Руханият

Киелі аспап иелерін тапты

Ұлттық домбыра күніне орай, Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қасиетті домбыра» акциясын осымен екінші рет ұйымдастырып отыр. Шара барысында қайырымгерлер Қарағанды қаласындағы Жаңа Майқұдық перзентханасы мен №4 облыстық орталық перзентханасында болып, 7 шілде күні туған сәбилерге қасиетті домбыра сыйлады.

Қос перзентханадағы жас босанған аналарды құттықтап, сәбилерге денсаулық тілеп, домбыра сыйлау рәсіміне іскер азамат, облыстық мәслихаттың депутаты Шамиль Осин мен Тарас Шевченко «Рідне слово» атындағы украин тілі қоғамының төрағасы Зеновия Красивская, көпбалалы ана, кәсіпкер Айнагүл Хамитова және облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Қуаныш Оралханұлы, жас аналардың қамқоршысы Алтын Каникар мен Литва этномәдени бірлестігінің басшысы Виталий Тварионас қатысты.

Майқұдық перзентхасында босанған жас ана Райхан Мырзаханованың бұл – екінші баласы. Үлкені – қыз. Қыздан кейін ұлды аңсап күткен жұбайлар ұлдың есімін – Аңсар деп қойыпты. Айтуларынша, баланың дені сау, бойы – 53 см, салмағы – 3,6 кг екен. Аңсар балақайдың әкесі Самат та сол сәтте гүл шоқтарын алып кіріп, келді. «Өмірдің бір қызығы – бала деген» деп Абай атамыз бекер айтпаған ғой сірә…

  • Ұлттық домбыра күніне орай, тосын сыйға ие болғаныма қуаныштымын. Толғақ өте сәтті болды. Перзентхана қызметкерлерінің жіті бақылауында болдым. Заманға сай жабдықталған ыңғайлы палатамен қамтамасыз етті, бәрі – жақсы. Домбыраны сақтап қойып, өскенде міндетті түрде үйретеміз. Ұйымдастырушыларға мың алғыс, – деп ағынан жарылды Райхан Мырзаханова.

Шақалақтарға сыйланған домбыра Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының логотипімен безендірілген. «Айналайын» атты тілек хаты тағы бар. Гүл шоқтары мен естелік сыйлықтарының жөні бір бөлек.

Осы күні ерекше сыйлық иесі атанған – Нұргүл Зікірина. Баласының есімі – Ибраһим. Дала кемеңгерінің есімін иемденген сәби – Нұргүлдің бесінші баласы. Ибраһимнің дүниеге келуімен құттықтап домбыра табысталған соң, студент, орыс ұлтының өкілі күйші Владимир Терновой күй ойнап, көпшіліктің жанын жадыратты.

Кәсіпкер Айнагүл Хамитованың айтуынша, көпбалалы аналарға Үкімет тарапынан көптеген көмектер көрсетілуде. «Жекеменшік балабақшаның иесі болғандықтан, жас ата-аналармен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. «Қасиетті домбыра» акциясы ұлттық құндылықтарды насихаттап, патриоттыққа тәрбиелеуде үлкен септігін тигізеді», – деді ол.

Бұл күні сондай-ақ, Жезқазған, Сәтбаев сияқты қалаларда да аталмыш акция жалғасын тапты.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button