АймақОсакаров

Депутаттар Молодежный кентіндегі қазандықтардың қысқа дайындығын тексерді

Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов, депутаттар Бейбіт Досжанов, Андрей Ляпунов, Ерден Халилин және Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов жұмыс сапарымен Молодежный кентінде болды. Делегация кенттегі бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралап, олардың қазіргі жай-күйімен танысты.

Суреттер облыстық мәслихаттың әлеуметтік парақшасынан

Алдымен халықты жылумен қамтитын негізгі нысандар тексерілді. Депутаттар 2024 жылы іске қосылған қуаты 15 МВт модульдік қазандықтың жұмысын талқылады. Қысқы маусымда тиімділігін дәлелдеген қазандық бүгінде 5 мыңнан астам тұрғыны бар елдімекенді жылумен қамтамасыз етіп отыр. Бұдан бөлек, қуаттылығы 24,5 МВт болатын жаңа қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Оның пайдалануға берілуі жылумен қамту сапасын арттырып, коммуналдық қызмет көрсетуді жақсартуға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары барысында депутаттар «Шабыт» оқушылар сарайында болды. Бұған дейін Молодежный кентінде тек 107 балаға арналған Балалар өнер мектебі ғана жұмыс істеп келген. Өткен жылы облыстық бюджет есебінен күрделі жөндеу жүргізіліп, бүгінде 267 оқушы сапалы қосымша біліммен қамтылып отыр. Жергілікті балаларға арналған үйірмелер мен шығармашылық бағыттағы секциялардың санын көбейту жоспарлануда.

Депутаттық корпус кенттік аурухананың жұмысымен де танысты. Онда медициналық қызмет сапасын арттыру үшін күрделі жөндеу қажеттігі атап өтілді. Алайда, бұл мақсатта әзірге жобалық-сметалық құжаттама дайындалмаған.

Осакаров ауданындағы жұмыс сапары барысында депутаттар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың жағдайын зерделеп, алдағы уақытта жылыту маусымына дайындықты қатаң бақылауда ұстайтындықтарын жеткізді.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Осакаров ауданы

Басқа материалдар

Back to top button