Киіз үйдің ішінде біреу бар сияқты…
Біраз жылдар бойы көнекөз қариялардың естеліктерінен құралған шынайы әңгімелерді жазып келемін. Оқиғалар түсініксіз болғанымен, бір-бірімен ұштасып жатады.
Бірде менің Қарағандыға, Шарипа әженің үйіне жолым түсті. Ол көзқарасы терең әрі мейірімді, даусы сәл жұмсақ әйел еді. Шай ішіп отырған кезде ол өткеннің жұмбағын сақтаған бір әңгімесін айтып берді. Сол әңгімедегі оқиға 1932 жылғы сұмдық ашаршылық жылдарында орын алған.

– Бұл жаз айлары еді, отыз екінші жыл… – деді Шарипа әже.
- Ол жылдары ел басына түскен ауыртпалықтың ең ауыры аштық еді. Қара жердің өзі қайғы жұтқандай – үнсіз. Қазан қайнамайтын, баланың күлкісі естілмейтін уақыт. Өте ауыр нәубет болды. Аштық жылдарында талғажау еткендері – ағаштың қабығы, қайнатып ішкендері – терінің сорпасы еді. Адамдар киіз үйлердің есігінен тік қарап тұрып қайтыс бола бастады. Дала аппақ күйге еніп, қурап кетті. Өсімдік жоқ, құс та жоқ. Әкем көктемде қайтыс болды. Бауырым да қайтты. Ауылда тірі жан қалмады. Анам бір күні Семейге кетейік деді. Туғандары сонда тұратын. Мүмкін сонда аман қалармыз деп ойлаған шығар.
Сөйтіп бір күні анам, мен және кішкентай сіңілім Әмина үшеуіміз жолға шықтық.
Ұзақ жүрдік. Күннің аптабынан сақтану үшін бастапқыда түнде жүрдік. Кейін тіпті түнде де жүре алмай қалдық. Әминаны анам да, мен де кезектесіп арқаладық. Бізде кішкентай дорбада бір тілім нан, бір уыс бидай және күнжара болды. Ол екі күнге жетті. Сосын бітті. Бір кездері лас шалшықтан су ішкенім есімде. Шөлдеп, аштықтан жүре алмадық. Әмина үнемі жылайтын. Ал менде жылау жоқ еді. Тек жүрдім…
Төртінші күні күш-жігеріміз түгел тартылып, көз алдым қарауытып кеткенде, анам кенет тоқтап, алға қолын сермеп, сыбырлады:
– Бұл не екен?.. Киіз үй ме?.. Әлде бізге елес болып көрініп тұр ма?
Алыстан дірілдеп тұрған сағым болып көрінді. Бірақ әрбір қадам сайын белгісіз пішін анықтала түсті. Ол киіз үй екен.
Жақындадық. Аяқтарымды сүйретіп әзер келе жатыр едім. Анам есігін қақты. Іштен қарттың дауысы естілді:
– Кіріңдер… Кіріңдер…
Кірдік. Іші салқын болатын. Үстелдің жанында қарт әже отырды. Қымыз бен жаңа піскен бауырсақтың иісі аңқып тұрды. Жер үстелдің үстінде тостағандар, табаға салынған нан, бауырсақтар, ет бар еді… Менің қалай отырғаным есімде жоқ. Тек қымыз ішіп, тамақ жегенім есімде.
– Ол кім болды? Аштықта осындай тамақ қайдан келді? – деп сұрадым.
Шарипа әже басын шайқап:
– Білмеймін, – деді.
Ол көп сөйлеген жоқ. Тек күлімсіреп, Әминаны басынан сипады. Сосын ұйықтап қалдық.
Ал, сергіп оянғанда бәрі жоқ еді. Қарт әже де, тамақ та, киіз үй де жоқ. Біз бос, тозығы жеткен үйде жаттық. Бір қызығы біз тоқ сияқтымыз, күш-қуатымызды қайта тапқандай, тамақ ішкендей күйде болдық.
Мен анамнан: «Киіз үй қайда?» – деп сұрадым. Ол «Бұл – аруақтар. Рухтар бізге көмектесті», – деді.
Кейін бізге басқа адамдар көмек көрсетті. Семейге бара жатқандар өздерімен алып кетті.
Анам «Сол киіз үй болмаса, біз тірі қалмас едік» деп бірнеше рет айтты.
***
… Кенет Шарипа әже әңгіме айтып отырып, үнсіз қалды. Қиялында тағы да сол даладағы ақ сағымды көріп тұрғандай, көзін әдеуір алысқа қадап сөйледі:
– Әмина кейін дәрігер болды, көп адамның өмірін сақтап қалды. Мен ұстаз болдым. Менің шәкірттерім елге танымал адамдарға айналып, халық үшін көп еңбек етті…
Кейде сол «киіз үй мен ішінде отырған қарт әже қайда ғайып болды?» деп ойлаймын. Мүмкін олар тек көмек сұрағандарға ғана келетін шығар. Ең қажетті сәтте құтқарғандай болып көрініп, ғайып боп кетеді. Олар болмаса, біз болмайтын едік…»
Ерлан МҰСТАФИН
(аударған Аяулым Совет)