Кие
Ана – әлемнің бесігін тербеткен құдіретті кие! Ана – саналы жаратылыстың қамал қорғаны. Бабалар жанға рух берсе, Аналар қанға қасиет дарытты. Әкенің миссиясы жаңа қабілет іздеу болса, анаға жүктелген міндет – оны сақтап, қызына дарыту. Себебі, ұлдың жаны да, тәні де болжамдық сипатқа ие. Ұлттың болмысы мен атаның тегі – ананың қаны мен жадында.
Ананың бойындағы тұрақтылық, риясыздық, мейірімділік қасиеттері – асыл. Ұлттың озуы да, тозуы да Ана қасиетіне байланысты. Бабалар «баланың жақсысы – нағашыдан» деп бекер айтпаса керек.
Қыз – Алаштың ғана емес, адамзаттың тұмары. Оларға артылған жүк – батпандай ауыр. Иса пайғамбар атасыз жаратылса да, анадан туды. Ана құдіретті емей не сонда?!
Ананы тәмам түріктің баласы басқалардан ерекше қадірлеген. Оған дәлел – тіл. Куәсі – тарих. Оның асыл қасиеті ер мен әйелді ешқашан екіге жарған емес. Бөрілі байрақ тербелген дәуірде қассақтың қалың қосынын Тәңірісі – көгінде, алмас қылыш – белінде, алтын орда төрінде Тұмар патша билеген. Пендеге басын имеген. Адал досқа тимеген. Суға салса батпаған, отқа салса күймеген. Сақ жатқан сансыз ел үшін, ата қоныс жер үшін, айбарлы елдің кегі үшін дұшпанға қан жұтқызып, кеудеден бөліп кәлласын ақ найзаға түйреген, қанжығаға бөктерген. Өйткені, жаратылған қыз еді өресі биік текті елден.
Жер-Ана толғатса, бетпақ дала гүлге оранады. От-Ана күйінсе, жаһанның көзі шоққа айналады. Ана – Құдайдан кейінгі ұлы күш.
Тіршіліктің бастауы – Ана. Ислам діні Алладан кейін анаға бас июді парыз еткен. Жаратқанға Талмуд арқылы тәу еткен еврейлер өз тектерін анадан таратады. Інжілге сүйенген христиандар Мәриямды Құдайдың ғана емес, тұтас қауымының анасы деп ұғады.
Алаш баласы ананы айрықша ардақ тұтқан. Тар құрсақты кеңейтіп, тас емшекті жібіткен, ұрпағының қамы үшін қара тасты үгіткен Айкүміс пен Ұлжан ана болмаса, Кенесарыдай дара да, Абайдай дана да тумас еді. Анаға перзент қайғысынан өткен қасірет жоқ. Оның жетістігінен артық бақыт жоқ. Ана жүрегіндегі махаббат – тұма бастаудың суындай тұнық, ниет – ақ қардай кіршіксіз таза, мейірім – күншуақтай жылы, тілек – шұғыладай нұрлы.
Міне, сондықтан Алланың бұйрығы да, ардың аманаты да Ананы аялауға шақырады!
Құрманғазы ӨТЕБАЙ