Бас тақырып

Кептелістің кедергісі көп

Алматы секілді үлкен мегаполистерден келген меймандар Қарағандыда кептелістің жоғын айтып, өз шаһарымызды өзімізге мақтап кететін. «Нағыз жанға жайлы қала» деп бір шалқайтып тастайтын. Кептеліс дегенді тек шамамен таңғы 08:00 мен 09:30 арасында ғана көретін едік. Сосын, түскі уақыт пен ел жаппай үйіне ағылатын кешкі 18:00 мен 19:30-дың арасында қаңтарылатынбыз. Бұл күнде қаладағы автокөлік саны күрт көбейген. Оның үстіне, жаз басталғалы бірден он шақты көше жөндеуге тұтастай жабылды. Қазір кептелістен айналып қашатын көше қалмады. Бұқар жырау мен Республика, тіпті, Абай даңғылы да лық толып тұрады. Қаланың орталығы мен Оңтүстік-Шығысын жалғайтын Гоголь көшесінің көпірі де «час-пик» кезінде тығыздалады. Ұзын-сонар кептеліс – қарағандылықтардың бас ауруына айналды.

Суретті түсірген автор

«Бұл – жаз келсе болды, жөндеуден көз ашпайтын Қарағанды», «Асфальттары сын көтермейді. Қармен бірге еріп кетеді. Жыл сайын қопарады да жатады». Кеншілер шаһарының тыныс-тіршілігін бағып отырған әлеуметтік желідегі парақшаларды ашып қалсаңыз, тұрғындардың осындай мәтіндегі шағымынан көз сүрінеді. Рас, жаз мезгілін жөндеу жұмыстарынсыз елестете алмаймыз. Көз үйренді. Жұрт айналма жол іздеп сабылады.

Жөндеуге жабылған көшелердің тізімі мынау: Қамали Дүйсенбеков, Пригородная, Асфальтная, Пичугин, Ғарышкерлер. Тұрғындар бұл көшелер неге тым ұзақ уақытқа жабылады деп наразылықтарын білдіруде. Жөндеу жұмыстары қашан аяқталады және көшелер қашан ашылады? Осы сауалды Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Григорий Ботнарьға жолдадық. Ол әлгі жолдардың жақын күндері ашылатынын мәлімдеді.

– Пичугин көшесіне келсек, вокзалдан Гоголь көшесіне дейінгі аумақты қамтып жатыр. Бүгінде Ерубаев көшесінен вокзалға дейін екі қабат асфальт төселді. Осы аптада үшінші қабатын төсейміз. Бұл көше алдағы демалыс күндері ашылады деп жоспарланған. Содан кейін, Ерубаев-Гоголь көшелерінің арасын жабамыз. Оңтүстік-Шығыстағы «Орбита» шағын ауданындағы айналмалы шеңбер жолдан Бұқар жырау даң­ғылына дейін жабық. Яғни, Дүйсенбеков көшесі. Бұл аумақта асфальттау жұмыстары басталып кетті. Ең төменгі қабаты толықтай төселді. Шамамен бір аптадан кейін пайдалануға берілмек. Гоголь көшесінен бері қарай Ғарышкерлер көшесі жабық. Ал, бұл аумақта әлі ескі асфальт қотарылып жатыр. Жаңа асфальтты төсеу шілденің аяғында ғана басталады. Четская, Орлов көшелері Молоков көшесіне дейін жабылған. Мұнда коммуналдық желілер алмастырылуда. Бұл аумақ бір ай бойы жабық тұрады. Құбырлар тартылғаннан кейін асфальтқа кіріседі. Бөкетов көшесі жабық. Бұл – Бауыржан Момышұлы көшесінен Дүйсенбеков көшесіне дейінгі аумақ. Қарағанды қаласының аумағы өте үлкен. Осылай біртіндеп жапқан күннің өзінде қала іші қарбалас болып кетті. Бірақ, бізде басқа амал жоқ. Осындай жағдайда жұмыс істеуге тура келеді, – деді Григорий Ботнарь.

Жауапты маман маусым айының басында жиі жауған жаңбыр да жұмыс қарқынын әжептәуір тежегенін айтты. Ал, ылғалда асфальт төсеуге әсте болмайды.

Қарғандыдағы тасжолдардың жалпы ұзындығы 956 шақырым екен. Биыл 128 шақырымы жөнделмек. 128 шақырымның өзі көліктер сапырылған шаһар үшін көп. Мамандар осылай дейді. 128 шақырымды оңдау үшін облыс және қала бюджетінен 16 млрд. теңге бөлініпті.

Асфальт үстіндегі бір шұңқырды бітеу үшін әуелі төрт бұрыштап ойып тас­тайды. Әлгі ойық қырлы болады. Ал, автокөліктің дөңгелегі шамамен 7-8 сантиметрді құрайтын қырын басып өткенде, әжептәуір соққы алады. Көлігіңізді теңселтпес үшін айналып өтесіз, немесе, жылдамдықты азайтасыз. Бұл әлбетте жол үстіндегі қозғалысты тежейді. Сол төртбұрышты, түбі тегіс ойықтар кейде апталап бітелмей жатады. Тұрғындар тарапынан ойған күні неге бітеп тастамайды деген шағымдар түсіп жатады. Мұны мердігердің салғырттығына жатқызамыз ба, әлде, шұңқыр бітеудің әдісі солай ма? Григорий Ботнарь бұның нақты себебін айтты.

– Шұңқыр бітеу – аса күрделі жұмыс емес. Сондықтан, осы жұмысты қала бойынша тек бір мердігер ғана атқарады. Ол жұмыстың көптігінен үлгермей жатады. Кейде жаңбыр жауып кетеді, немесе, ауа температурасы сәл төмендейді. Ал, ызғарда асфальт төсеуге болмайды. Сынап бағанасы ең кемі +20-ны көрсетіп тұруы шарт, – деді Григорий Ботнарь.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button