Таным

“Кескекті ердің сойы…”

Ұлтының жүрегіне орнығып, көңіл төрінен орын алған, өзі де сол ұлт ішінен қайнап шыққандай кесек біткен, түр-тұлғасына шейін туған халқының мінезі мен болмысын елестететін, дауысына дейін көз алдыңа қазақтың қоңыр тірлігін әкелетін, бір жерден көре қалсақ не даусын естісек, «е-е, бәлен аға ғой!» деп жазбай танып, жатырқамай жан тарта кететін тұлғалар болады. Сыртынан танып-білгеніңізбен, сіз ол кісінің екі туып бір қалғаны емессіз. Әрі-беріден соң жақын таныспағансыз да. Сонда да жақын тұтасыз. Бір көргеннен, даусын естігеннен. Неге екенін тағы білмейсіз. Небір дөкейлерге шекеңізден қараған хан басыңыз ол кісіні көргенде кішіреюге бейіл. Неге? Өйткені, ол сіздің жан түкпіріңіздегі, тіпті, өзіңіз біле бермейтін бір әлемді аша алған жан. Ұйқыдағы әлдебір рухыңды байқаусызда оятып жіберген. Әлдебір түйсігіңіздің ашылуына түрткі болған. Туған елдің қасиетін танымаққа құмартып жүргенде көзіңе оттай басылған бірегей болмыс. Кескекті ердің сойындай мен білетін, мен ғана емес, ел білетін Айдос БЕКТЕМІР сондай, сом алтындай құйыла салған жаратылыс қой.

Дау айтсаңыз – еркіңіз. Арқа даласы – тұңғыштардың мекені. Қазақтың тұңғыш демократ көшбасшысы – Әлихан, тұңғыш Премьер-Министрі – Сәкен, тұңғыш математигі – Әлімхан, алғаш айға ұшқан ұлы – Тоқтар, Голливуд фильміне тұңғыш түсуші әртісі – осы Айдос Бектемір ағамыз екен. Кез келген спортшының арманы Олимпиада ойындарының жеңімпазы атану болса, әлемдегі әртіс атаулының арманы – Голливуд фильміне түсу. Сол бақыт Алаш баласында алғаш Айдос ағамыздың маңдайына жазылыпты. Ағамыз ол жақтың киносына біраз жыл бұрын ғана, дәл алпыс төрт жасында түсіпті. Және қандай фильмге түскен?! Шыңғыс хан заманының ұлы саяхатшысы, көшпелілер туралы керемет жазбалар қалдырған италиялық Марко Поло туралы көркем туынды. Айдос аға онда Құбылай ханның бас қолбасшысы Аруканың рөлін сомдапты. Сөйткен аяулы ағамыз биыл мерейлі 70 жастың желкенін керіп отыр. Бұрыннан бері Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасынан, қазақ киноларынан көріп, ес білгелі Қазақ радиосындағы Айдос атаның ертегілерін, Абайдың Қара сөздерін ерекшелеп оқығанынан даусын естігеніміз болмаса, бұл кісінің қарағандылық, оның ішінде Шет ауданында туып-өсіп, Қарғалы, Ақшатаудан орта мектеп бітіріп кеткенін білмейді екенбіз. Бар қазаққа ортақ тұлғаға айналып кетті деген осындай-ақ болар, ендеше.

Болсаң – Айдос ағадай бол! Қазақ сахнасында қандай керемет рөлдерді сомдаған? Бұрын, бала күнімде, Ұлттық арнадан Әуезов театрының қойылымдарын беретіні күні бүгінгідей есімде. Сонда талай рет Абай рөлінде көргенбіз. Сол бейнесі көкейімізде мәңгі сақталып қалған. Қара сөздерін қалай оқиды хакімнің?! Мағмұрына жетіп, тереңіне бойлатады. Санаңа Абай сәулесін құлатқандай әсерге бөлейді. Дауысын естіп отырып, бейнесін елестетесіз. Тағы да Абай рөлін сомдағандағы Айдос ағаның бейнесі қылаң ұрады. Кесек, кең пішілген, алпамсадай бітімді. Алыптың бейнесі, жарықтың ғұмыры әр кездері осылай бір адамның тұлғасы арқылы көрініп отырады… Ал, Қазақ радиосынан берілетін Айдос ата мен Сауық әже ертегілерінің тәтті елесін айтып жеткізу, тіпті де мүмкін емес. Бала қиялымызға қанат бітірген осы екі кісі бір-біріне алыс емес екі ауылдан екенін білдік пе кезінде?!

Кейін Айдос ағаны отандық «Ағайынды» фильмінен байсалды әке бейнесінде көрдік. Атақты «Біржан салда» – Жанбота! «Құнанбай» фильмінде – Барақ сұлтан! Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айдос ағаға Мемлекеттік сыйлықты осы Барақ сұлтан рөлінен соң берді. Маған да қатты ұнайтыны – Барақ кейпіне енгені. Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын қазақтың кесек мінезі сонда тұр. Айдаудан босатып алып, қарсы алғанда айтқан сөзі есімнен кетпейді. Қайталап көре бергім келеді сол жерін. Қазіргі қазақта қалмай бара жатқан мінез!

«Ағайынды» сериалына түскенше өзін тек театр әртісі санап жүріпті ағамыз. Әкем театрда! Алматыдан соң оқуды Мәскеуден бітіріп келген, студент кезінен «Қазақфильм», «Мосфильм», «Қырғызфильмге» түскенімен, кино саласында өзін «Ағайындылардан» кейін барып мойындаған қарапайымдылығының өзі неге тұрады? Голливуд фильміне бұл кісіні Қазақстандағы мен деген әртістердің арасындағы конкурстан (кинопроба) таңдап алған. Ол жерде бармақ басты, көз қысты жоқ. Қаншама әртістің төрешілер ұсынған рөлді сомдаған бейнесін электронды пошта арқылы Голливудқа жіберген Қазақстаннан. Содан ол жақтағы киногерлер Айдос ағаны лайықты көрген. Конкурс қорытындысында да ол жақтағы төрешілер «осы кісі лайықты» деп Қазақстанға суретін ғана жіберіпті. Айтпақшы, моңғолдардың түсіруімен Айдос Жұмаділдәұлы ойнайтын тағы бір фильм өткен жылдары Кан фестивалінің «Ең үздік көркем туынды» аталымына қол жеткізгені тағы бар. Осындай, кескекті ердің сойындай елдің ұлы 70-ке толып жатқанда біздің айтарды еркіне жіберсе таусыла ма? «Едігеден бастасам, ертегіге кетермін» демей ме Үмбетей жырау? Сол сияқты, әр жағын халқы өзі біліп алар!

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button