Киелі мекен
Шынайы патриотизмнің алғы шарттары туған жердің тарихы мен географиясын білуден, оны құрметтеуден, қастерлеуден басталады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы Ресей империясының отаршылық саясаты шыңданған кезі еді. Қазақ халқын жер бетінен көшіру амалы тек жерін тартып алып, шөлге қуып тастау емес, оны мәдениетінен дінінен аластатып, басыбайлы, тегін, тілін ұмытқан мәңгүрттенген құлға айналдыруды мақсат етті. Міне, осы саясатты жылдамдату үшін қазақты алдап, арбап, күштеу зорлау жолын қатар қолданып, шоқындыру саясатын да тезірек жүзеге асыруға көшті. Ол кезде Ресей миссионерлерінің тәжірибесі Сібір халқының көбін христиан дініне кіргізіп жаппай бір ұлттарды шоқындырып ата-тегіне жазбай Степанов, Петров, Иванов деп фамилияларын өзгертіп христиан есімдерін кіргізді. Осы тәрбиелерін қазақ даласына келген дін миссионерлері қолдана бастады. 1868 жылғы Ереже бойынша жерінен айрылған қазақ халқының ендігі болашағын ойлаған адамдар, бұл саясатқа қарсы ата-бабалардың салт-дәстүрін, ислам жолында сақтап қалу үшін күрес жүргізді. Тобықтыда Құнанбай Қарқаралыда мешіт салдырса, Жаңғұтты би Аюлы таудың батыс жағында Қойкөл өзеніне таяу тұста мешіт салдырған. Баста деген жерде мешіт салдыруда Байсейіт, Көпбайлар осы іске белсенді кірісе бастады. Мешіттердің қасында медреселер бой көтеріп қазақ балалары сауат ашып, арабша хат танып, ұлттық қазақи тәрбие алып, ұлтжанды жас ұрпақ пайда болды.
Дін исламның енді елді сақтап қалу – қазақи қоғамды сақтап қалу мен тікелей байланысты екенін ұққан азаматтар, хан билігі жойылса да, Ислам дінімен ұлт болмысын сақтап қалуға боларына көздері жетті. Патша үкіметі отаршылық саясатын кеңінен өрістету үшін қазақ даласында өткен ғасырда көптеген бекініс – қамалдар салды, әкімшілік округтар құрды. Қазақ халқы жер-суға ат қоюға келгенде аса білгір өте тапқыр болған. Топырақ түріне, таудың, орманның, көлдің, өзеннің ішкі қасиеттеріне, сыртқы көріністеріне қарай дөп басып, бірімен-бірін еш уақытта алмастырылмайтындай лайықты ат тауып қойған. Тек, Қарқаралы сыртқы округінің 1500-дей жер-су аттарын картаға түсіріп тізімге алған. Қазақ елінің өздерін қалайша қадір тұтқанын, әрбір тоғайға, әр шоқыға әр қыстауға қандай лайықты ат қойғанын, осы жер-су аттарының бәрі де дәл өлең жолдарындай әдемі де келісті екенін көреміз. Осынау үлкен тізімде адам қиялының қаншалықты ұшқыр, көзі мен көңілінің қаншалықты жіті екені айқын көрініп тұр. Бүгінгі көп оқыған адамдардың да үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін, тіпті, ресми жиналыс ашып талқыға салса да ойына келмейтін, тіліне оралмайтын сұлулық бейнесіндей нелер бір қызықты жер аттары барына қайран қаласың. Патша үкіметі Ресейден көшірілген орыс қара шекпенділеріне егіндік, шабындық шұрайлы жерлерді таңдап берген. Жазғы дала өртін көргендер біледі, қалың қауға шөпке түскен от лезде жанып кең аймақты жайпап кетеді. Дала өрті шөбі жоқ тақыр сортаң жерлерге жеткенде сөніп тоқтайды. Патша үкіметінің қазақ даласына шыққан комиссия өкілдері қазақтардың көшу және қоныс шекараларын анықтап берген. Қарағандының оңтүстігіне қарай Жезқазған, Ақтоғай, Шет, Ақадыр, Жаңаарқа аудандары жағында патша яғни Ресей империясының тұсында орнаған орыс селолары жоққа тән. Себебі, бұл аймақтың орман-тоғайсыз көбінде шөл болуы. Кешегі озбыр дәуірде осылайша қор болып, қазіргі Нұра кенті аталатын жерде болған үш қыстаудың адамдары «Бостай Қонған», «Торат» және «Тайтөбе» қыстауларын тастап басқа жерлерге көшуге мәжбүр болған. 1885 жылдан бастап патша әкімшілігінің тұрғысынан, 1890 жылдың басынан бастап қазақ даласын толық империяның патша ағзамның жері деп заң бойынша басыбайлы құлдықтан босатып шаруаларды қазақ даласына көшіре бастады.
1898 жылы Ресей империясының Ақмола уездінің генерал-майоры Н.Романовтың әмірімен, Киевка селосы пайда болды. Қазіргі аудан орталығының атауын осыдан 120 жыл бұрын патша әскерінің генерал-губернаторы бекіткені архивте сақталған. Ресей империясының 250 жылдық отаршылығы мен 70 жылдық кеңестік билік тұсында қазақ ұлты көптеген құнды дүниеден айрылып қалды. Кеңес одағы ыдыраудың арқасында тәуелсіз мемлекет екенімізді жариялағанмен дүбәрә дін шұбарланған тіліміз салт-дәстүрден айрылып, санадан сапасызданып, бастан ұлт ретінде бақ кетіп, қазақпын деп айтуға жасқанып интернационалистпіз деп “толерантность” десе тік тұратын совет ұлты болуға даяр шағымызда құдай тағала қолымызға егемендік туымызды ұстатты. «Елу жылда ел жаңа» деген қазақта түсінік бар. Кеңес одағының 50 жылдығында яғни 1970-1980 жылдары дін исламнан айырылып атеисттенген (құдайсыз) адам маймылдан тараған деген қоғам пайда болды. Ана тіліміз де дінімізбен бірге адыра қалды. Әкенің жазғанын баласы түсінбей, ата-немересімен орыс тілінде сөйлесу ұлттың толық мәңгүрттенуіне осы бір тарихи кеңістікте қазақ ұлтының жойылуының басы және шегіне жеткен мезгіл еді.
Егемендік алғалы 26 жыл өтсе де, неге облысымыздағы идеологиялық тұрғыдан ескірген аудан орталықтарының, елді мекендердің аттарын өзгертуге құлықсызбыз? Қазақ ұлтының мемлекетінде өмір сүріп жүргенімізді кейбір өз қандастарымыз да сенбей жүр, басқа ұлттарға кешіріммен қарауға болады. Облысымызда Осакаровка, Садовое, т.б. елді мекен атаулары мен облыс орталығы Қарағанды қаласында ешбір қисынға келмейтін жүздеген көше атаулары, құлдықтың таңбасы іспеттес. Мемлекеттік тілде аталуын тосып тұр. Ол атауларды мемлекеттік тілде сайратар азаматтар облыс орталығында жоқ емес, бар. Енді кімге жалтақтаймыз?!
Мысалы, Нұра ауданының орталығы Киевканың атын өзгертуге 26 жыл керек болды. Неге десеңіз, қазақ мемлекетінің бар екенін қабылдамайтындар қол жинап, қарсылық білдіріп әлекке түсті. Оны өзіміздің мәңгүрттенген қандастарымыз да қолдап, қолпаштағанын көзіміз көрді. Сол кездегі басшылар жалтақтады, бірақ сонда да өзгерттік. Ол үшін, жүрегінде ұлттық намысы жалындаған, ұлтжанды азаматтар керек болды. Біздің қоғамда бірнеше ғасыр бойы Ресейдің, қызыл империяның отары болып, ұлттық сананың әлсіреп, соның кесірінен ұлтымыздың тең жартысына жуығы ассимиляцияға ұшырап, өзінің ата салтын, ана тілінен ажырап, мәңгүрттеніп, қазір өз алдымызға тәуелсіз ел болсақ та бодандықтың құлдық психологиясынан арыла алмай, күйреген империяны аңсап жүрген де азаматтар баршылық.
Қазіргі уақытта елдің байсалды қалыпқа келуі өзінің тарихи санасының тереңіне бойлап, танымның талқысынан, уақыттың сынынан өткен жер-су атауларын ұлтымыздың келешек ұрпаққа аманат ету мойнымыздағы борыш. Елді мекендердің атауларын қалпына келтіруде тарихи жолдарға жүгіну де осы заңдылықты басшылыққа алу керек. Жергілікті атаулардың тарихи негіздемесі ел есінде сақталған және мұрағат қорларында бар.
Құлдық қылбұрауның төс белгісі, аудан орталығының Киевка атауын алып тастау, Нұра ауданының ұлт жанашырлары бастамасымен, аудан әкімдігінің қолдауымен бүгінгі күнге бұйырды. Кешегі рейхстагқа ту тіккен Рақымжандай, көк туымыздың тұғыры Нұра кенті үстінде желбіреткен батыл да, батыр ұлт мүддесін қорғайтын азаматтар ісіне мың алғыс.
Елбасының “Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру” атты мақаласы ұлттық рух пен ұлттық сананың нығайуына, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді мәдениетімізді өркендетуге үндейтін бағдарлама. Елбасымыз жаңғырған қоғамның өзінің тамыры, тарихын тереңнен бастау алатын рухани коды болды. Сол ұлттық кодты сақтай білу керек дейді. Ұлттық код дегеніміз не, ол қайда деген сұрақ туады? Ұлттық код ең алдымен тілде, дінімізде, дәстүр мен салтымызда, мінезімізді айқындайтын менталитетте. Ұзақ уақыт құлдықта болған халық, еліне деген құштарлықтан, отансүйгіштік пен имандылықтан айрылып, жалтақ көнгіш, тілалғыш жағымпаз болады. Мұндай ел кездейсоқ жағдайда тәуелсіздікке қол жеткізсе, ол еркіндікті де пайдалана алмайды деп айтқан бір ғұлама. Осы тұрғыда тәуелсіздік рухындағы ұрпақтың қалыптасып келе жатқанын ескеріп, өткен жылдарда кеткен қателіктерден сабақ алып, ұлттық мемлекеттік мүддеге қатысты мәселелерде батыл еркін, өткір болған дұрыс. Елімізді өркендетеміз деген мақсат қойсақ, ұлттық рухта ел азаматтарын тәрбиелеу мен қалыптастыру басты міндет.
Исай Әкбар қажы
Қайболда тегі.