Бас тақырыпБасты тақырып

Кенжардағы кенен технология

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы – жаңа дәуірдің айқын нұсқауы. «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек», – деді Мемлекет басшысы. Бұл сөйлем бүгінде қағазда емес, нақты істе көрініс табуда. Қарағанды шахталарының кенжарларында цифрлық сана, жасанды интеллекттің тынысы сезіле түсуде…

Сурет Qarmet компаниясынан

Жер астындағы ақыл

Қарағанды дегенімізде ойға әуелі жер астында тынбай еңбектенетін мыңдаған таңғажайып тағдыр мен Qarmet компаниясы оралады. Сарыарқа төскейі тұтас елдің өндірістік өкпесі болса, енді сол қос өкпе тынысы біртін-біртін цифрландыру ырғағына ауысып келеді. Алпауыт кәсіпорынның баспасөз қызметі өкілдері хабарлағандай, бүгінде Qarmet өңірдегі барлық шахталарға жаңа бағдарламалық жасақтама енгізіп жатыр. Яғни, жер астындағы өмірді көзге көрсетіп, құлаққа естіртетін ақылды кеңістік пайда болып жатыр. Әр қимыл, әр үдеріс енді нақты уақыт режимінде көрініс табады. DMMS деп аталатын цифрлық платформа кен орнындағы қалт еткен жағдайды түгел бақылай алады. Тоннельдерде тер төгіп жүрген кеншінің қозғалысынан бастап, алып техниканың жүрісіне дейін экранда тірі суреттей қалқып шығады. Қауіпті аймақтардағы адамдардың орналасқан жері, газдың деңгейі, жердің дірілі бәрі бірегей жүйеге тоғыстырылған. Егер кенші құлап қалса, иә болмаса, ұзақ қозғалыссыз тұрып қалған болса да, жүйе дереу белгі береді. Ал, орталық диспетчерлік бөлме жер үстіндегі көз бен құлақ секілді: қажет сәтте жедел байланыс орнатып, жағдайды басқаруға мүмкіндік береді.
Қазірде барлық шахталарға платформаны орнату, тау-кен басқармасы жанынан бірегей орталық диспетчерлік пункт құру жұмыстары қарқын алған. Qarmet тарабы ілкімді істі өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту жөніндегі инвестициялық міндеттемелер аясында жүзеге асырып, жыл соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр. Айта кету керек, цифрлық платформаны жеткізуші – қазақстандық AG TECH компаниясы. DMMS жүйесі бүгінде әлемнің сегіз жүзге жуық шахтасында қолданылып келеді. Қазақстанда отыз шахта оның тиімділігін әлдеқашан байқап үлгерген. Әл-әзіргі теңдессіз жүйе еліміздің өнеркәсіптік
қауіпсіздік тұжырымдамасына енгізіліп, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан ресми мақұлданған. Бұған дейін Qarmet көмір департаментінің сегіз шахтасының тек екеуінде ғана позициялау жүйесі толық орнатылған еді. Сол себепті, жаңа платформаның енгізілуі қауіпсіздік ісін жаңа белеске көтеретін шешуші қадам болмақ. Өйткені, атаулы жүйе адам өмірінің күзетшісі, түп тереңдегі сенімді серігіндей.

Кен мен код түйіскен сәт

Бақсақ, жер-жердегі тау-кен компаниялары бұрын-соңды болмаған қарқынмен цифрлану дәуіріне еніп барады. Бірі геологиялық  ақпараттық жүйелерін игеріп, жер қойнауының қыртысын дерекке айналдырса, екіншісі карьер мен жерасты техникасын жасанды зердемен басқарып отыр. Үшіншісі металл балансын автоматтандырып, кеннің тағдырын нақты есепке бағындырған. Ал, енді осының бәрі әсте-әсте біртұтас сандық кеңістікке тоғысып келеді. «Сандық шахта» деп аталатын жаңа дәуірдің есігі. Бүгінгі цифрландыру жер мен адамның, темір мен зерденің арасындағы жаңа одақтың бастауы. Оның жүйесінде техника қозғалысын бақылайтын көздер, жүргізушілердің шаршауын талдайтын сана, кен байыту кезінде экстракция деңгейін өлшейтін жасанды жүрек те бар. Кеше ғана әр цех, әр бөлім өз бетінше жүйе орнатып, цифрлық аралдарға айналды. Геологтар өз шешімін, өндірушілер өз жүйесін, автоматтандыру инженерлері өз құралын енгізді. Енді міне, сол бытыраңқы әлемнің орнына біртұтас цифрлық платформа орнауда. Платформа барлық цифрлық құралдарды ортақ стандарт пен тәртіпке бағындырады. Ол бұрынғы ала-құла шешімдерді біріктіріп, әрбір датчиктің, әрбір мәліметтің өз орнын табуына мүмкіндік береді. Мұндай платформа шыңыраудан шығандаған шығармашылықтың да жаңа кеңістігі.
Онда инженер де, геолог та, оператор да бір цифрлық әлемнің мүшесіне айналады. Бәлкім, ертеңгі күні шахтаның ғана емес, тұтас өңірдің, тіпті, елдің өндірістік экожүйесін біріктірер. Себебі, бүгін санданған, жанданған шахта күні ертең цифрланған экономикаға ойысады. Ал, цифрланған экономика саналы қоғамның, есеп пен ізденістің, ұқыптылық пен үйлесімнің нәтижесі.
Qarmet жабдықтарының техникалық жай-күйін бақылау бөлімінің инженері Виктор Попов компания жабдықтарының сенімділігін арттыру мақсатында цифрлық технологиялар енгізілгендігін, жасанды интеллект негізіндегі диагностика жүйесі турасында аз-кем мәліметті алға тартты.

– Таңдаулы жүйе діріл мен температура датчиктерінен түсетін деректерді талдап, тозу деңгейін болжайды әрі дереу жөндеу амалдарын ұсынып отырады. Жасанды интеллект талдаудың 90%-ға дейінгі бөлігін автоматты түрде орындайды. Осылайша ықтимал ақауларды анықтап, апатты тоқтаулардың алдын алады. Сымсыз діріл бақылау жүйесімен біріктірілгенде, жабдықтың жағдайын нақты уақыт режимінде қадағалайтын бірыңғай цифрлық желі қалыптасады. Мұндай шешімдер механизмдердің қызмет мерзімін ұзартып, жөндеу шығындарын азайтады және өндірістің тұрақтылығын арттырады, – дейді Виктор.

Инженер бұрғылау параметрлерін планшеттен бақылайды. Шахтадағы бүгінгі маман – әрі техник, әрі бағдарламашы. Ол жердің тамырын қолымен емес, алгоритммен албарында жете сезінеді.

Деректер дәуірінде

Қарағандының қазыналы қойнауында 10-ға жуық шахта бар десек, оның жылдық жиынтық өндіріс қуаты шамамен миллиондаған тонна көмір өндіреді. Соңғы үш жылда технологияға бағытталған инвестицияларды алпауыт кәсіпорындар цифрлық трансформацияға 80 миллиард теңгеден астам қаржы сарп етті. Қомақты қаржының басым бөлігі жасанды интеллект жүйелеріне, цифрлық диспетчерлендіру мен қауіпсіздік автоматизациясына бағытталды. Сарапшылардың айтуынша, жаңа технологиялар апатты жағдайларды кемінде 20-25 пайызға азайтады. Жасанды интеллект енді тек көмекші емес, серіктес сана. Ол мәліметті талдайды, болжау жасайды, шешім ұсынады. Бірақ, түпкі түйін – адамның қос қолында. Алгоритм темірдің тілін түсінсе, адам өмірдің тілін түйсінеді. Сол екеуінің үйлесімі – болашақтың өндіріс формуласындай әсер қалдырады. 2030 жылға қарай орталық облыстың тау-кен кәсіпорындары толық цифрлық интеграцияны аяқтауды жоспарлап отыр. Барлық шахталар бірыңғай деректер платформасына қосылып, әр қимыл, әр тозаңның қозғалысы бақыланатын ақылды кен экожүйесі қалыптасады. Экономистердің болжамынша, мұндай деңгейдегі интеграция өңірлік жалпы өнім өндірісін 2,5 есеге, ал, өнеркәсіптік еңбек өнімділігін 40 пайызға дейін арттыруы мүмкін. Технологиялық прогресс тек шахтаның қабырғасымен шектелмейді. Маңайдағы қалалардың, ауылдардың экономикасын да жандандырады. Болашақ шахтасы – қауіпсіз, есепті, әрі өздігінен ойлануға бейім кеңістік. Бірақ, ең бастысы, ол адамды қорғау үшін қызмет етеді. Көмірдің әр кесегінің артында бір тағдыр тұр. Ал, жасанды интеллект – сол тағдырды сақтау жолындағы жаңа құрал. Қазірдің өзінде өңірде ақылды шахталар мен интеллектуалды кеніштер желісі қалыптаса бастады. Технология адамды алмастыру үшін емес, оны қауіпсіз және тиімді еңбекке жетелеу үшін келді. Бұл – Президент Жолдауында айтылған «сандық елге» апарар нақты қадамның бірі. 

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button