«Мұхтар Әуезов түсіме кірді»
Өнер – кез келген адамға қона бермейтін бақ. Бірі сырлы сөзбен ой өрнектесе, бірі күймен көкейіндегісін күмбірлетеді. Ал, Бұқар жырау ауданы Үштөбе тірек мектебінің еңбек пәнінің ұстазы Берік Қарашолақов қылқаламнан бастап, бүгінде инеге иек артып, Алаш арыстарының кескінін тоқыма өнерімен кестелеп жүр. Жылдар бойы жинаған тәжірибесімен өнердің өзгеше өрнегін қалыптастыруда. Біз Берік Амантайұлымен жүздесіп, өнердің қыр-сыры мен ұлтқа деген сүйіспеншілігі жайында аз-кем сұхбат құрған едік.

– Берік Амантайұлы, әңгіменің әлқиссасын бейнелеу өнеріне деген құштарлығыңыздан бастасақ…
– Мен сыршыл Сәкен туған киелі Өспен топырағында аунап-өстім. Бала күнімнен сурет салуға құмар болдым. Әкем Амантайдың негізгі мамандығы – құрылысшы болса да, ара-тұра қолына қылқаламды да алатын. Мен де сурет салуға әкеме қарап, әуес болдым. Кейіннен әуестігім, осы бейнелеу бағытына жетеледі. Мектептен түлеп ұшып, бастапқыда Жезқазған пединститутында білім алдым. Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң білімімді қарашаңырақ Қарағанды мемлекеттік университетінде жетілдірдім. Дипломдық жұмысымның тақырыбы – кескіндеме болды. Кәсіби біліктілік осы жұмыстан бастау алды десем, артық болмас. Содан бері ұстаздық жолына түсіп, мектепте қызмет етіп келемін.
– Гобеленді дамытуда өзіндік қолтаңбаңыз қалыптасқанын білеміз…
– Иә, жіппен кестеленген суретті «гобелен» дейді. Бұл бағытта жұмыс істеп жүргеніме алты-жеті жыл шамасы болды. Жылқы мінезді қазақпыз ғой. Әуелі жылқы бейнесін кестелеп көрдім. Одан соң өз автопортретімді салдым. Екеуі де көңілімнен шықты. Кейін тұлғалардың портретін бейнелеуге көштім. Әуелі сері Сәкенді кестеледім. Жаман шықпаған секілді. Абайдан аттап, ешқайда бармайтынымды түсіндім де, Абайды бедерледім. Біртіндеп қол жаттыққан соң Шәкәрімді, одан соң Алаш арыстарын бейнелей бастадым.
– Әдетте бір портретті кестелеуге қанша уақытты сарп етесіз?
– Қазір дағды қалыптасты. Жобамен алсақ, бір портретті кестелеп шығуға бір айдай уақыт кетеді. Алдымен, қағазға портретті шығарып аламын, содан кейін барып жіппен өрнектеуге кірісемін. Мұнда жіптің сапасы зор мәнге ие. Көбіне «ирис» деп аталатын жіпті қолданамын. Себебі, оның түсі қанық, талшығы берік. Тұлғаның бет-бейнесіндегі әр реңкке баса ден қоямын. Кейде шоғырланып түскен тігіс көлеңкені берсе, енді бірде сиректеу тігілгені ашық бояуды береді. Яғни, жіптің құрылымы бейненің әсерлі шығуына елеулі ықпал етеді.
– Байқасақ, портреттердің басым бөлігі – ұлт қайраткерлері. Оларды кестелегенде алдымен тұлға жайлы ізденетін боларсыз?
– Әр кестелеген портрет, шынында ыждаһаттылықты талап етеді. Алдымен, тұлғаның өмір жолымен, қоғамдық-саяси қызметімен мұқият танысамын. Барынша сол дәуірдің тынысын сезінгім келеді. Тұлғалардың автопортреттерінің қайсысын алып қарасақ та, әрқайсының мысы – басым, сұсы – сескенерлік. Айбарлы, рухты мінез байқалады. Сол қалыпты бұзбауға тырысамын. Әлихан бастаған Алаш ардақтыларының әрбірі – бөлек, кесек тұлғалар. Олардың халыққа еткен еңбегін айтып, тауыса алмайсың. Сол себепті де, шама-шарқым жеткенше оларды осы бағыт арқылы ұлықтап, өскелең ұрпаққа ұлағатын ұқтырсам деймін.
Шынында, әр бейнені кестелеуде ішкі бір түйсіктің жетелейтін кездері де бар. Мысалы, Мұхтар Әуезовті кестелер алдында Мұхаң түсіме енді. Үйіме келіпті. Бұрыннан таныс адамдар секілді етене әңгімелесіп, шүйіркелесіппіз. Содан ертеңінде абдырап қалсам керек. Бірден Мұхтардың портретін кестелеуге кірістім. Құдіреттің күші шығар. Жұмысым да жылдам жүріп, аз уақыт ішінде ойдағыдай аяқтап шықтым. Осындай да тылсым дүниелердің болатыны жасырын емес.
– Төл туындыларыңыз көрмелерде көпшілікке ұсынылып жүр. Ал, еңбегіңізді сатылымға қоюға, тапсырысқа қалай қарайсыз?
– Мен үшін ең абыройлы марапат – халықтың көлдей көңілі. Еңбекпен еккен дән өз өнімін берген секілді, өнерімді өрелі жұрт бағалап жатса, соның өзі маған шабыт береді. Ағайынның қолдауымен, биліктің мұрындық болуымен осы уақытқа дейін де бірталай көрме ұйымдастырдым. Сәтін салса, алдағы уақытта да тоқтап қалмаспыз.
Ал, енді сатылымға келсек, кейде мерейтойларға арнайы тапсырыс түсіп жатады, портреттерімді қалап алғысы келетіндер болады. Оған да оң көзқараспен қараймын. Еңбектің бағаланғаны дұрыс. Кей сәттерде туындыларымды сыйлық ретінде табыстап кетемін. Менің мұратым да әуел бастан сол – еңбегімнің еш кетпегені, халыққа рухани азық сыйлау, құндылықтар қамбасына өз қазынамды қосу.
– Соңғы портреттеріңіз алдыңғыларға қарағанда өзгешелеу. Айырмашылық неде?
– Мұхтар Мағауиннің портретінің өзге тұлғалардыкінен айырмашылығы неде? Аңдап қарасақ, бұл туындыда жазушы барынша батыс стиліне сәйкес келеді. Көк түсті джинсы киімінің өзі де жайдан-жай емес. Оның себебі де бар. Соңғы жылдарын елден жырақта, өзге құрлықта өткізді. Еркіндік, бостандық деген символдарды осы арқылы беруге тырыстым.
Ал, соңғы салған Ілияс Есенберлиннің туындысына келсек, бұнда мен жіптің түрлі-түстісін тізбектей отырып, бояудың барынша қанық болуына мән бердім. Әдіс-тәсіл жағынан да, басқаша қадам жасап көргім келді.
– Шәкірттеріңіз бар ма? Өскелең ұрпаққа қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Иә, ұстаздық жолда қолөнерге, бейнелеуге баулыған шәкірттерім болды. Қазірде де үйренгісі келетіндер аз емес. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, мен де шәкірттеріме өзімнің бар білгенімді үйретіп, олардың биік белестерді бағындырғанын қалаймын.
Жас жеткіншектерге айтарым – қай салада жүрсеңдер де адалдықтың ала жібінен аттамау керек. Адамды алға жетелейтін – ізденіс пен төзім.
– Сұхбат бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»
СУРЕТТЕ: 1. Берік Амантайұлы қалыпты жұмыс барысында. 2. Ілияс Есенберлин мен Сәкен Сейфуллиннің автопортреттері