Кикбоксшылар бабында
14-19 мамыр аралығында Түркияның Анталья қаласында кикбоксингтен әлем кубогы сарапқа салынды. Жарысқа 41 мемлекеттен 2549 спортшы қатысып, бірнеше бағдарламада күш сынасты. Қазақстан командасы нәтижесінде 10 алтын, 6 күміс пен 14 қола медаль иеленіп, турнир қожайыны Түркиядан кейін ІІ орын алды. Ұлттық құрама сапында 102 спортшы жүлдеге таласты. Айтулы додада балқаштық кикбоксшылар Нұрали Ғалым 81 келі салмақта күміс, Нариман Қайыпхан 67 келі салмақта, Айбат Нұрланұлы 63,5 келі салмақта, Гаухар Сайлаубек 48 келі салмақта қола медаль иеленді.

Жеңімпаздарды спорт жанкүйерлері Балқаш қаласының «Автобекетінен» ыстық ықыласпен қарсы алды. Аналар шашуын шашып, спорт саласының өкілдері гүл шоқтарымен құттықтады.
– Бізге осылай құрмет көрсетіп, күтіп алған жандарға алғысым шексіз. Қолымнан жарақат алмағанда алтыннан алқа тағамын деп ойлаған едім. Үш қарсыласым да Түркияның тарландары болды. Финалда 1:2 есебімен есе жіберіп, күміс жүлдеге қол жеткіздім, – дейді кикбоксшы Нұрали Ғалым.
Әлемдік додаға алғаш қатысып, қола жүлдегер атанған Нариман Қайыпхан бүгінде Балқаш қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығатын көрінеді. Бұған дейін Шымкент қаласында өткен республикалық жарыста күміс жүлдені иеленген. Өзінің айтуынша, бұл спорт түріне 8 жасында әкесі ертіп келіп, жаттықтырушыларға табыстаған. Спортшы кикбоксингтен аға жаттықтырушы Дулат Сәметовке, бапкерлері Жомарт Үсен мен Айбат Нұрланұлына алғысын жеткізді.
Сонымен қатар, кикбоксингтен аға жаттықтырушы Дулат Сәметов алдағы уақытта Азия чемпионатына дайындықтарын бастайтындығын айтты.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ