Киіз кітаптың киесі
Мемлекет басшысы «Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет» екенін атап өтті. Бұл шарттың мәнін «Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жекеменшіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндетті, атап айтқанда, салық төлеу, экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындайды» деп түсіндірді. Отандық өнімнің дамуына үлес қосқан қарағандылық Виктория Қалиева балаларға арналған киіз кітаптары арқылы халықаралық нарыққа шықты.

Үш баланың анасы осылайша өзіне ұнайтын хоббиін толыққанды бизнеске айналдырды. Бүгінгі таңда оның my_lovely_felt бренді Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де табысты жұмыс істейді. Тапсырыстар АҚШ, Германия, Эстония және Ливаннан келеді.
– Киізден жасалған кітаптарды шығару баламмен сөйлесу және оның моторикасын дамытуға көмектесу идеясынан басталды. Киіз қауіпсіз және тактильді материал тігуге әрі балалардың қабылдауы үшін де ыңғайлы болды. Әр тапсырысқа баса ден қоямын, – дейді Виктория Қалиева.
Жобаның дамуына Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы мұрындық болды. Виктория Coca-Cola belesteri байқауына қатысып, грант алып, өндіріс көлемін ұлғайтты. Сонымен қатар, палатаның ұсынымдарының арқасында кәсіпкер «Шағын кәсіпкерліктегі әйел» бағдарламасы бойынша оқу оқып, онда тұрақты бизнес-модель құру бойынша практикалық білім алды.
Қазіргі уақытта Виктория команда құрамын кеңейтіп, бизнестің әлеуметтік бағытын күшейтуді жоспарлап отыр. Атап айтсақ, күн тәртібінде зейнеткерлерді бұйымдарды тігуге тарту жоспары бар. Оның айтуынша, бұл «Күміс жастағы» адамдарды қызықты жұмыспен және қосымша табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
My_lovely_felt бренді балаларына сапалы, білім беретін және экологиялық таза ойыншықтарды таңдайтын ата-аналарға бағытталған. Бұл орайда Виктория кез келген сәтті істің негізі – үнемі дамуға деген құштарлық пен ұмтылыста екенін атап өтті.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»