Руханият

Кеншілер астанасын ән тербетті

Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің сахнасында Қарағанды облысының 90 жылдығына арналған «Сазым сен деп сыр шертеді, Қарағанды!» атты композиторлар әндерінің фестивалі жоғары деңгейде өтті. Мерейтойлық кеш кенді өлкенің даңқты тарихына тағзым жасап, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілікті ән мен саз арқылы өрнектеген мазмұнды мәдени шараға айналды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Сахна төрінде Қарағандының өткені мен бүгіні, шахтерлердің қайсар рухы, еңбек даңқы мен өнерге бай шежіресі әсем әуенмен әспеттелді. Кеш шымылдығын «Нұрби» үлгілі хореографиялық ансамблі әсерлі биімен ашып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Би қимылдары арқылы Сарыарқаның кеңдігі мен кеншілер қаласының айбыны көркем бейнеленді.

Фестиваль барысында Гүлдана Макшонова, «Шахтерский» халықтық хоры, «Жас толқын» вокалдық тобы, «Магистраль» халықтық ардагерлер хоры, Марат Бекишев, Аруназ Темірғалы, Лунара Тойшыбекова, «Надежда» хоры, «Қарқаралы» тобы, Данияр Дүйсембаев, «Әуен» дуэті, Ернұр Қабдраш, Бақытжан Рақымжан, Зағыпран Жотай, Ахмет Рысбай, Уаш Темірбек, Мархабат Мұрадәлі сынды өнерпаздар Қарағандыға арналған авторлық әндерді орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Әрбір шығармада туған жерге деген мақтаныш пен сағыныш, құрмет пен ризашылық сезімі айқын сезілді. Әндер арқылы Қарағандының шахтерлік болмысы, достық пен бірліктің мекені екендігі, мәдениеті мен өнері өркендеген өңір ретіндегі мәртебесі кеңінен насихатталды.

Фестивальдің қорытынды бөлімінде Еркебұлан Қали «Нұрби» ансамблінің сүйемелдеуімен әсерлі ән орындап, кешті жарқын нотада түйіндеді. Көрермендер ду қол шапалақтап, өнерпаздарға ерекше ықылас білдірді. Кеш соңында фестивальге қатысқан барлық өнерпаздарға Теміржолшылар мәдениет сарайы директоры Серік Бейсембайұлы атынан дипломдар табысталды. Марапаттау рәсімін Жаңа Майқұдық мәдениет үйі директорының орынбасары Амангелді Ахметжанов жүргізіп, қатысушыларға шығармашылық табыс пен шалқар шабыт тіледі.

Қарағанды облысының 90 жылдығы аясында өткен бұл фестиваль өңірдің рухани өміріндегі маңызды мәдени оқиғалардың бірі ретінде есте қалды. Өнер мен ән арқылы туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптеген кеш көрерменге рухани серпіліс сыйлап, мерейтойлық шаралардың мәнін айшықтай түсті.

Жамал Советқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button