«Кеудем менің күркіреген көк аспан…»
Туған жер
Бабадан кеше қалған жер,
Балаға бүгін арман жер.
Алланың нұры тамған жер,
Талайдың шөлі қанған жер.
Кеншоқының Нұрасы,
Жықпылы – жыр, ән – ажырасы.
Амандығын ауылымның,
Тәңірден елім сұрашы.
Керегетасым – кербезім,
Қоралас – құдірет жерде өзің.
Түйетас – түйген тарихым,
Елімді жырла енді өзің.
Нұраның бойы нұр тұнған,
Нұрлан жомарттай ұл туған.
Қызыл шоқы қыздай қылықты,
Қабақтуғанда жыр туған.
Жамырай қаштық қалаға,
Шал-шауқан ғана далада.
Шежіресі қалды Нұраның,
Ауылға жақын молада…
***
Әкем – Күн, Анам Аспаным
Алып Жер – шыққан Асқарым
Отыздың оты Жалындап,
Отсызды оңай жасқадым.
Жалаң қылыш жастайын,
Жартылай жазған дастаным.
Артымда қалды отыз күн,
Асығын иіріп басқаның.
Болдыра қоймаспын, бойдан ұқ,
Мұратым мығым ойда анық.
«Жаһанды жаңадан ашса ғой»,
…Отырмын соны ойланып.
Болмайды жігер құр қызған,
Сыр сұрап жазам жұлдыздан.
О, менің, арқар тағдырым,
Құлата көрме бір құздан!**
Күзгі ой
Ал енді бал аш,
Сары шашты ағаш,
Сағыныш құшағын жаяды.
Жазыңда жарас,
Сағатпен санас,
Сары қыз саған таяды.
Табиғат – бала,
Тағдырын қара,
Ажары тайған ақ маңдай,
Салп етек дала
Сағынған ана,
Сары уайымға батқандай.
Қарадым қайран,
Қанатын жайған
Қаздарға қайтқан тізіліп.
Наз кетті ойдан
Жаз кетті, сайран,
Қыз ғұмыр – жіптей үзіліп.
Қыста арман-гүлім,
Қысқарды бүгін
Жаз жайлы жазған өлеңім,
Құштарлық үнім,
Құстардың тілін
Жаттап үлгерген жоқ едім.
Аспанда – бұлт,
Астында – жұрт,
Асықтай жатқан бүгінен.
Қашқандай қыстан
Жапырақ ұшқан,
Уілдек жел түнімен.
Түңілуге өмірімнен ерте тым,
Тыңда, достым, сырларым көп шертетін.
Бір адамның отын қажет етемін,
Көңілімнің қатқан мұзын ерітетін.
Аюлы-ақсу
«Есіктің алды қу тақыр,
Қу тақырда мал жатыр…»
(Бала кезде естіген өлең)
Ауылдың маңы қу тақыр,
Қу тақырда көп шатыр.
Құл тағдыры қуырған,
Қу далаға ел жатыр.
Тауымның таңы бұрынғы,
Ауылдың маңы бүлінді
Қасқыр мінезді ұлдарың,
Қайдағы жоққа ұрынды.
Қаймағы қайда сүтіңнің,
Жартысы қайда бүтіннің.
Қадірің ғажап еді ғой,
Кімдерге беріп, бітірдің?!
Тойдырдың талай құлқынды,
Қомағай құлқын жұтынды.
Тайғанай берді-ау тағдырың,
Қондыра алмай құтыңды.
Көкірек-ойы қу соқыр,
Отырған жері қу тақыр.
Қулықтан құрып барады,
Қураған елге су татыр.
Кеберсіп, кеуіп тамағы,
Қабағы семіп қарады.
Арыған Анам – Аюлы,
Ақсақал – Ақсу жаралы.
Қарағанды.
Қажыған жер…
Орнатып жатқанда біз кіл жаңаны,
Бір жаңамен жүреді бір жаманы.
Қалқиып ғасырымның мұржалары,
Миуалы мекенімді мылжалады.
Қасиет шыққаннан соң қара тастан,
Тағдырын тау-тасымның, ала қашқан.
Алаңсыз аймағымды айқай басып,
Аласұрған тірлікпен араласқан.
Айдатып жіберді де айбарлы ұлды,
Сұңғыла сұмпайы ойын байлам қылды.
Манаураған мамыражай маңайымның,
Тірлігін түрмесіне айналдырды.
Берекесіз билігін ұстап бәрі,
Содан бері біткен жоқ қыспақтары,
«Қарабайлар» қажытқан қара жердің,
Қап-қара боп жатады қыста ақ қары.
Өмір
Үтірі көп қойылған,
Құрмалас сөйлем бұл өмір.
Ирелеңдеп тойынған,
Ұзын жылан – сұр өмір!
Түсінгенге алдында
Күрес тілеп тұр өмір.
Ескермеген малғұнға
Базары бай құр өмір.
Тістілерді кемірткен
Тышқан тірлік бұл өмір.
Күштілерді семірткен,
Арпа, бидай, сұлы өмір.
Аспанға ауыз аштырған,
Арман өмір – нұр өмір.
Аяқты шалыс бастырған,
Налыған көңіл, тұл өмір.
Аңдамасаң ағайын,
Үзілем – деп тұр қыл өмір.
Алдамасаң алайын,
Берші маған тірі өмір.
Бабалар айтқан баяғы,
Жалған өмір кіл өмір.
Нүктесіз біткен аяғы,
Қалған көңіл, кір өмір.
Үтірі көп қойылған,
Құрмалас сөйлем бұл өмір.
Түсін мейлі, түсінбе,
Әйтеуір бізге бір өмір.
Қаршадай қыз
Қаршадай қыз, қайда сенің пәктігің?!
Жас тәніңе қара күйе жақты кім.
Іздеп жүріп көңіліңнің шаттығын,
Жоғалттың ба жүрегіңнің, ақтығын?!
Қаршадай қыз қасиетті қызғалдақ,
Сияқтысың бұл күндері бұзған бақ.
Құдіреттің құралайы сен едің,
Құлан тағдыр құлатты ма құзға алдап!
***
Тостақан кезді толтырып,
тонған жүрек, жас арман.
Тобық тастап ойнаған,
ғұмыр қалай жасалған.
Үлкен үйде үмітің,
күт, есігі ашылар.
Өрекпіген жүрегің,
өрт сөнгендей басылар.
Жаратқан иең жасаған,
тағдырыңнан аса алмай.
Көнесің де қоясың,
жанарыңа жас алмай.
Мандайыңда жазылған,
мықты жазу бар екен,
Өкіңесің өмір, – деп,
өксігіңді баса алмай…
М.Әуезовке
Кең даламның киелі киіктері,
Қадірлі ұлың, қазір де сүйіпті елі.
Тарихтың тарауына көз жіберсең,
Мен мұндалап тұратын «биіктері».
Көтерсін, – деп береді жүкті нарға,
Ұстазсың сен кейінгі мықтыларға.
Шыңғыстарды шығарып биіктерге,
Расулдарды қараттың, Мұхтар аға.
Таңдай білген талғамның тазалығын,
Қарапайым ұлысың қазағымның,
«Абай жолын» үлгі етіп, ұрпағыңа,
Арқалапсың еліңнің нала-мұңын.
Елжіресе, ел саған елжіресін,
Қазақтың жүрегінде сен жүресің,
Қолыңа қалам алған қаламгердің,
Түсіне ең бірінші сен кіресің.
***
Аң ізіндей ай қын сонардың,
Махаббат та қан болар мың.
Бекежан, Дантэс бұғып жатпасын,
Қарайын маның қос обалардың.
Қодарлар көп қой қорлаған ерін,
Қозыларымды қолдаған едім.
Маңдайы шодыр ма құлық тардан,
Махаббат сені қорғаған едім!
Шығып кетем бір күні
Құлға құдай – бұл ие де,
Үмбеті мен көне бердім.
Өзін алдар дүниеге,
Өзімше боп неге келдім?!
Абыройсыз ірілікті,
Айтып кетуге хақым бар,
Көлеңкедегі тірлікті,
Көретін көз – ақындар!
Жеткен жерім, жиіркенішті,
Айниды жүрек амалсыз.
Ал, анаған бәрі келісті,
Маған дүние жамалсыз –
Құдай емен өзіме өзім,
Ел қатарлы сүйретілем.
Ұқсамайды өзіме ізім,
Сөзбен салған сурет ілем.
Өлең шіркін, бір күйі кем,
Тылсым сырды ашуға нық.
Қайда барам, бұл дүниеден,
Шығып кетсем ашуланып?
Отан аман болсыншы
«Ойнақтасын алдында ботам-балам» –
Осы оймен өткенді атам-бабам.
Орындалып арманы аналардың,
Отан аман болсыншы, Отан аман!
Отансыз ойың алаң, қараң күнің,
Ұлысың ұсынады саған гүлін.
Сен де, мен де, тілесін ол да бүгін,
Осынау Отанымның амандығын!
Дала үшін бабам өткен ат жалында,
Бала үшін анам күйген от, жалынға.
Атам, көкем қорғаған Атамекен,
Кетпесін деп кектескеп жат қолында.
Киелі Отан, басталады бесіктерден,
Ғұлама даналарым өсіпті елден.
Болашағын ойлаған батырларым,
Отан үшін бастарын кесіп берген!
Азапты күн өзіңмен бір көрем мен,
Қазақтығың жоғалса бірге өлем мен.
Ардақты Атамекен – Отанымды,
Е, Құдайым сақтай көр дүрбелеңнен!
Сағат
Тық-тық етіп, тықылдап,
Уақыт ұры жұтынбақ.
Зілдей ауыр үндері,
Қорқытады құтыңды ап.
Уақыттың жалшысы, –
Сағат күннің қамшысы.
Тық-тық етіп тамып тұр,
Ғұмырымның тамшысы.
Сары уайым күнде есте,
Сағат санап күн кешпе.
Білімді жанға бір кештік,
Бітпейді өмір білмеске.
Бір бұлқынам, бір тынам,
Пенделер мәз, ұрты нан.
Терезесін қағып тұр,
Ұлы уақыт!
Сағатымның сыртынан.
Бір келем
Мына дүние Оңбағанның қорасы.
Аспан мен жер Бір өмірдің арасы.
Өзім түгілі, түсіндіре алмай сөзімді
Кетіп барам мен де міне, қарашы?!
Кеткім келер, өмірді қалай қиярмын,
Жетегінде қалып қойдым қиялдың.
Жердің үсті жетіспей тұр тарылып,
Аспап асты кең дейді ғой, сиярмын!
Мен де бір күн топырағымды бүркенем
Дәл өзіңдей сайқалдардан үркер ем.
Адамзатқа бір-ақ өмір сыйлайды,
Әділетсіз әлемінен жиіркенем!
Р.S. Мен сенімен сұңғыла сұхбат жасауға,
Аруақ болып, содан кейін бір келем!
***
Еске түсіп, бір істен соң, бір ісің,
Ауырлатты-ау жүрегімнің дыбысын.
Өзің жайлы ойлауменен о, тоба,
Қайта-қайта тарылады тынысым.
Өмір шіркін, сен боп менен өш алдың,
Таңданамын, неткен нәзік, осалмын.
Сезімімді сенен қалған, жаралы,
Қайтқан құстың қиқуына қосармын.
Жүрегімнің түбінде жүр асыл тас,
Айдын көңілім, аққу сырын жасырмас.
Кеудем менің күркіреген көк аспан,
Жанарымнан жаңбыр жаумай ашылмас…
1996
* * *
Көлеңкелеп көп жүргендей көк есек,
Екеуіміздің сыртымызда көп өсек.
Құлын-ғұмыр, құрық-мыстан аңдыған,
Не боламыз соның бәрін елесек!
Елдің сөзі қуат беред(і), дес беред(і),
Тым еркелеу мінезімді сес көред(і),
Артымыздан сөз қылғаны жақсылық,
Екеуімізді елемесе не істер ек?!
Үш балам – үш талым
Таласа кеп тағдырыма мелшиген,
Тамырымнан бұтақ ектім жеміс иген.
Балаларым сендер менің бақытым,
Құдай сүйген үшеуіңді, мен сүйгем.
Балаларым – барым менің, жалғасым,
Қызыр болсын қиындықта жолдасың.
Екі гүлім ешқашанда солмасын,
Ақ тұйғыным – қос қанатын қомдасын.
Әлі аңқиды, сез жөргектің иісін,
Жаралғандар көңілімнің күйі үшін.
Мына өмірдің тақтасында мың ойын,
Тек үшеуің жеңіп шығар биісің!
Үшеуіңнен үш жүзіме жұрағат,
Тарасыншы, мына менен мұра қап.
Келген құстың керуенінен ой тізіп,
Аспаныма қараймын мен тұра қап!
Үш бүршігім, үш бұтағым, үш талым,
Үшеуіңнен үш құдірет құшқаным.
Үмітімді елес етіп көремін,
Үш талымнан үш топ құстың ұшқанын!
Талантты надан
Аспан асты Адамдықтан кенде ме?!
Надандыққа қонбайды екен ем неге?!
Адамдықтан жұрдай мына пендеңе,
Асқан талант бердің, Алла, сен неге?!
Көкейіңді мазалайды көп сұрақ,
Бұл Фәниден ар-ожданды өт сұрап.
Мұсылмандар жайыңдаршы алақан: –
Уа, Адамдық, аман болшы деп сұрап!
Жақсылықты жаратқаннан көп тіле,
Адам менен надан дос боп өтті де.
Балаңызға залым ұстаз болмасын;
Зұлымдықтар оқымасын деп тіле.
Екі көзім енді нені көресің?!
Ертегі өмір ертең кімді көмесің?!
Адамдықты арамшөптен тазартып,
Екі қолым еңбек етіп келесің!
Дәулет ЫРЫСБАЙҰЛЫ.