Кент кітапханасындағы Қарттар күні
Ғабиден Мұстафин атындағы кенттің көпшілік кітапханасында Қарттар күні тойланып, “Ақылды қария–ағып жатқан дария” атты әдеби-музыкалық композиция өткізілді.

Бұл шараға кенттің сыйлы қариялары шақырылып, кітапхана қызметкерлері оларды мерекемен құттықтап, ақын-жазушыларымыздың қарттарға арналған өлеңдері мен ғибратты сөздеріне тоқталып, одан әрі викторина сұрақтары шешіліп, жиналғандар мақал-мәтел айтудан жарысты. Ретро өлеңдер жасырылып, оны тапқан соң бәрі хормен ән айтып, би де биленді.
Сондай-ақ кент кітапханашылары “Лекарство от скуки” деген атпен кітапханада болатын жайттар жайлы шағын қойылым көрсетіп, қарияларға дастарқан жайды. Олар дастарқан басында өздерінің жастық шақтарын ойға түсіріп, естеліктерін айтты. Осы мәжілісте кітапхананың жасы 80-ге келген белсенді оқырманы Е.Шульцке сый-сияпат жасалып, қалған қарттарға “Бұқар жырау толғаулары” кітабы тарту етілді.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы