Ресми

Кері байланыс: қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың жиі қоятын сауалдарына жауаптар

Fingramota.kz сіздердің назарларыңызға қаржы пирамидалары мен алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тақырыбы бойынша қазақстандықтардың көкейтесті сұрақтарына жауаптар ұсынады.

Сурет: Fingramota.kz сайтынан

Азаматтар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен келесі негізгі кері байланыс арналары арқылы консультациялар алуларына болады  – бұл мобильді қосымша «𝑭𝒊𝒏𝒈𝒓𝒂𝒎𝒐𝒕𝒂 𝑶𝒏𝒍𝒊𝒏𝒆» және +7 (727) 237 1000 нөмірі бойынша сall-орталық.

Мобильді қосымша халықтың қаржы реттеушісімен жедел өзара іс-қимылын және кері байланысын нығайту мақсатында 2020 жылғы 25 маусымнан бастап жұмыс істейді. Онда 14 тақырыптық бөлім ұсынылған, аталған бөлімдерде реттеушіге қаржы өнімдері мен көрсетілетін қызметтер жөнінде, алаяқтық жағдайларында қаржы ұйымдарымен, МҚҰ-мен, коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимыл туралы сұрақтар қоюға болады.  Қосымшаның “𝑭𝒊𝒏𝒈𝒓𝒂𝒎𝒐𝒕𝒂 𝑶𝒏𝒍𝒊𝒏𝒆” арқылы іске қосылған сәтінен бастап пайдаланушылардан 7,4 мың сұрақ қабылданды және өңделді.

Қаржы реттеушісінің қызметі жөнінде ақпараттың қолжетімділігі мен толықтығын арттыру үшін Агенттікте 2021 жылғы 24 мамырдан бастап call-орталық жұмыс істейді, ол арқылы бүгінгі күнге азамттардан 50,5 мыңнан астам қоңырау түсті. Азаматтар ҚНРДА-ға қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар ретінде олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, қаржы нарығына қатысушылармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес алу үшін ғана емес, сондай-ақ бұрын жіберілген өтініштердің мәртебесін нақтылау үшін де жүгінеді. Call-орталықтың жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00- ден 14.30-ға дейін.

Сұрақ: Маған сақтандырушы менің картама сақтандыру төлемдерін қайтаруы тиіс, алайда кейбір техникалық қателіктерге байланысты қайтаруды қолмен аяқтауыңыз қажет деген  SMS келді.  Хабарламада  сілтеме көрсетілген, оған өткен жағдайда қайтаруды ресімдеу бойынша   нұсқаулар берілген. Сақтандыру компаниялары шын мәнінде мұндай хабарламалар жібере ме, әлде олар алаяқтар ма?

Жауап: Сіз кең таралған алдау схемаларының біріне тап болдыңыз. Қаскүнемдер өздерін сақтандыру ұйымдары не банктер, зейнетақы қоры, Қазақстан халқына көмек көрсету орталығы, инвестициялық компаниялар және т. б. ретінде таныстырады. Олар сізге немесе сіздің жақындарыңызға жәрдемақы, әлеуметтік төлем, түрлі бонустар тағайындалғаны туралы SMS немесе push-хабарламалар жіберулері мүмкін немесе сіз байқаудың жеңімпазы бодыңыз  немесе кез келген мерекенің құрметіне  кездейсоқ ұтыс ойынында жеңіске жеттіңіз деп хабарлауы мүмкін.

Сілтемеге өтіп, көрсетілген әрекеттерді (қосымшаны жүктеу, карта деректемелерін, артқы жағындағы үш таңбалы нөмірді, растау кодын және т.б. көрсету) орындағаннан кейін Сіз алаяқтарға банктік шотқа кіруге қалай рұқсат бергеніңізді өзіңіз де білмей қаласыз.

Сіз хабарды жоя отырып, дұрыс әрекет жасадыңыз. Келесі жолы күмәнді сілтемелер бойынша өтпеңіз, SMS қай компанияның атынан келгеніне назар аударыңыз және сол ұйымның веб-сайтында көрсетілген ресми нөмірлер бойынша ғана өз бетіңізше қоңырау шалыңыз.

Сұрақ: Дипфейк деген не және қылмыскерлер оны алаяқтық мақсатта қалай пайдаланады?

Жауап: Дипфейк – бұл адамның бет-әлпетін немесе дауысын синтездеуге арналған бірқатар алгоритмдердің нәтижесі. Бұл міндетті шешу үшін қолданылатын негізгі алгоритмдер генеративті-қарсылас желілерге негізделген. Осылайша, адамды, мимиканы және дауысты көшіруге болады. Технология теледидарда және әлеуметтік желілерде адамның цифрлық көшірмесі тележүргізушіні немесе блогерді бейнелей алатын кезде қолданылады. Дипфейктерді қолдана отырып жасалатын алаяқтықтың бірнеше әдісі бар.

Мысалы, банктік шоттарға қол жеткізу және жалған кредиттерді рәсімдеу үшін біреудің жеке куәлігін қолдан жасау, қаржылық транзакциялар жасау және кредиттік алаяқтық схемаларын жаңғырту үшін жалған тұлғаны синтездеу, оның онлайн қызметтері мен шоттарына қол жеткізу үшін қайтыс болған адамның деректерін пайдалану.

Сұрақ: Соңғы уақытта алаяқтар маған, жұбайыма және ата-анама жиі қоңырау шалуда. Олар өздерін банктің қауіпсіздік қызметі қызметкерлері ретінде таныстырады, біз олардың қылмыскерлер екенін түсінеміз. Алайда, шынымен де банктен қоңырау келіп түссе, оны қалай ажыратуға болады?

Жауап: Телефон алаяқтары азаматтарды алдау үшін әртүрлі схемаларды қолданады. Ең жиі кездесетіндердің бірі банктің атынан қоңырау шалу болып табылады. Қаскөйлердің басты мақсаты – сіздің ақшаңызды иемдену. Сіздің атыңызға жалған кредиттің ресімделгені туралы Сізге қоңырау шалғанын айтуы мүмкін. Алаяқтар алдауды телефон қоңырауынан бастап, ықтимал құрбандарды WhatsApp немесе Telegram арқылы олармен хат алмасуды жалғастырады: олар өздерінің банк қызметкерлері екенін растау үшін жалған құжаттарды жібереді, сондай-ақ «ақшаны сақтап қалу» жөніндегі нұсқауды жібереді. Бұдан басқа, алаяқтар сілтемелерге өтуді немесе Any Desk немесе TeamViewer сияқты әртүрлі қосымшаларды жүктеп алуды сұрайды. Олардың көмегімен банктік қосымшасы бар басқа біреудің мобильді құрылғысына қашықтан қосылуға болады және иесінің қатысуынсыз және оның келісімінсіз ақшалай қаражатты өздеріне ала алады.

Сондықтан алаяқтардың құрбаны болмас үшін бірнеше маңызды ұсынымдарды білген жөн. Егер қоңырау шалған адам «қарсы кредит» ресімдеуді, қаражатты «қауіпсіз шотқа» немесе «сақтандыру ұяшығына» аудару сұралса, біле жүріңіз – бұл алаяқтар. Банк қызметкерлері ешқашан асықтырмайды немесе клиентті қорқытпайды, тіпті бірінші қоңырау шалу кезінде жеке деректерді сұрамайды. Банк алдымен күдікті операцияны бұғатттайды, содан кейін ғана клиентке қоңырау шалады.

Егер сіз шын мәнінде банктен қоңырау шалынғанына күмәндансаңыз немесе бұл фишинг, яғни телефон алаяқтары деп ойласаңыз, өзіңіздің банкіңізге ресми нөмір бойынша қайта қоңырау шалуды ұсынамыз.

Егер сіз алаяқтарға өзіңіз туралы және өзіңіздің картаңыз туралы құпия ақпаратты беріп қойсаңыз, дереу банкке хабарлаңыз және құқық қорғау органдарына өтініш жазыңыз.

Cұрақ: Қаржы пирамидасын қалай ажыратуға болады, олар өз қызметтерін, әсіресе интернетте әртүрлі қызмет саласы ретінде жасырып көрсетеді ғой.

Жауап: Қаржы пирамидасын ажырату үшін оның мынадай негізгі белгілерін білу қажет:

– қаржы нарығында ақша қаражатын тарту жөніндегі қызметті жүзеге асыру және/немесе ұйымның қызметін дәл айқындау үшін берілген уәкілетті органның лицензиясының болмауы;

– ағымдағы нарық деңгейінен бірнеше есе жоғары және өте жоғары табыс табуға уәде беру;

– жаңа қатысушыларды тартқаны үшін қаражат төлеу;

– «инвестициялық» жобаларға инвестиция салған кезде табыс табатыныңызға кепілдік беру;

– БАҚ-тағы, интернеттегі ауқымды жарнама;

– құрылтайшылар, құрылтай құжаттары, қаржылық көрсеткіштер және қызмет нәтижелері туралы ақпараттың болмауы; есептіліктің болмауы; активтер мен инвестициялау бағыттары құрылымының айқын болмауы;

– меншікті негізгі құралдардың, басқа қымбат активтердің болмауы және т.б.

Егер ақша салуға шақыратын компанияда жоғарыда сипатталған белгілердің кем дегенде бірнешеуі болса, оның сенімділігі туралы ойланған жөн.

Мұндай ұйымның жарнамасын көрген уақытта дереу құқық қорғау органдарына – тұрғылықты жеріңіз бойынша ҚР Ішкі істер министрлігіне, сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және ҚР Қаржылық мониторинг агенттігіне жүгініңіз.

Сұрақ: Маған WhatsApp желісіндегі бейнеқоңырау арқылы ресми органның киімін киген ер адам қоңырау соғып, өзін ҰҚК қызметкері ретінде таныстырды. Ол тергеу жүргізіп жатқанын айтып, менің жұмыс орным туралы сұрақтар қойды, ақша жоғалтқаным немесе жоғалтпағаным туралы, банктерде депозиттерімнің бар не жоқ екені туралы сұрады.  Ақша туралы сөз болғанда мен сезіктеніп қалдым, қоңырауды тоқтатып, нөмірді бұғаттап тастадым. Бұл алаяқтықтың жаңа түрі ме?

Жауап: Иә, бұл кезекті алаяқтық схемасы. Қылмыскерлердің алдауына сенбеңіз, өзіңіз туралы және қаржылық жағдайыңыз туралы ақпаратты ашпаңыз. Егер сіз әңгімені жалғастыра берсеңіз, онда қаскөйлер сіздің телефоныңызға қашықтан қол жеткізуге арналған қосымшаны жүктеуге немесе банктік шоттарыңыздан ақша аудару үшін қажет SMS кодтарын атауға көндірер еді.

Егер сіз немесе Сіздің жақындарыңыз осындай алаяқтық түрлерімен бетпе-бет келсе, онда сіз олардың атынан алаяқтар қоңырау шалып отырған тиісті органдарға немесе ұйымдарға хабарлауыңыз керек. Сіз өз кейстеріңізді біздің мобильді қосымшамыз арқылы Fingramota.kz-пен бөлісе аласыз, оны мына сілтемелер арқылы жүктеуге болады:

App Store (https://apps.apple.com/kz/app/fingramota-online/id1134502211);

 Play Market (https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.nationalbank.appeals).

Сондай-ақ «Fingramota Online» веб нұсқасы бар (http://online.fingramota.kz/ru).

Естеріңізге сала кетсек, қаржылық қызметтерді тұтынушы ретіндегі өз құқықтарыңызды қорғау үшін Агенттікке ресми өтінішпен жүгіне аласыз: жазбаша – А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 шағын ауданы, 21 үй, сондай-ақ электрондық үкімет порталы арқылы Egov.kz, e-Otinish сервисі немесе аймақтық өкілдер басқармасы арқылы – аумақтық тиістілігі бойынша.

Сондай-ақ, 2023 жылғы 23 наурыздан бастап Агенттіктің Қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді, онда азаматтар ақпараттық-анықтамалық сипаттағы консультациялар ала алады және реттеушінің қызметіне қатысты мәселелерді жедел шеше алады.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button