Бас тақырып

Кері тартқан көлеңкелі экономика

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Қаржылық мониторинг агенттігінің алдына 2025 жылға қарай көлеңкелі экономиканы 15%-ға дейін төмендету туралы стратегиялық міндет қойған болатын. Осы мақсатта агенттік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын әзірледі. Нәтижесінде, саудадағы көлеңкелі айналым 5%-ға қысқармақ. Бұл, әсіресе, халық денсаулығына үлкен қауіп төндіретін және мүдделі тараптардың келісілген күш-жігерін қажет ететін суррогат алкоголь өнімдері мен заңсыз темекі өнімдеріне де қатысты. Мәселен, биылдың өзінде ғана заңсыз айналымнан 1,5 миллион қорап темекі және 400-ден астам электронды вейп тәркіленген.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Сапасыз өнім сарсаңға салады

Соңғы жылдары елімізде сур­рогат алкоголь мен заңсыз те­мекі өнімдерін өндіру мен тарату жиілеп кеткенін айтады Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеу басқармасының басшысы Жандар Ибрагимов. Айтуынша, бұған түрлі факторлар әсер етуде. Әсіресе, экономикалық қиындықтар мен халықтың контрабандалық жолмен әкелінген өнімдердің зияны туралы білмеуі жағдайды одан сайын күрделендіруде. Жандар Ибрагимұлы сондай-ақ, елімізге, әсіресе облыс аумағына заңсыз өнімдердің жеткізілуіне мемлекеттік органдар тарапынан бақылаудың болмауы да кедергі дейді.

Бір қуантарлығы – соңғы үш-төрт жылда Қарағанды облысының аумағында алкоголь және темекі өнімдерін заңсыз өндіретін цехтар анықталмаған. Олар контрабандалық жолмен оңтүстік аумақтар арқылы көршілес елдерден жеткізіледі екен. Мәселен, заңсыз жолмен өндірілген темекі өнімдері негізінен Жамбыл облысы арқылы Қырғызстан Республикасынан келеді.

– Суррогат алкоголь мен контрабандалық темекі өнімдерін тұтыну денсаулыққа зиян екенін білуіміз керек. Бұл жерде улану, созылмалы ауруларды айтпағанда, соңы қайғылы жағдайларға да әкеліп жатады. Мәселен, суррогат алкогольдің құрамында метанол сияқты улы зат бар. Онымен уланған адам 2-3 сағаттың ішінде өліп кетуі мүмкін. Ал, сапасыз темекі өнімдерінде зиянды заттардың мөлшері шектен тыс артық. Бұл қатерлі ісік, жүрек-қан тамыр­лары және тыныс алу органдарының ауруларына әкеледі, – дейді Жандар Ибрагимұлы.

Контрабанда кәсіпкердің қолын байлайды

Құзырлы орган өкілі заңсыз сауданың экономикаға да айтарлықтай кері әсері тиетінін атады. Алкоголь мен темекінің заңсыз сау­дасы еліміздегі дәл осы саланың құлдырап, жұмыс орындарының азаюына әкеледі.

– Алкоголь мен темекінің заң­сыз саудасы экономикалық шы­ғын­дарға әкеледі. Кәсіпкерлік ор­таға соққы, – дейді Жандар Ибра­гимов.

Заңсыз сауданың, атап айт­қанда, шеттен әкелінетін контрабандалық өнімдердің әлеуметтік салдарын да ұмытпау керек. Атап айтқанда, арзан арақ облыста қылмыстың өсуіне, сыбайлас жемқорлыққа да әкелмек.

«Сапасыз суррогат өнімдерден кейін тұрғындар заңды өндірушілер мен бақылау органдарына сенуден қалады», – дейді Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеу басқармасы басшысының орынбасары Ержан Өтебаев.

Алкоголь пластик ыдыста сатылмайды

Суррогат алкогольмен және заңсыз темекі өнімдерімен күресудің бірден-бір жолы – заңды қатаңдату екенін айтады Ержан Серғазыұлы. Бұл – алкоголь мен темекі өнімдерінің өндірісі мен таралуын бақылаудың қатаң шараларын енгізу, сондай-ақ, заңсыз өнімді өндіру мен таратқаны үшін жазаны күшейту.

– 1999 жылғы 16 шілдеде «Этил спирті мен алкоголь өні­мінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заң қабылданды. Ол техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін этил спирті мен алкоголь өнімін өткізуге тыйым салады. Мәселен, сыра және уыты төмен сусындардан бөлек, алкоголь өнімін қаңылтыр ыдыста, затбелгісі жоқ шишада және пластик ыдыста сатуға болмайды. Одан бөлек, есепке алу-бақылау таңбасы жоқ, белгіленбеген үлгідегі және сәйкестендіруге келмейтін маркасы бар өнімдерге де сақтықпен қарау керек, – дейді Ержан Өтебаев.

Алкоголь өнімін тиісті лицензиясыз, есепке алу-бақылау маркаларын сәйкестендіру аспабынсыз сақтауға және өткізуге тыйым салынатынын да айту керек. Олардың барлығы Заңда егжей-тегжейлі көрсетілген.

Одан бөлек, этил спирті мен алкоголь өнімін тауарларға ілеспе жүкқұжаттарсыз, ресімдеу қағидаларын бұза отырып, сауда айналымына енгізуге және өткізуге тыйым салынатынын айту керек.

QR код тұтынушыға көмек

Суррогат алкоголь және темекі өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша қылмыстық істерді Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қарайды. Ол үшін жауапты адамға Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, акцизделетін тауарларды айтарлықтай мөлшерде өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен не өткізумен айналысқаны үшін екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Егер қылмыс қайталанса, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеп, не сол мерзімге бас бостандығынан айырады. Бүгінде бұл қылмыстар шағын және орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жатады.

– 2023 жылы Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті 6 қылмыстық істі тергеді. Оның екеуі Қылмыс­тық кодекстің 233-бабы бойынша және төртеуі 214-бап бойынша тергеп-тексерілді. Заңсыз айналымнан 50 мыңнан астам шиши алкоголь, 600 мыңнан астам қорап темекі және 78 мыңнан астам қорап снюс, яғни, шайнайтын темекі тәркіленді. Биыл Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша екі іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында. Одан бөлек, заңсыз айналымнан 1,5 миллион қорап темекі және 400-ден астам электронды вейп тәркіленді, – дейді Ержан Өтебаев.

Құзырлы орган өкілдері алкоголь мен темекіні өндіру мен сатуға мемлекеттік бақылауды күшейту контрабандалық өнімдерге қарсы тұрудағы маңызды қадам дейді. Одан бөлек, кәсіпорындарды, сауда нүктелерін және логистикалық тізбектерді үнемі тексеріп отыру заңсыз тауарлардың таралуын анықтауға және алдын алуға көмектеспек.

Түрлі заманауи технологиялар да заңсыз алкоголь және темекі өнімдерінің өндірісі мен таралуын қадағалау мен бақылауда тиімділігін көрсеткен. Мәселен, QR кодтар мен ID белгілер тұтынушылар мен бақылаушы органдарға тауарлардың түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік береді.

Қайталанған серия күмән тудыруы керек

– Суррогат алкоголь және заңсыз темекі өнімдерімен күресу кешенді тәсілді және мүдделі тараптардың белсенді қатысуын талап етеді. Мемлекеттің, бизнестің және қоғамның үйлестірілген күш-жігері ғана осы салада айтарлықтай нәтижелерге әкелуі мүмкін. Ортақ мақсатымызға қол жеткізу үшін заңнаманы жетілдіру, бақылауды күшейту және халықты ақпараттандыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет, – дейді Жандар Ибрагимұлы.

Сонымен қатар, тұтынушылар да сапасыз өнімді айыра білуі керек. Мәселен, контрабандалық өнімдердегі есепке алу-бақылау маркаларының таңбасы сапасыз әрі жылдам өшіп қалады. Одан бөлек, тұтынушылар этил спирті мен алкоголь өнімдерін «Е-сапа» ақпараттық жүйесі арқылы тексере алады. Бұл есепке алу-бақылау маркаларындағы штрих-кодтарды сканерлеу арқылы алкоголь өнімінің заңдылығын тексеруге мүмкіндік беретін мобильді қосымша. Ол үшін қосымша сканерін штрих-кодқа тақап, болмаса, сериясын, нөмірін және маркасын қолмен енгізуге болады. Нәтижесінде сусынның атауы, өндірушісі және тағы да басқа ақпарат алуға болады.

– Алкогольдік өнімнің суррогат емес екенін тексерудің қарапайым тәсілі – оның бөтелкесіне назар аудару керек. Сапасыз өнім зауыт параметрлеріне сай келмейді. Мәселен, жасырын цехтар үнемдеу мақсатында зауыттан шыққан өнімнің қақпағы астында болатын сақинасыз шығарады. Тіпті, дүкендегі дәл осындай тауарларды салыстырып көруге де болады. Егер, есепке алу-бақылау маркаларының сериясы қайталанса, алкогольдік өнімге күдікпен қарау керек, – дейді Жандар Ибрагимұлы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button