Жаңалықтар

Кеселді емдеу емес, алдын алу маңызды

Қазіргі қоғамда ветеринария саласының рөлі өте маңызды. Ветеринария саласындағы жұмысты одан əрі жетілдіру жəне жандандыру үшін өңірде барлық мүмкіндік жасалуда. Жалпы, саланың дамуы, ветеринария саласындағы атқарылатын жұмыстарға жеке жəне заңды тұлғалар қандай көңіл бөлу керектігі туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков фейсбук желісіндегі тікелей эфирде баяндады.

 

Бүгінгі таңда ауылдық жерлерде көктемгі жоспарлы ветеринариялық профилактикалық шаралар жүргізілуде. Соған байланысты мал иелері не істеу керек, ветеринариялық станциялардан не сұрау керек? Осы мəселеге асқан жауапкершілікпен қарау қажеттігін назарға алған басқарма басшысы:

– Көктемгі ветеринариялық ісі-шаралар – аса жұқпалы аурулардың алдын алуға негізделген екпе жұмыстары. Əсіресе, ол – аусыл ауруы, сібір жарасы, жылқыдағы жамандат, қойдағы топалаң жəне ірі қарада жиі кездесетін қарасан аурулары. Бруцеллезге қатысты қан алудың да маңызы зор. Ветеринария саласында немқұрайды қарайтын жайттар жоқ. Ветеринария тек мал шаруашылығына ғана жауапты емес, ол адамзаттың денсаулығына жауапты. Сондықтан, селсоқтық танытып қажет емес. Ветеринар мамандардың малдан қан алу мен екпе жұмыстарын жүргізуін барынша қолдап, ұйымдастыруға ден қою керек. Себебі, бір шаруашылықтың малы егілмей қалса, оның ортаға тигізетін зияны көп, – дейді басқарма басшысы.

Ауру ошақтары анықталған шаруашылықтарды карантинге қою, екпе жұмыстарын жүргізу, иммундық орта қалыптастыру мақсатында бақылауда ұстау, тіпті болмаса, ауру малды жою іс-шаралары жүзеге асады. Ағымдағы жылы Үміткер ауылында жылқы малынан ауру анықталып, карантинге қойылған. Бұл мəселе Бұқар жырау ауданының аумақтық инспекциясының бақылауында тұр. Сонымен қатар, Қарқаралы жəне Бұқар жырау аудандарында да мал аурулары анықталып, тиісті жұмыстар жүзеге асты.

Сондай-ақ, əлі де ветеринар мамандардың жетіспейтіндігі де тікелей эфир барысында айтылды. Былтырдан бастап еңбекақылары 35%-ға өскен.

Жалпы, профилактикалық шараларға қатысты қажетті препараттар республикадан бөлінген. Жоспарлы түрде жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – шаруашылықтарда ветеринариялық іс-шараларды сапалы жəне уақытылы жүргізу, жануарларды инфекциялық емес, инфекциялық жəне паразиттік аурулардан тазарту, шаруашылықтарға жануарлар ауруы бойынша зиянды азайту, сондай-ақ, қауіпті індеттерден сақтандыру.

Сағыныш ƏБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button