Басты тақырып

Керуенсарай кеңейеді

    Кеше аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері  және депутаттар теміржол вокзалының инфрақұрылымдық жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Осыдан біраз уақыт бұрын Елбасы тапсырмасына сәйкес, Қарағандының теміржол вокзалының ғимаратын жаңарту, үлкейту мақсатында қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілетіндігі айтылған болатын.

Жөндеу жұмысын жүргізетін «Мұнай Интер Құрылыс» ЖШС бас инженері Игор Болдыревтің айтуынша, вокзал ғимаратының аумағы – 4209.71  шаршы метр болады. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тактилдік жолдар, ақпаратты табло, арнайы касса қызмет көрсетеді.

Бірінші қабатында негізгі күту залынан бөлек әлемдік талаптарға сай ана мен бала бөлмесі, медициналық кеңселер орналастырылады. Екінші қабатта тамақтану орындары болады. Сонымен қатар, ғимарат қуат үнемдегіш лифтілермен, эскалаторлармен қамтылып, жылу жүйелері қыста ауаны жылытса, жазда салқындатады.

Бұдан бөлек, жолаушылардың кезек күтіп қалмауын болдырмау үшін кезекті басқарудың заманауи қондырғысы, билетті электронды сату жүйесі, интернетке шығу мүмкіндігі жасалады. Бүгінде вокзал тәулігіне 4 мың жолаушы өткізсе, жөндеу жұмысынан кейін, 7240  жолаушыға дейін кіріп-шығады. Бір айта кетері, жапсарлас салынатын қосқабатты павильонға теміржолдың үстімен қатынайтын дәліз орнатылады. Бұрынғы ескі ғимаратты сол күйі сақтап, жөндеу жұмыстарын ғана атқармақ. Тек, мұнарасы ауыстырылып, жаңадан сағат мұнарасы қойылады. Вокзал кешені құрылысын жүргізу жұмыстары 2018 жылдың наурыз айында басталып, 2019 жылдың наурызына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Жобаны іске асыруға қазіргі есептеу бойынша 2 млрд. теңгеден астам қаржы кетеді екен.

– 1956 жылы пайдалануға берілген қолданыстағы ғимараттың ескілігі мен кескіні, тарлығы жолаушыларға қолайсыздық танытып отыр. Мұны Елбасы Қарағандыға келген іссапарында жөндеу керектігін тапсырған болатын. Бұл ғимарат маған бала күнімнен таныс. Ендігі кезекте, ғимаратты жел кеулемейтіндей етіп, жолаушыларға қолайлы қылып жасау керек, – деді Ерлан Қошанов.

Нұрдос КӘРІМ

Суретті түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button