Басты тақырып

ӨКІЛЕТТІ ОРГАННЫҢ ӨРКЕНДІ ШАРАЛАРЫ

     2016 жыл – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атап өтілетін мерейлі жыл. Бұл – мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке. Тәуелсіз еліміз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, толағай жетістіктерге қол жеткізді.

Еліміздің экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларындағы сан салалы жаңару, жаңғырулар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген басшылығы арқасында мүмкін болды.

2016 жыл, біздің мемлекетіміздің барлық соңғы жылдарғы тыныс-тіршілігі сияқты – қоғамның әрі қарай тұрақты дамуы мен қалыптасуы, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қажетті өзгерістер енгізу үшін өте маңызды істер атқарылған жыл болды.

Облыстық мәслихат үшін биылғы мерейлі жылдың ең басты ерекшелігі – наурыз айында өткен сайлаудан соң облыстың өкілді органының депутаттық корпусының едәуір жаңарғаны болды. Сөйтіп, өткен уақыт алтыншы шақырылымдағы Қарағанды облыстық мәслихаты депутаттық корпусының қалыптасу кезеңі болды.

Қалай дегенде де жаңа депутаттық корпустың бірінші айлардағы қызметі оның кәсіптік дайындығының жоғары деңгейін, әлеуметтік белсенділігін және шығармашылық әлеуетін көрсете білді.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: дамыған мемлекеттің жаңа саяси курсы» Жолдауын, «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламасын, және басқа бағдарламалық құжаттарды іске асыруға байланысты мәселелер біздің әріптестеріміздің жұмысындағы басты бағыт болып қала береді.

Облыстық мәслихат өзінің қызметін, әдеттегідей, Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, облыстық мәслихаттың жаңадан қабылданған регламенті, перспективалық және ағымдағы жұмыс жоспарлары негізінде жүзеге асырады.

Облыстық мәслихат облыс әкімінің аппаратымен, облыстық басқармалармен, қалалық және аудандық мәслихаттармен, Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесімен, тексеру комиссиясымен, қоғамдық ұйымдармен, саяси партиялармен және облыс тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

2016 жылғы есепті мерзімде облыстық мәслихаттың 6 сессиясы өткізілді. Онда 140 мәселе қаралды, оның 90-нан астамы – негізгі мәселе. Облыстық мәслихаттың 26 шешімі әзірленді және қаралды, олардың барлығы облыстық әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өтті және мемлекеттік нөмірі беріліп, нормативтік-құқықтық актілердің мемлекеттік тізбесіне енгізілді.

Оның ішінде облыстық бюджетті бекіту және оның атқарылуы, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағдарламасы басымдықты мәселелер болып табылады.

Ағымдағы жылы сессиялық мәселелерден өзге 4 рет облыстық бюджетті нақтылау мәселелері, оның ішінде 1-і депутаттық корпустың бастамасы бойынша, сондай-ақ, Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының облыстық бюджеттен қаржыландырылатын облыс басқармалары, ұйымдары және инспекцияларында жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары жөніндегі 14 ұсынысы қарастырылды.

Үстіміздегі жылы облыстық мәслихаттың профильдік тұрақты комиссиялары 25 отырыс өткізді. Оларда облыстық мәслихат сессиясының қарауына шығарылатын мәселелерді қоса алғанда, 60-тан астам мәселе, сондай-ақ, әрбір тұрақты комиссияның салалары бойынша да мәселелер қаралды, сонымен қатар, сессиялар аралығындағы кезеңде тұрақты комиссиялардың отырыстарында талқылауға арналған сессия материалдарын алдын ала қараудан бөлек, өңірдің тіршілігіне қатысты проблемалық мәселелер де кеңінен сөз болды.

Сайлауалды бағдарламаларын іске асыру жөніндегі белсенді жұмыстарды «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихат жанындағы фракциясы да жүргізуде, оның құрамына біздің 40 депутатымыз кіреді. Есепті кезең ішінде фракцияның 7 отырысы өтіп, онда 15-тен астам мәселелер қаралды.

Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес облыстық мәслихат депутаттарының өз округтерінің сайлаушыларымен жұмысы да жүйелі жалғасын тапты. Айталық, 2016 жылы депутаттар сайлаушылармен 237 кездесу өткізді, 379 қабылдау жасады, оның барысында шамамен 1350 азамат қабылдауда болды. Осындай қабылдаулар барысында сайлаушылар алға тартқан мәселелер бойынша облыстық мәслихаттың депутаттары 2016 жылы түрлі деңгейдегі ведомстволарға 189 қатынас қағаздар жіберді.

Сайлаушылардың мүдделерін қорғау үшін депутаттық сауал құқығы кеңінен пайдаланылады. Жер-жерлерде ауылдық округ әкімдерімен тығыз қарым-қатынастар орнатылған, оларды жүргізіліп жатқан жұмыстарға белсенді тарту жалғастырылуда.

Талдау көрсеткендей, хат авторлары негізінен жұмыспен қамту, коммуналдық қызмет сапасын арттыру, жолдардың жағдайы, көшелерді тазалау және елді мекендерді абаттандыру, халықтың жекелеген санаттарының жолаушылар көлігінде жеңілдікпен жүруін ұйымдастыруға қатысты мәселелерді қозғады.

Сессияға шығарылатын негізгі мәселелерді, нақтылы жағдай орын алған жерлерге шыға отырып, алдын ала зерттеп білу, сараптау, содан кейін ғана қарауға жіберу тәжірибесі де кеңінен қолданылуда. Мәселен, осындай мақсатта бірнеше жұмыс топтары құрылып, жергілікті мекендерде тұрғындар үшін аса маңызды бірқатар мәселелерге барлау, талдау жасалды. Ондай қатарында «Қарағанды облысы аумағындағы орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жағдайы туралы», «Қарағанды облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жағдайы және оны болашақта дамыту туралы», «Жергілікті полиция қызметінің 2016 жылы облыс аумағында құқық тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстары туралы», «Саяқ кентін сумен жабдықтау жағдайы туралы», т.б. мәселелерді атап өтуге болады.

Биылғы жылы облыстық мәслихат депутаттарымен бірге 17 жұмыс сапары жүзеге асырылды, оның ішінде Қарағанды облысының Жезқазған, Теміртау, Балқаш, Саран, Қаражал, Қарқаралы, Приозерск қалаларына, Абай, Ақтоғай, Осакаров, Ұлытау және Шет аудандарында болып, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылды.

Барлық дерлік өңірлерде облыстық мәслихаттың хатшысы жаңадан құрылған аймақтық Қоғамдық кеңестер және жергілікті полиция қызметі басшылығымен, жергілікті атқарушы және өкіл етті органдардың өкілдерін қатыстыра отырып, дөңгелек үстел отырыстарын өткізді. Мұндай отырыстар барысында сол қалалар мен аудандар үшін маңызды мәселелер қарастырылды, жұмысқа әдістемелік және ұйымдық көмек көрсету, жұмысты одан әрі жетілдіру бойынша тиісті ұсыныстар жасалды. Осы арада сайлаушыларды толғандыратын кез келген мәселелер бойынша азаматтарды жеке қабылдау жүргізілді. Мұндай қабылдаулар кезінде түскен өтініштер қаралып, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Есепті кезең ішінде өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында, Қарағанды облыстық мәслихатының ақпараттық жұмыстары шеңберінде 35-тен астам мақалалар, сұхбаттар және ой-толғамдар, пікір алмасулар жарық көрді.

Облыстық теледидарда, облыстық «Орталық Қазақстан» және «Индустриальная Караганда» газеттерінде «Ойталқы», «Шаңырақ», «Уақыт.kz», «100 қадам», «Тәуелсіздік талаптары», «Облыстық мәслихатта», «Депутаттар іс үстінде» бағдарламалар мен арнайы айдарлар ашылған.

Уақыт бір орында тұрмайды, ол күнделікті қызметті үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Сондықтан да, біз мәслихат қызметіне бірқатар жаңа жұмыс үлгілерін енгізуге тырыстық. Өткен жылы мұндай жұмыс тәсілдерінің бірі әріптестеріміз – облыстық мәслихаттың депутаттарымен олардың негізгі жұмыс орындарында танысу мақсатындағы жұмыс сапарлары болды. Сондай-ақ, біз орталық органдар мен Парламент депутаттарын облыстық мәслихаттың сессиясына қатысу үшін шақыруды тәжірибеге енгізе бастадық.

Облыстық мәслихаттың тағы бір жаңа жұмыс үлгісі облыстық мәслихаттың Республиканың Жоғарғы заң шығарушы органы – Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің жұмысына қатысуы болды. Айталық, ағымдағы жылдың қыркүйегінде біздің депутаттар Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму жөніндегі комитетінің «Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарау жөніндегі іс-шараларына қатысты. Біздің әріптестеріміз аталған мәселе бойынша жұмыс тобының құрамына кірді. Өз тарапымыздан табиғатты пайдалану, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік сала, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, сияқты мәселелерге қатысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуге ұсыныстар енгіздік. Барлығы есепті кезеңде орталық органдарға осындай 7 ұсыныс жолданды.

Әдетте, жыл соңында, тек өткен кезең, атқарылған істер ғана қорытындыланып қоймайды, сондай-ақ органның қызметін одан әрі жетілдіру мақсатында дамудың тың бағыт-бағдарлары белгіленеді.

Бұл ретте «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам», Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты саяси мақаласы дамудың кең көлемді бағдарламасы ғана емес, сонымен қатар, жаһандық және аймақтық тәуекел және қауіп-қатерлерге қарсы күрес жолында қолда бар барлық ресурстарды, механизмдерді және мүмкіндіктерді жедел жұмылдыруға мүмкіндік беретін әмбебап құрал болып табылады.

Бізге бюджет саясатын оңтайландыруды батыл енгізу, қолдағы бармен өмір сүріп үйрену аса маңызды. Облыстық бюджетті құру, оның атқарылуы, облыста басқа да бюджеттік бағдарламаларды іске асыру барысын қарау кезіндегі атқарушы органдармен біріккен жұмысымызды тағы бір рет қайта қарау, сөйтіп қаражаттардың орынды пайдалануына депутаттық бақылауды қамтамасыз ету қажет.

Біздің жоспарларымызда облыстың қоғамдық ұйымдары және түрлі мемлекеттік емес ұйымдарымен өзара іс-қимыл тәжірибесін барынша кеңейту қарастырылған.

Бұл бағытта біз алғашқы қадамдар жасап та үлгердік. Бұл ретте облыстық өкілді органның белгілі бір дәрежеде облыс қоғамдастығының жинақталған пікірін білдіретін Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесін құру және жұмысын ұйымдастырудағы рөлі мен қатысуын есімізге түсірсек те жеткілікті болар – біз өңір қоғамдастығының барынша түрлі құрылымдарын қамтып, байланыс аясын кеңейте түсуді көздеп отырмыз және олармен тұрақты және жоспарлы жұмыстар жүргізбек ниеттеміз. Бұған мысал ретінде жоғарыда аталып өткен, облыстық мәслихат аппараты дайындаған, облыстық мәслихаттың депутаттары және оның хатшысының қатысуымен өткен «Дөңгелек үстел» отырыстарын келтіруге болады. Оған облыстың бірқатар өңірлерінің Қоғамдық кеңестері мен жергілікті полиция қызметі өкілдері де тартылды.

Облыста құқық тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі жергілікті полиция қызметінің жұмысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері, облыстағы білім беру жағдайы және оны одан әрі дамыту мәселелері және т.б. Қарағанды облысының тыныс-тіршілігі үшін аса маңызды бірқатар мәселелер бойынша облыстық масштабтағы осындай отырыстарды таяу уақытта өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, келер жылы алдымызға бірнеше тың міндеттер қойып отырмыз, атап айтқанда:

бұқаралық ақпарат құралдарын барынша кеңінен тарту арқылы сессиялар мен профильдік комиссиялардың қызметін көрсетудің ашықтығы мен айқындылығы деңгейін көтеру; – мәслихатта талқыланатын мәселелер бойынша талдау жүргізу, ұсыныстар дайындауға азаматтық қоғам институттары, қоғамдастық өкілдерін, сарапшыларды кеңінен тарту; – депутаттық сауалдар мен өтініштерді уақытылы және сапалы қарауға бақылауды күшейту үшін өзіміздің ресми сайтымызда тұрғындардан түскен сауалдарды және оған тиісті басшылар берген жауаптарды жариялап тұруға арналған арнайы айдар ашу; – сессиялық материалдарды дайындау шеңберінде мемлекеттік органдар басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру және олардың сессиялар мен тұрақты комиссиялардың жұмысына тікелей өздерінің қатысуын қамтамасыз ету көзделуде.

Облыстық мәслихаттың жоспарына сай, депутаттарды, әсіресе жаңадан сайланған депутаттарды одан әрі оқытуды ұйымдастыру, олардың депутаттық қызметін әдістемелік және ұйымдық тұрғыда қамтамасыз ету жөніндегі шаралар әзірленуде.

Облыстық мәслихаттың депутаттары өздерінің міндеттері мен парыздарын білетіні, сайлаушылар алдындағы жауапкершіліктерін толық сезінетіні сөзсіз. Облыстық мәслихат алдағы уақытта да өз қызметін одан әрі жетілдіре жандандыра отырып, облыс сайлаушыларының аманатын орындау жолында жемісті еңбек ете береді деп сенемін.

Рысқали ӘБДІКЕРОВ

Қарағанды облыстық маслихатының хатшысы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button