аяқталды, конкурстық комиссия жұмысына кірісті, желтоқсан айында жаңа иегерлерге гранттар беріледі.

Әрине, біз бөлінген қаражаттың иге­рілуін қадағалаймыз. Конкурстық комиссия өз кезегінде жобалардың өзектілігін, олардың қазіргі уақыттағы қажеттілігін және әлеуметтік әсерін бағалайды. Жобалардың жұмыс істеп тұрғаны және қоғамға қажет болуы өте маңызды.

Грантқа ие болғандардың басым бөлігі – медициналық, қоғамдық тамақтандыру, білім беру және өндірістік жобалар. Облыс әкімінің жастар кәсіпкерлігі саласындағы гранттарына өтінімдер туралы толық ақпаратты жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың сайтында жариялаймыз, – деді Ұлан Омаров.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button