Кеше бос тұрған, бүгін – балабақша
Балқаш қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 270 орындық «Aqnur» жеке меншік балабақшасы ашылды. Мемлекеттік және жекеменшік әріптестік шеңберінде іске қосылған нысанға 256 млн. теңге сомасында жеке инвестиция тартылды. 61 адам жұмыспен қамтылды. Игі шараның ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ораз ТӘУІРБЕКОВ алдағы жылда шаһардың кішкентай тұрғындары үшін бірнеше балабақша салынатынын мәлімдеді.
– «Aqnur» балабақшасының жөні бөлек. Біріншіден ол мемлекеттік және жекеменшік әріптестік бойынша жұмыс істейді. Жеке инвестициялық жобаға мол қаржы құйылды. Екіншіден бұл іске мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жергілікті атқару органы атсалысты. Бастысы бүлдіршіндерді тәрбиелеп, ой-өрістерінің өсуіне, яғни білімді болып ержетуіне, осы заманның үлгі жақтары түгел жасалған. Мұның барлығы Тәуелсіздіктің жемісі, – деді Ораз Тәуірбеков.
Инвестиция құйған жеке кәсіпкер Салтанат Сағдатқызының айтуынша, 31 көмекші және техникалық персонал, 30 педагог, оның ішінде 6 жас маман жаңа балабақшаның серіктесі – Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжінің түлектері жұмыс істейді. Мұнда бейнелеу өнері, дене шынықтыру, ағылшын тілі бойынша сабақтар өтеді. Балабақша 12 топқа жабдықталған. Онда орыс және қазақ тілдерінде тәрбие беру мен оқыту бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүзеге асырылады. Балабақша ішіндегі балалар ойын алаңына да ерекше көңіл бөлінген. Өйткені, мекеменің басты бағыты – бүлдіршіндерге тек тәрбие беріп қана қоймай, олардың спортпен айналысуына баса назар аудару. Үлкен спорт залы, медициналық блок, мәжіліс залы, балалар ойын алаңдары талапқа сай жабдықтармен қамтылған. Балабақша ретінде 2011 жылдан бері бос тұрған Балқаш мемлекеттік техникалық университетінің ғимараты пайдаланылғанын айту керек.
Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ қаласы.