Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керектігіне баса мән берді. Атаулы салада өңір тұрғысынан таразылағанда жетістік аз емес. «Кентөбе» кен орны – Qarmet компаниясының Темір кені департаментіне қарасты басымдығы жоғары нысандардың бірі. Қазіргі уақытта мұнда темір кені ашық тәсілмен өндіріледі. Жылдық көлемі шамамен 750 мың тонна. Биыл көшелі көрсеткішті 850 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Тереңірек тоқталып өтелік…

Иә, «Кентөбе» – ел экономикасының жаңа тынысын айқындайтын маңызды өндірістік алаңдардың бірі. Қарағанды өңірінің өндірістік әлеуетін арттырып, металлургия саласының дамуына серпін беретін соны жоба алдағы жылдары өзінің нақты нәтижесін көрсетпек. Кеніштің кенересі кеңейген сайын, өндіріс көлемі ұлғайып, жаңа технологиялар енгізіліп, еңбек адамдарының мүмкіндігі арта түспек. Ең бастысы, мұндай бастамалар Мемлекет басшысы айқындаған индустриялық саясаттың нақты көрінісіне айналуда. Шикізат қоры мол Қазақстан үшін оны тиімді игеру ғана емес, одан жоғары қосылған құны бар өнім өндіру – уақыт талабы. «Кентөбе» кенішінің дамуы да дәл осы мақсатқа қызмет етеді.
– Бұл салада біраз жетістікке жеттік. Былтыр өңдеу өнеркәсібі тұрақты дамып, 6,4 пайызға өсті. Бірақ, өңделген тауар экспорты 2,7 пайызға төмендеді. Бұған жалпы экспорттың 4,2 пайызға азайғаны да әсер етті. Өнеркәсіп саясатының басты кемшіліктері дәл осы тұста анық байқалды. Бұл салада шикізат өндірушілердің үлесі әлі де басым. Бірақ, бұл оларға кедергі жасауға болады деген сөз емес, керісінше, оларға көмегімізді әлдеқайда күшейтуіміз қажет. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібіне баса назар аудару керек. Өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің 40 пайыздан астамы металлургияға тиесілі. Ал, металлургия секторында экспортқа шығарылатын тауардың жартысынан көбі – төмен деңгейде өңделген өнімдер. Соның салдарынан, шикізатты сыртқа шығарамыз да, одан жасалған дайын өнімді басқа елдерден сатып аламыз. Парадокс. Мұндай тәжірибені доғару керек, – деп баса белгіледі Президент.
Компанияның шикізат базасын нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегия аясында «Кентөбе» кен орнын кешенді түрде дамыту, болашақта жерасты тәсіліне кезең-кезеңімен көшу туралы маңызды шешім қабылданды. Баянды бастама тек өндіріс көлемін ұлғайтуға ғана емес, сонымен қатар, кен орнын игерудің тиімділігін арттыруға, ресурстық әлеуетін толыққанды пайдалануға мүмкіндік беретін стратегиялық қадам болып саналады. Жоталы жобаны жүзеге асыру нәтижесінде «Кентөбе» кенішінің барланған қоры мен өндірістік мүмкіндіктері едәуір кеңейіп, кен өндіру жұмыстары жаңа деңгейге көтеріледі. Жерасты тәсіліне көшу арқылы кеннің терең қабаттарында жатқан қосымша қорларды игеру мүмкіндігі еселеп артып, өндіріс тұрақтылығы ұзақ жылдарға қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде өңірдің тау-кен саласындағы технологиялық жаңаруына жол ашып, заманауи өндірістік әдістерді енгізуге серпін береді. Жобаның жүзеге асуы металлургиялық комбинаттың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін сенімді шикізат базасын қалыптастыруға септеседі. Нақты нәтижесінде кәсіпорынның өндірістік қуаты артып, болашақта металлургия саласында жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға қажетті негіз нығая түседі.

Мамандар пайымынша, жерасты тәсілімен игеруге қолжетімді темір кені қоры 100 миллион тоннадан асады. Бұл – қазіргі ашық карьерлік әдіспен өндіріліп жатқан көлеммен салыстырғанда бірнеше есе жоғары көрсеткіш. Мұндай ауқымды қор кен орнын ұзақ мерзімді әрі тұрақты өнеркәсіптік игеруге берік негіз қалайды. Кәнігі сарапшылар пікірінше, жерасты тәсіліне көшу кеннің терең қабаттарында жатқан бай қорларды тиімді пайдалануға мол мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде өндіріс көлемін біртіндеп арттырып қана қоймай, кен орнын игеру мерзімін ондаған жылдарға ұзарту көзделіп отыр. Бұдан бөлек, жерасты әдісін енгізу тау-кен өндірісінде жаңа технологиялар мен заманауи инженерлік шешімдерді қолдануға жол ашады. Соңыра кен өндірудің тиімділігі артып, өндірістік процестердің қауіпсіздігі күшейеді. Осылайша, 100 миллион тоннадан асатын әлеуетті қор «Кентөбе» кенішінің болашағын айқындап қана қоймай, өңірдің тау-кен және металлургия саласының ұзақ мерзімді дамуына тың серпін бермек.
Жерасты кенішінің құрылысын 2028 жылы бастау жоспарланып отыр. Межеленген жұмыстар аясында кен орнын игерудің жаңа инфрақұрылымы қалыптастырылып, заманауи тау-кен технологиялары енгізілмек. Жобаға сәйкес, қазіргі қолданыстағы карьер болашақ жерасты кенішінің технологиялық схемасының ажырамас бөлігі ретінде пайдаланылмақ. Яғни, карьер тек ашық тәсілмен өндіру алаңы ретінде ғана емес, жерасты өндірісінің логистикалық және инженерлік жүйесіне қызмет ететін маңызды өндірістік нысанға айналады. Бұл тәсіл құрылыс шығындарын оңтайландырып, кен өндірудің тиімділігін арттырмақ. Сонымен бірге, қолданыстағы өндірістік инфрақұрылымды пайдалану жоба мерзімін қысқартып, жаңа жерасты кешенін кезең-кезеңімен іске қосуға жол ашады. Нәтижесінде «Кентөбе» кен орны ұзақ мерзімді игеруге бейімделген, технологиялық тұрғыдан жаңартылған тау-кен өндірісіне айналып, өңірдің металлургия саласын тұрақты шикізатпен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар нысан ретінде дами түспек.
– Компания басшылығы кен орнын дамыту және жерасты өндіру тәсіліне көшу туралы шешім қабылдады. Жобаны жүзеге асыру ресурстық базаны айтарлықтай кеңейтіп, металлургиялық өндіріс үшін темір кенін тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жоба кәсіпорында еңбек ететін Қарағайлы кенті мен Қарқаралы ауданының жақын маңдағы елдімекендері тұрғындарының жұмыспен қамтылуына, өңірдің өндірістік әлеуетін одан әрі дамытуға ықпал етеді, – дейді «Кентөбе» кен орнының директоры Марлен Рысбеков.
Жобаны іске асыру барысында компания инженерлерінің бұрын «Батыс Қаражал» кен орнында қалыптасқан табысты өндірістік тәжірибесі кеңінен пайдаланылмақ. Аталған кен орнында жылдық жобалық қуаты 2,5 миллион тонна болатын марганец кенін өндіру жүйесі іске қосылып, заманауи тау-кен технологияларын тиімді қолданудың үлгісі қалыптасты. Теңгерімді тәжірибе өндіріс барысын ұйымдастыру, кен игеру әдістерін жетілдіру және қауіпсіздік стандарттарын сақтау тұрғысынан жоғары нәтижесін көрсеткені баршаға аян. Сол себепті, «Батыс Қаражал» кенішінде жинақталған инженерлік шешімдер мен өндірістік басқару тәсілдері «Кентөбе» жобасын дамыту барысында негізгі тірек тәжірибе ретінде қарастырылып отыр. Атап айтқанда, кен қабаттарын тиімді игеру, өндірістік инфрақұрылымды дұрыс жоспарлау және заманауи техникалық жабдықтарды енгізу бағытындағы тәжірибе жаңа жобаға серпін бермек. Ал, кен орындарын игеру барысында жинақталған кәсіби білім мен технологиялық тәжірибе «Кентөбедегі» өндірісті тиімді ұйымдастыруға ұйытқы болмақ. Жетелі жоба іске қосылған кезде кен өндіру жұмыстары жоғары өнімділікпен жүргізіліп, өндіріс үдерістері халықаралық стандарттарға сай дамиды. Бұл өз кезегінде кен орнын игерудің ұзақ мерзімді тиімділігін қамтамасыз етіп, өңірдің тау-кен және металлургия саласының дамуына жаңа серпін бермек.
«Кентөбе» кен орнын дамыту – Qarmet компаниясының Темір кені департаментін жаңғыртуға бағытталған кешенді әрі ауқымды бағдарламаның маңызды бөлігі. Бағдарлы бастама өндірістік қуатты арттырумен қатар, тау-кен саласындағы технологиялық жаңғыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ, кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуіне жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған. Бағдарлама аясында кен орындарын игеру әдістерін жетілдіру, өндірістік инфрақұрылымды жаңарту, заманауи техника мен цифрлық басқару жүйелерін енгізу көзделген. Мұндай өміршең өзгерістер еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға септеседі. Тегінде Темір кені департаментін дамытуға бағытталған жалпы инвестиция көлемі 400 миллион доллардан асады. Қомақты қаржы жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға, кен орындарын кеңейтуге, әрі қолданыстағы нысандарды жаңғыртуға жұмсалмақ. Есесіне Qarmet компаниясының шикізат базасы нығайып, металлургиялық өндірісті ұзақ мерзім бойы тұрақты қамтамасыз ететін қуатты индустриялық негіз қалыптасады.
Жаңа учаскелерді игеру, кен өндірудің заманауи технологияларын кезең-кезеңімен енгізу, шикізат базасын кеңейту – өндірістің тұрақты әрі ұзақ мерзімді өсуін қамтамасыз ететін маңызды факторлар. Мұндай жүйелі қадамдар кен өндіру саласының тиімділігін арттырып қана қоймай, металлургиялық кешеннің толыққанды әрі тұрақты жұмыс істеуіне берік негіз қалыптастырады. Өндірістік үдеріс атаулысын жаңғырту, жоғары өнімді техникаларды пайдалану, геологиялық әлеуетті тиімді игеру барысында металлургиялық кәсіпорындардың шикізатпен қамтамасыз етілуі нығая түседі. Демек, өндіріс көлемін арттыруға, жаңа технологиялық шешімдерді енгізуге және жоғары қосылған құны бар өнім өндіру мүмкіндігі артады деген сөз бұл.
Түптеп келгенде, мұндай бастамалар Қазақстанның тау-кен металлургия саласының бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, индустриялық дамудың жаңа кезеңіне көкжиек ашады. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен заманауи өндірістік тәсілдерді үйлестіре отырып, ел экономикасының маңызды тіректерінің бірі саналатын аталған сала алдағы уақытта да тұрақты өсім мен технологиялық жаңғырудың басты драйверлерінің бірі бола бермек.
– Шикізат экспорттағаннан гөрі, одан дайын өнім өндіріп, сыртқа шығару әлдеқайда пайдалы. Әрине, бұл оңай міндет емес. Бірақ, үлгілі кәсіпорындар бар, мысалы, Qarmet. Қанша қиындыққа тап болса да, ондағы өндірістік және әлеуметтік процестерде оң өзгерістер орын алып жатыр. Бұл мәселеде «артық қылам деп, тыртық қылуға да» болмайды. Өңдеу саласын дамытамыз деп, шикізат өндіру ісіне зиян келтірмеу жағын ойлау керек. Үкіметтің саясаты ақылға қонымды, байыпты болуға тиіс, – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Кентөбе» – тек кен орны емес, Қазақстанның индустриялық дамуының символы, өңір экономикасының жаңа тынысын айқындайтын стратегиялық нысан. Мұнда жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар – кен орындарын кеңейту, жерасты тәсіліне кезең-кезеңімен көшу, заманауи технологияларды енгізу – өндірістің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететін нақты қадамдар болып табылады. Кеніштің дамуы тек өндіріс көлемін арттырумен шектелмей, металлургиялық кешеннің тиімділігін нығайтуға, шикізат базасын тұрақты қамтамасыз етуге және өңірдің еңбек әлеуетін кеңейту әрдайым маңызды. Жиналған тәжірибе мен инновациялық шешімдер өндірістің сапасын арттырып, қауіпсіздік пен тиімділікті жаңа дәрежеге көтереді. Соны жоба Қарағанды өңірінде жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, өндірістік инфрақұрылымның жаңаруына және ел экономикасының жалпы өрлеуіне қомақты үлес қосады. Парадоксалды жағдайда шикізатты экспорттау мен дайын өнім өндіру арасындағы тепе-теңдікті іздейтін Қазақстан үшін үлгілі мысал ретінде атаулы кеніштің бұғып жатқан игілігі көптігіне көз жетіп тұр. Мұнда біртұтас стратегия мен заманауи технологиялардың үйлесімі елдің тау-кен металлургия саласын халықаралық стандарттарға жеткізіп, индустриялық өрлеудің тұрақты негізін қалайды. Болашаққа сеніммен қарағанда, «Кентөбе» тек Қарағандының ғана емес, мұқым елдің өндірістік қуатын арттыратын, экономикаға нақты пайда әкелетін, инновациялық даму жолын айқындайтын нысан ретінде тарихта қалмақ. Ендеше XXI ғасырдың бір парасатты жобасы парықты болсын деген тілек қосамыз біз де!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



