Бас тақырыпБасты тақырыпЖаңалықтар

Қарағандыда интернет-алаяқтардан 2048 адам зардап шеккен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдау­ында: «Соңғы жылдары онлайн-алаяқтық мемлекеттің және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келтіріп жатыр. Сондықтан киберқылмыспен күресу үшін антифрод орталығы құрылды. Биометриялық анықтау жүйесі енгізілді. Банктердің, микроқаржы ұйымдары мен байланыс операторларының жауапкершілігі күшейді. Дегенмен бұл мәселеге үнемі жіті назар аудару қажет. Құзырлы органдардың жұмысын ұдайы жетілдіріп отырған жөн. Киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін барынша интеллектуалды жүйе құру керек. Қажет болса, тиісті заңға және құқық қорғау органдарының қыз­метіне өзгерістер енгізген жөн», – деп атап өткен болатын.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Киберқылмысқа қарсы күрес қарқынды

Сонымен бірге, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтарға арналған цифрлық ортаны қорғау мәселелері жан-жақты қаралды. Президент бұл жиында биылғы Жолдау­да айтылған «Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру» міндетін еске сала отырып, заманауи киберқатерлерге қарсы тұру үшін кешенді әрі жүйелі шаралар қабылдаудың маңыздылығын баса айтты.

Интернет алаяқтарымен күрес, ақпараттық инфрақұрылымды қорғау, кадрлар даярлау және құқық қорғау органдарының құзыретін кеңейту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Президент азаматтардың жеке деректерін қорғау мен заңсыз таратқаны үшін жазаны күшейтуді және киберортадағы қауіпсіз әрекет қағидаттарын халыққа түсіндіру жұмыс­тарын жандандыруды тапсырды. Бұл Жолдауда айтылған тапсырмалардың нақты іске асып жатқанын аңғартады.

Бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірінде цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған. Әсіресе, киберқылмыспен күрес – бүгінгі күннің аса маңызды міндеттерінің бірі.

Бұл салада Қарағанды облысы нақты нәтижелер көрсетіп отыр. Аймақ көлемінде киберқылмыс­тық істер саны артып келе жатқанымен, оған қарсы күрестің жаңа құралдары мен тәсілдері іске қосылып, қылмыстық әрекеттердің жолы кесіле бастады.

Облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы ұсынған ресми дерек бойынша, 2025 жылдың басынан бері облыс аумағында интернет-алаяқтардың әрекетінен 2048 адам зардап шеккен. Жалпы шығын көлемі – 2,8 миллиард теңгеден асып отыр.

Олардың ішінде, 542 қылмыс – өзін банк, полиция, пошта, емхана, мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстыру арқылы жасалған, 271 қылмыс – «КазМунай Инвест», «Каспи Профит», «Каз­АтомПром Инвест» сияқты жалған инвестициялық платформалар арқылы азаматтардың сеніміне кіріп, қаржысын алдап алу жолымен жүзеге асқан.

Қазір алаяқтардың алдап-арбау тәсілдері де күрделене түсуде. Олар бейнебайланыс арқылы полиция немесе прокуратура қыз­меткерінің киімін киіп, «арнайы операция» жүргізіп жатқандарын айтып, тұрғынды өз атына несие рәсімдеп, сол қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуға үгіттейді. Кейде, тіпті, мұның соңы қарапайым бұқараның қаржыдан, баспанадан айырылуымен аяқталады.

Заң бұзғандар құрықталып, жүйелер бұғатталуда

Қарағандылық тұрғын Арман Аңсағанұлы осындай алаяқтардың құрығына түсе жаздаған.

– Бейтаныс нөмірден хабарласып, өзінің «Ұлттық банк» қыз­меткері екенін айтты. Соңынан «полиция өкілі» видеоқоңырау арқылы шығып, менің атымнан несие рәсімделіп жатқанын жеткізді. Қауіпсіздік үшін өзім несие рәсімдеп, олардың айтқан шотына аударуым қажет екен. Айтқандарын орындап, ақша аударуға дайын болдым. Абырой болғанда, қасымда отырған әпкем күмәнданып, мені тоқтатты. Содан кейін ғана олардың алаяқ екенін түсіндім, – деп атап өтті ол.

Бұл жағдай қоғамда киберқауіпсіздік мәдениеті мен цифрлық сауаттың жеткіліксіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Президент Жолдауындағы «Халықтың цифрлық білімін арттыру» туралы міндет осындай оқиғалармен тығыз байланысты.

Облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан қылмыстардың жолын кесу және ашу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылдың 9 айында басқарма қызметкерлері тарапынан елімізде тіркелген ұялы байланыс нөмірлері арқылы қоңырау шалуға арналған 7 SIM-бокс құрылғысы анықталып, бұл құрылғыларды басқарып отырған 5 күдікті ұсталған.

– Алаяқтарға тіркелген SIM-­карталарды заңсыз тіркеумен айналысқан 21 жастағы Қарағанды тұрғыны ұсталды, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, Ұлттық банктің «Анти-Фрод орталығы» арқылы 23 млн теңге жәбірленушілерге қайтарылып, 30 млн теңгеге жуық қаражат бұғатталды. «Кибернадзор» жүйесі арқылы 5119 қылмыстық сипаттағы интернет-сілтеме бұғатталды, – дейді Қарағанды облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі Дінмұхамед Ғалиұлы.

Тағы бір айта кетерлігі, Саран қаласында үйін сатуға дайындалып жатқан зейнеткер алаяқтардың арбауына түсуден аман қалса, Теміртауда 50 жастағы азаматша ­6 млн теңгені қылмыскерлерге аударуға шақ қалғанда, полиция мен банк қызметкерлерінің бірлескен әрекетінің арқасында құтқарылды.

– Біз алаяқтарды ұстаумен ғана шектелмейміз. Басты мақсат – халық зардап шекпей тұрып, алдын алу. Киберқауіпсіздік – әр азаматтың жеке жауапкершілігін талап ететін сала. Көп жағдайда қарапайым сақтық арқылы-ақ үлкен шығыннан аман қалуға болады, – деп толықтырды Дінмұхамед Ғалиұлы.

Алдын алу – басты бағыт

Президент Жолдауында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп туралы айтылған нақты міндеттерді орындау мақсатында облыс көлемінде ауқымды ақпараттық науқан жүріп жатыр.

Нақтырақ айтсақ, қоғамдық орын, базар, сауда орталығы сынды халық көп жиналатын жерлерде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ақпараттық парақшалар таратылып, еріктілердің қатысуымен профилактикалық акциялар өтуде. Сонымен қатар, жұмыс орындары мен оқу орындарында цифрлық қауіпсіздік бойынша кездесулер ұйымдастырылып келеді.

Бұдан бөлек, Қазақстан Рес­публикасы Қылмыстық кодексіне енгізілген 232-1-бап бойынша, яғни, өз банк картасын үшінші тұлғаға пайдалануға берген «дроперлерге» қатысты түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Бұл да – өз кезегінде Президенттің заң үстемдігін қамтамасыз ету туралы тапсырмасының аясында атқарылып жатқан нақты жұмыс.

Киберқауіпсіздік – Ішкі істер министрлігі немесе арнайы органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Саналы, сергек әрі заманауи технологияны меңгерген жан-жақты азаматтар киберқылмыскерлердің құрығына оңай түспейді.

Интернеттегі қауіп көзге көрінбейді. Алайда, салдары ауыр. Сондықтан, әр азамат жеке деректерін сақтау, бейтаныс сілтемеге өтпеу, SMS-кодты жария етпеу, алдын ала төлемге келіспеу, күдікті инвестициялық алаңдардан бас тарту сияқты қарапайым ережелерді орындау арқылы өзін және отбасын қауіптен сақтай алады.

– Цифрлық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі екенін ұмытпайық. Бұл технологиямен күрес қана емес, ақпараттық мәдениет қалыптас­тыру. Сондықтан, азаматтардың саналы сақтығы мен құқықтық сауаттылығы – біздің басты қорғанымыз, – деп түйіндеді аға жедел уәкіл.

Ендеше, телефон арқылы келген SMS-кодты ешкімге айтпаңыз, өйткені, полиция, прокуратура, банк қызметкерлері бейнеқоңыраумен арнайы операция жүргізбейді.

Бейтаныс сілтемеге өтпеңіз, арзан тауар қауіптің белгісі болуы ықтимал. Алдын ала төлем жасаудан бас тартыңыз. «КаспиПрофит», «КазМунайГаз Инвест», «КазАтомПром Инвест» деген алаңдар елімізде мүлдем тіркелмеген.

Қаржылық біліміңіз болмаса, инвестиция немесе криптобиржаларға ақша құюдан аулақ болыңыз. Мессенджер арқылы ақша сұраған танысыңызға тікелей қоңырау шалып тексеруді ұмытпаңыз.
Қауіп – байқатпай келеді. Ал, оны байқап, алдын алу – өз қолыңызда. Еліміздің болашағы қауіпсіз цифрлық ортада қалыптасады. Сол қауіпсіз цифрлық ортаны бірге жасайық!

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button