Жаңалықтар

Керегесiн кестелi жырмен керген


    Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада 15 сәуір – «Қозы Көрпеш ­– Баян сұлу» күніне орай «Біз екеуміз бірге болсақ – өлеңбіз» атты бір шаңырақ астында шат-шадыман өмір сүріп келе жатқан ерлі-зайыпты – «Орталықтың» аға тілшісі Рауан ҚАБИДОЛДИН және өмірлік жары Айзада РАХЫМЖАНОВАДАЙ талантты ақындармен кездесу кеші өтті.
Өнерде де, өмірде де жұптары жарасқан қос ақынмен кездесу жоғары деңгейде өрбіді. Үлбір се­зімді жүректерінде тербеткен, сүйіс­пеншілік, сыйластық сынды сұлу қасиеттерді өлеңге өзек еткен екеуінің кешіне келгендер өрнекті жырларға барынша сусындап, поэзия құдіретінің қыр-сырына қанықты. «Ақ қайың болсын есімің» ат­ты жыр кітабының авторы Рауан Қабидолдиннің есімі елге етене таныс. Ал, Рауанға деген махаббатын сөз патшасы – өлеңмен жеткізіп, шаңырағын жайнатып, қазанын қайнатып жүрген Айзада Рахымжанованы да оқырман жақсы біледі. Осы күні жиналғандар ақындардың шығармашылығымен жақынырақ танысуға мүмкіншілік алды. Көптеген сауалдар жолдап, оған өздері қанағаттанарлықтай жауап естіді. Бір бағытқа бұрылған екі жүрек қандай да болсын ауыртпа­лықты бірге көтерген, ащыны тәттіге, қараңғыны жарыққа айналдыра білетін қарым-қатынасы кім-кімді де сүйсіндірердей. Өлеңде шиыр­лай салған дара жолдарын көрсеткен, қос ақын ойларын үндестіріп кезектесе жырларын оқыды. Н.Гоголь атындағы ғылыми әмбебап кітапхананың директоры Дина Базарбайқызы құттықтап, ақ тілегін арнады. Ғашықтардың құрметіне күйші Мадияр Сүлейменов күйден шашу шашты. Ал, «Жыр – жауһар» поэзия клубының мүшелері Рауан мен Айзаданың өлеңдерін жатқа оқып, көрерменді тамсандырды.
Осылайша, қос ғашық өлең өлкесінде қанатын қағуда. Сезімнің тамшысын, көңілдің жаршысын, дүние игілігінің кілтін өлеңнен табуда.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button