Киберқылмыс – көрінбейтін қауіп
«Қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан, құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі, алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде» деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде интернет-алаяқтықпен күрес күшейтіліп, қылмыскерлерге қарсы заңнамалық және технологиялық тосқауылдар қойыла бастады. Облыста да бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылуда.

Мыңнан астам адам алданды
Бүгінгі таңда интернет желісін, смартфонды немесе банк қосымшасын пайдаланбайтын адам кемде-кем. Бірақ, дәл осы цифрлық өмір салты киберқылмыскерлерге кең жол ашып отыр. Олар адамдардың аңғалдығын, қаржылық сауатсыздығын және сақтықтың жоқтығын пайдаланып, оңай жолмен пайда табуға шебер.
Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы алты айының өзінде облыс аумағында 1 307 азамат интернет-алаяқтардың құрбанына айналып, жалпы шығын 2,5 миллиард теңгеден астам соманы құраған. Бұл – полиция департаментінің тіркеген нақты деректері. Қарапайым тұрғыннан бастап, зейнеткерлер мен жас мамандарға дейін сан соғып қалуда. Бұл – тек ашылған істердің ресми есебі ғана екенін атап өткен жөн.
Қылмыстық істердің 464-і алаяқтардың өзін банк, полиция, пошта немесе емхана қызметкері ретінде таныстыруы арқылы жасалған. Олар елге телефон шалып, сенімділік ұялату үшін «Ұлттық банк», «1414», «Ұлттық қауіпсіздік комитеті» деген сынды мекемелердің атынан сөйлеп, азаматтарды бейнеқоңырау арқылы да алдап соғады. Тіпті, полицей немесе прокурор формасын киіп, арнайы операция өтіп жатқанын айтып сендіреді. Олардың басты құралы – SMS-код. Бір реттік кодты айтқан азаматтың атына алаяқтар несие рәсімдеп, бірнеше минут ішінде ақшаны басқа есепшотқа аударып үлгереді.
Ал, 213 жағдайда адамдар интернеттегі жалған инвестициялық платформаларға алданып қалған. Байқасақ, атаулары да сенім ұялататындай. Мәселен, «КазМунайГаз Инвест», «Kaspi Profit», «КазАтомПром Инвест» сынды. Олар апта сайын табыс әкелетін тиімді жоба ретінде ұсынылып, бастапқыда шағын пайда көрсетіп, кейін қомақты сомалар сұрату арқылы бар қаржыны жұтып кетеді. Құрбандардың ішінде өз қаражатынан 100 есе артық пайда көріп тұрғанына сеніп, қайта-қайта ақша құйып, бәрінен айырылып жатқандары да бар.
Жалған дүкендер мен сілтемелерге сенбеңіз!
Алаяқтықтың тағы бір түрі – елімізде кең таралған «OLX», «Kolesa», «krisha.kz» сияқты онлайн платформалар арқылы тауар сатамын деп арзан бағада ұсыныс жасаушылар. Тұрғындар алдын ала төлем жасап, ақырында не тауарды, не сатушыны таппай сан соғып қалып жатады.
Ал, соңғы кезде «WhatsApp», «Telegram» мессенджерінде жалған сілтемелер арқылы адамдардың аккаунты бұзылып, олардың атынан таныстарынан қарыз сұрау немесе алаяқтық ұсыныстар тарату фактілері жиілеген. WhatsApp Web-ке сырттан қосылып, пайдаланушылардың атынан толықтай әрекет ету мүмкіндігіне ие болған киберқылмыскерлер еш кедергісіз өз ойын қашықта отырып-ақ, жүзеге асырады.
Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі Дінмұхамед Ғалиұлының айтуынша, интернет-алаяқтардың құрбаны болу үшін қаржылық немесе цифрлық сауатсыз болу шарт емес.
– Киберқылмыскерлер адамның жасына, жынысы, тіпті, мансабына да қарамайды. Олар психологиялық манипуляция арқылы кез келген адамды алдап, өздеріне қажетті әрекеттерді жасатуға тырысады. Біз тергеу барысында ұстаздар, дәрігерлер, инженерлер, тіпті, IT-мамандардың да алаяқтардың арбауына түсіп қалғанына куә болдық. Себебі, алаяқтар нақты жоспармен жұмыс істейді. Мысалы, олар психологиялық қысым жасап, қауіп төнгендей жағдай қалыптастырады, адамды дүрліктіреді, сеніміне кіреді. Осындай сәтте адамдар логикамен емес, эмоциямен әрекет етеді, – дейді жедел уәкіл.
Дінмұхамед Ғалиұлының айтуынша, соңғы кезде жалдамалы SIM-бокс құрылғылары арқылы еліміз аумағында заңсыз қоңыраулар шалуға арналған 7 құрылғы анықталып, 5 күдікті ұсталған. Аталған құрылғылар трансұлттық ұйымдасқан топпен байланысты болғаны анықталып отыр.
Қылмысқа тосқауыл не?
Биыл 10 шілдеде Саран қаласында риелторлық агенттіктермен бірлескен шара кезінде үйін сатқалы жатқан зейнеткердің алаяқтар құрбаны болуына жол берілмеді. Ал, 22 шілде күні Теміртау қаласында полиция мен банк қызметкерлері бірігіп, 50 жастағы азаматтың 6 миллион теңгені алаяқтарға жіберіп қоюының алдын алды.
Сонымен қатар, Ұлттық банк енгізген «Анти-Фрод орталығы» алаяқтарға жіберіліп жатқан қаражаттың бір бөлігін бұғаттап, жәбірленушілерге қайтаруға мүмкіндік беруде. Қазіргі уақытта бұл жүйе кеңінен қолданылып келеді.
Киберқылмыстың алдын алу мақсатында полиция департаменті тарапынан сауда үйлерінде, халық көп шоғырланатын орындарда және әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Мектептер мен мекемелерде кездесулер, еріктілермен бірге акциялар ұйымдастырылуда. Бұдан бөлек, Қазақстан республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы бойынша банк картасын бөтен адамға пайдалануға берген («дропер») азаматтар да енді қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қауіпсіздік өз қолыңызда
Тұрғындар интернет-алаяқтардың қақпанына түспеу үшін бірқатар маңызды әрі қарапайым қағидаттарды ұстанғаны жөн.
Атап айтсақ, телефон арқылы келген SMS-кодты ешкімге айтпаңыз, тіпті, полиция мен банк қызметкерімін десе де. Құқық қорғау органдары бейнебайланыс арқылы арнайы операция жүргізбейді. Бейтаныс сілтемелерге өтпеңіз, ештеңеге тіркелмеңіз, арзан тауар – сапалы сауданың емес, алдаудың белгісі.
Алдын ала төлем жасаудан бас тартыңыз. «Kaspi Profit», «КазМунайГаз Инвест», «КазАтомПром Инвест» сынды компаниялар тіркелмеген, яғни, алаяқтық платформалар.
Қаржылық сауатыңыз, я, криптовалюта бойынша біліміңіз болмаса – инвестиция жасамаңыз. Жақыныңыз, танысыңыз мессенджер арқылы ақша сұраса, тікелей хабарласып, өзі екеніне көз жеткізіңіз.
Қала тұрғыны Төкіш Серікұлы алаяқтардан әріптесінің қырағылығының арқасында аман қалғанын айтады.
– Жұмыс уақыты болатын. Түскі мезгіл еді, әріптестермен тапсырмаларды пысықтап, нағыз жұмыс қызып жатқан уақыт. Кенет телефоныма бейтаныс нөмірден қоңырау түсті. Әлгі адам өзін байланыс операторының қызметкерімін деп таныстырып, «нөміріңіздің жарамдылық мерзімі аяқталғалы жатыр, оны ұзарту керек» деді. Кенет телефон нөміріме төрт таңбалы SMS-код келді. Әлгі адам сол кодты айтуымды сұрады. Шыны керек, жұмыстың қарқынымен, әңгіме арасында аңдаусызда кодты айтып қоя жаздадым. Сол сәтте қасымдағы әріптесім не болып жатқанын сұрап, күмәнданды да, бірден араласып, мені тоқтатты. Кейін барып, алаяқтардың құрбаны бола жаздағанымды ұқтым, – дейді ол.
Демек, алаяқтар адамның назары бөлініп, жұмыспен әлек боп отырған сәттерін сәтті пайдалануды жетік меңгерген. Дауысы да сенімді, сөзі де нақты, еш күмән тудырмайды. Бір қарағанда қарапайым қызметтік қоңырау сияқты. Бірақ, бір сәттік бейқамдықтың соңы үлкен өкінішке ұласуы мүмкін. Сондықтан, қасыңда үнемі ескерту жасап, құтқарып қалатын әріптесің немесе досыңның бола бермейтінін ұмытпаған жөн…
Шетел тәжірибесіне үңілсек
Цифрлы қауіпке қарсы күресте көптеген елдер арнайы құрылымдар мен заңнамалық тетіктерді енгізуде. Мәселен, АҚШ-та киберқылмыспен күрес FBI жанындағы Cyber Division бөлімшесіне жүктелген. Онда интернет-алаяқтық, дербес деректердің ұрлануы, фишинг және несие алаяқтығы бағыттары бойынша арнайы топтар жұмыс істейді. Сонымен қатар, азаматтар Internet Crime Complaint Center жүйесі арқылы онлайн шағым бере алады.
Ұлыбританияда киберқылмыспен күрес National Cyber Security Centre (NCSC) арқылы жүзеге асады. Олар халыққа арналған «Suspicious Email Reporting Service» жүйесін іске қосқан. Онда күмәнді хаттар мен сілтемелерді арнайы мекенжайға жіберу арқылы тексеруге болады.
Әлемдегі дамыған елдердің бірі Сингапурда 2021 жылдан бастап, кибершабуылдар үшін қатаң заңдар қабылданған. Сонымен қатар, мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлері міндетті түрде киберқауіпсіздік бойынша оқудан өтетінін атап айту керек
Ал, Германия елі интернет- алаяқтықпен күресте «Digital Police» жүйесін дамытып, әлеуметтік желілерде белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мұнда арнайы чат-боттар арқылы да фишинг әрекеттерін тануға көмектесетін жүйелер іске қосылған.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»