Кетеуі кеткен кент
«Қарашаңырақ» деп Қарсақбайды қалай қастерлесек, Жездiге тағдырдың маңдайға жазған «тарихи тәбәрiгi» деп қарау керек. Олай әспеттеудiң астарында қандай сыр жатқанын жұртшылық біледi, алайда, айта берген артық емес. Себебi, сананың саңылауын шаң басып, Жездi жайлы жадымыз жадағайланып бара жатыр. Әрi кеткенде «Бiр кезде дүркіреген аудан орталығы болған» деген дабырадан арыға аспаймыз…
Оқ өтпейтін болат сауыт жасауға жұмсалатын шикізат өндiретiн кенiштер жау қолында қалып, қиын-қыстау күн туған күрделi кезең – 1942 жылы 38 күнде марганец кенiшiн қатарға қосқан жездiлiктер тәуелсiздiкке қол жеткенде тағдыр тәлкегiне ұшырады. 1944 жылы «Жұмысшы қалашығы» мәртебесiн иеленген Жездi тоқсаныншы жылдары тоқыраудың топанына тұншықты.
Міне, жаңа ғасырдың да 20 жылын «жеп» қойдық. Ал, Ұлытау ауданына қарасты Жездіде басқасын былай қойғанда, арманға айналған сапалы ауызсу мен жел шайқаса жалп етіп сөнетін жарықтың «жыры» қашан бітетіні белгісіз?! Қысқасы, кезінде ел қорғауға өлшеусiз үлес қосқан кентті «ел аман, жұрт тынышта» жау шауып кеткендей…
Жүдеген Жезді, жабырқаған жамиғат
Одақта өндiрiлген марганецтiң оннан тоғыз бөлігінен астамы үлесiне тиетiн Никополь (Украина) мен Чиатура (Кавказ) кен орнын соғыс басталған жылы тамызда-ақ қолға түсiрген Гитлер: «Танктiң болат қалқанын құюға, ұшақ пен корабльдiң корпусын жасауға қосатын шикiзаттың тапшылығын тартқан Кеңес өкiметiнiң күнi қараң, көпке бармайды» деп, қырғауылдың қоразындай қоқиланыпты. Артынша Жездi жайлы естiгенде «жынданып» кете жаздапты, оны қалайда құртуға бұйрық берiптi. Кейiнгi кезде «Диверсанттар қырық екiншi жылы Қызылжарда ұсталыпты» деген әңгiме шығып жүр…
Соғыстан соң марганец кенi 1956 жылға дейiн Орал зауыттарына жiберiлiп тұрды. Сосын оған сұраныс азайды. Жергiлiктi мамандардан айырылып қалмау қамымен Жездi марганец кен басқармасы «Главруда» қарамағына өтiп, 1965 жылға дейiн мемлекеттiк қорға қажеттi көлемде ғана кен өндiрді. Сол жылы байыту фабрикасының қатарға қосылуы құрамы металға кедей құнарсыз кендi барынша байытуға мүмкiндiк тудырды. Жеткiлiктi көлемде шикiзатпен жабдықтау мақсатында қосымша карьер қатарға қосылды.
Ол кезде Жездi марганец кен басқармасы Қара металлургия министрлiгiне қарайтын. 1970 жылы «Союзрудаға» бағынышты свердловскiлiк «Уралрудаға» берiлдi. Кейiн қоғамдағы өзгерiстерге байланысты Жәйрем кен-байыту комбинатының құрамына кірді. Бірақ, елде марганец кенiне сұраныс сұйылып кетті, Одақ ыдырағаннан кейiн бұрынғы тұтынушылармен байланыс үзiлдi. Ал, кенiштi қолына алып, жұмысын жүргiзiп, көсегесiн көгерте қоятындай кәсiпкер немесе басқадай бизнес иесi шыға қоймады.
1995 жылы «Қазмарганец» АҚ банкрот болып, байыту фабрикасы қаңтарылды. 1997 жылы мамырда аудан тараған соң орталығындағы тұрғындардың тоз-тозы шықты. Жездiде жерүйдi қоспағанда 53 көпқабатты тұрғын үй болды. Соның 70 пәтерлiк 5 қабатты 1-уi, 32 пәтерлiк 4 қабатты 2-уi, 2 қабатты бiрнешеуi, ұзын-ырғасы 15 шақтысы бей-берекет бұзылды. Сонымен қатар, 3 қабатты орта мектеп, 2 қабатты жаңа балабақша, 2 қабатты тубдиспансер, тағы басқа бірқатар ғимарат қиратылып, материалы «ұстағанның қолында, тiстегеннiң ауызында» кеттi, опырайған орнында қоқыс қана қалды.
Қазiр кетеуі кеткен кентте бiр кездегi халықтың бестен бiр бөлiгiне жетер-жетпес қана адам тұрады, нақтысы – 2 204. Осының мыңға жуығы экономикалық белсенді бөлігі болып табылады. Бүгiнде оларды ойландыратын да, толғандыратын да мәселе жеткiлiктi. «Үмiтсiз – шайтан» дегендей, ауданнан – 75, облыс орталығынан 600 шақырым қашықтықта жатқан жездiлiктер үмiтiн үзбей отыр.
Сонау қырқыншы жылдардан қазiргi уақытқа дейiн барланып, бекiтiлген кен қорының жартысынан сәл астамы ғана алынған. Жер астындағы байлық әлi жетерлiк. Бұрынғы №5 шахтада алынбай қалған кен қоры бар, «Орталық» шахтасы ортайып та үлгермеген. Бiр бүйiрде «Балбырауын», көкжиекте көлденеңдеп «Керегетас» кен орындары жатыр. Оларға түрен де түспеген…
Береке таппаған бағдарламалар
Бүгінде елдің әлеуметтік әлеуетін арттыруға, тұралаған тұрмысын тұғырландыруға, аймақты абаттандыруға, тағы басқа шырайлы шараға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Оны жүйелі жүзеге асырып, игілігін көріп отырған жұртшылық та жеткілікті. Былтыр Жезді кентінде де бірқатар бағдарлама қолға алынды. Бірақ, береке таппаған бағдарламалар өкінішке ұрындырып, бөлінген қыруар қаржы игерілмей қалды, жыл соңында басым бөлігі бюджетке қайтарылды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында орташа жөндеу жұмысы басталғанда көп жылдан бері жезділіктердің жүйкесін жүндей түткен автокөлік жолы мәселесін шешуге бірегей бетбұрыс жасалғандай көрінген. Обалы не керек, Абай мен Құттыбаев көшелері бойына сапалы асфальт төсеп, жұмысын кестеге сай тамыздың алғашқы аптасында аяқтаған «Дорстрой материал LTD» ЖШС 34 612 615 теңге қаражат игерді. Қожабай ақын көшесінде өз міндетін мінсіз атқарған «Құрылысшы ДК» ЖШС де шіліңгір шілдеде тиесілі 13 987 мың теңгені шытырлатып санап алды.
Есесіне «Құсайн жолы» ЖШС «сау басқа – сақина» болып жабысты. Ол Байытушылар көшесінде – 1,8 (65 968 000 теңге), Ақмолда батыр көшесінде – 1 (32 480 000 теңге), кентке кіреберістен Живов көшесінің жартысы мен Кеншілер көшесінен кенттің шығаберісіне дейін 4 шақырым (70 672 000 теңге) жолға орташа жөндеу жүргізуі керек еді. Амал не, бұл мердігер белгіленген тапсырманы жарым-жартылай орындап, жұмыстың сапасына мән бермей, қыруар қаржының құн-жынын шығарды. Ақыры келісім-шартты бұзуға тура келді. Жергілікті билік үш рет облыстық мамандандырылған экономикалық соттың төрелігіне жүгінді, алайда, төтенше жағдайға байланысты талап-арыз қаралмай қалды.
Былтыр Құтымбетов көшесінің бойындағы Кенесары хан алаңына ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына енген жобаны жүзеге асыруды тендер жеңімпазы «СМК Промстрой» ЖШС мойнына алды. Келісім-шартқа сәйкес ол республикалық бюджеттен бөлінген 22 400 000 теңге қаражатты игеріп, нысанды 31 тамызда тапсыруы тиіс еді. Бірақ, адам күші жетіспеді. Жұмыспен қамту орталығы жіберген 4 адам мардымды шаруа тындырмады. Ақыры мердігер жұмысты толық аяқтамай, тастап кетті. Кент әкімдігі облыстық мамандандырылған экономикалық сотқа шағымданды. Таяуда тағы байқау жарияланды.
Өткен жылы тұсауы кесілген ауқымды жоба – 160 орындық спорт-сауықтыру кешені. Оның құны – 396717,1 мың теңге. Байқауда бағы жанған мердігер – «Карагандастройконструкция» ЖШС. Бірден айтайық, былтыр бұл нысанда мардымды жұмыс атқарылған жоқ, оның әртүрлі себеп-салдары бар. Негізгі ғимараттың, қазандықтың, көмір және күл қоймасының іргетасы қаланды. Қарағандыдағы «Имсталькон» АҚ темір құрылғылары зауытынан әкімшілік ғимаратының қаңқасын көтеруге арналған металл конструкциялар әкелінді. Игерілген қаржы көлемі – 86 259,4 мың теңге.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына енген нысанның пайдалануға берілетін мерзімі – 2021 жылғы желтоқсан. Биыл облыстық бюджеттен – 248 145,0 мың, жергілікті бюджеттен 77 458,0 мың теңге бөлінді. Тек жылдың құрылысқа қолайлы кезеңі өтіп бара жатқаны алаңдатады. Ала жаздай алаңсыз жатқан құрылыс алаңына тамызға он күн қалғанда 4 құрылысшының табаны тиді. Құрылыс-монтаж жұмысымен айналысатын негізгі күштің әзірге қарасы көрінбейді…
Әлібек ӘБДІРАШ.