АймақБілімШет

Кеншоқы түлектеріне ҰБТ-ға дайындалуға тегін жолдама берді

Жер-жерде ауыл тойы атап өтіліп жатыр. Қиқулатып ат шаптырып, бәйге оздырмай, аста төк ас болмай ешбір той өткен емес. Бірақ соның бәрі түптеп келгенде жеке адамдардың жетегінде кететін дүние. Ал Шет ауданындағы Кеншоқы ауылының 60 жылдық мерейтойы өзгелерден ерек тойланды. Ауылдың атқамінерлері «Ата жұртқа тағзым» акциясын ұйымдастырып, ауылдың білім сапасын арттыруға жәрдемдесті. Анықтап айтсақ, мектептің қанат қаққалы отырған 12 оқушысына бір жыл бойы ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін онлайн-дайындық курсы сертификатын тарту етіп, көпке ортақ қуаныш сыйлады. Әдетте, әрбір азаматтың болашағы туған жерінің қазығына қағылады. Түлектер ҰБТ-дан жоғары балл жинап, оқуға түссе, оны абыроймен аяқтап, елге сіңсе, ауыл үміті ақталмақ. Мұндай игі істі басқа өңірлер жауырынын жерге тигізбей іліп әкетсе, несі айып?!

Сурет ұйымдастырушылардан

Осындай игілікті іс биыл шілде айында Кеншоқы ауылының 60 жылдық мерейтойында азаматтардың «Ата жұртқа тағзым» акциясы аясында ұйымдастырылыпты. Олар өзара қаражат жинап, Нұра жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушыларына «Ұлттық бірыңғай тестілеу» онлайн-дайындық курстарының жылдық сертификатын сыйға тартты. Ал күні кеше аталған дайындық курстары мектепте салтанатты түрде басталды. Бұл шараға мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілері мен пән мұғалімдері, 11-сынып оқушылары, ата-аналар комитетінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар, жиынға Алматы қаласынан арнайы «Ұлттық бірыңғай тестілеуге» онлайн-дайындық курстарын өткізетін Educon компаниясының «Dostyq online» білім беру орталығының жоба жетекшісі Фархат Ертарғынұлы және акцияны ұйымдастырушы ауыл азаматтары әр өңірлерден онлайн форматта қосылды.

Биылғы оқу жылында Нұра мектебінен 12 түлек қанат қағады. Түлектердің баршасы ҰБТ тапсырып, жоғары оқу орнына түсуге ниетті. Олар енді жанашыр жандардың арқасында Ұлттық бірыңғай тестіне алаңсыз дайындалып, міндетті пәндерден бөлек, таңдау пәндері бойынша да онлайн дәріс алатын болады.​​​​Мұндай іс-шара ауылдық аймақтарда өткізіліп жүрген той-жиындардың мазмұнын дәстүрлі жарыс, байқаулардан бөлек, ауылдағы жас ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер ұсынатын білім жобаларымен толықтыруды насихаттау, өскелең ұрпақты ғылым-білімге баулып, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуді мақсат етті.
«Ауыл партиясы» мүшелері Нұра мектебінің оқушыларын ҰБТ-ға дайындап, жоғары оқу орнына түсуге ықпал етуі үшін Educon компаниясына ұсыныс жасаған. Аталған компанияға тиесілі «Dostyq online» орталығы ұсынысты қабыл алып, оқушыларды ұлттық бірыңғай тестілеуге онлайн дайындайтын болды.

– Мерейтойлардың бәрі халық қалауымен, салт-дәстүрге сай өткізіліп жатады. Оған еш қарсылық жоқ. Бірақ біз ел болашағына көмегі тиетін, үлгі-өнеге болатын игі істер жасауды қажет деп таптық. Сөйтіп, Ауыл партиясы мен атқамінер азаматтар қаржы жинап, оқушыларды ҰБТ-ға дайындайтын Educon компаниясынан сертификат алып берді. Бұл – ауыл балаларына үлкен көмек. Қала баласы үшін бәрі де қолжетімді ғой. Ал ауылдық жерде мұндай мүмкіндік бола бермейді. Қазір қашықтыққа қарамайтын жаңа технологиялар қарыштап дамып жатыр. Соның бірі – осындай онлайн курстар. Әрине, бұл қаржыны талап етеді. Десе де, дарынды балалар ауылда да жетеді, тек оларға керегі – демеу ғана. Оқушылар жоғары нәтиже көрсетеді деген сеніміміз мол, – деді «Ауыл партиясы» төрағасының орынбасары Қуаныш Сейтжанов.

Сондай-ақ, ол осындай акция басқа өңірлерге де үлгі болса деген ниетін жасырмады. Өйткені, жақсылық жерде қалмайтыны белгілі.
Осындай игі іске бастамашы болған «Ауыл париясынан» бөлек, атқамінер жомарт азаматтардың қатарында Дәулен Жамбылұлы, Жанбол Ерболұлы, Айдос Науанұлы, Азамат Нұрланұлы, Ернұр Құрмашұлы, Ақан Беркімбайұлы, Дархан Дәулетұлы, Ақан Саятұлы, Аңсар Бекболатұлы, Назар Қуанышұлы бар.
Жиынға Educon компаниясының «Dostyq online» білім беру орталығының жоба жетекшісі Фархат Ертарғынұлы қатысып, орталықтың оқушыларды ҰБТ-ға дайындау тәсілімен бөлісті. Көптеген жастардың білімін жетілдіруге көмек көрсеткен орталық 2022 жылдан бері оқушыларды ҰБТ-ға үздіксіз дайындап келе жатыр.
Жоба жетекшісі Фархат Ертарғынұлы алдымен балалардың әрқайсысына жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін игі бастама жасап жатқан Ауыл партиясына, жанашыр азаматтарға алғысын білдірді.

– Жақсы оқитын оқушылар ғана ҰБТ-да жоғары балл жинайды деген миф бар. Шындығында олай емес. Әрбір оқушы жоғары балл жинай алады. Тек оларды тиімді дайындаудың тәсілін білу керек. Осы орайда Нұра мектебі оқушыларының білімін одан әрі жетілдіруге «Dostyq online» білім беру орталығы бар күшін салатын болады. Сапалы нәтиже көрсетіп, оқушылар жоғары оқу орнына түсуіне мол сенім білдіреміз, – деді Фархат Ертарғынұлы.

Сондай-ақ, ол ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындаудан бөлек, орталық өз ішінде олимпиада ұйымдастыратынын, оқушыларға университетке түсуге ішкі грант бөлінетінін айтты. Тіпті, мұнда мамандық таңдауға көмектесетін профориентаторлар да жұмыс жасайды. Орталықтың жоғары нәтиже көрсеткен түлектері осында жұмысқа шақырылады дейді жоба жетекшісі.
«Dostyq online» білім беру орталығы ортақ нәтижеге қол жеткізу үшін үштік одақ құрады, яғни бұл процеске ата-ана, оқушы, мұғалім қатысады.
Ал Нұра мектебінің директоры Досболат Мусин мұндай игі бастама – мектеп рейтингін көтеруге сеп болатынын айтып, азаматтарға алғысын білдірді. Оқушылар жауапкершілікті сезіну керегін айтып, мол үміт артты.
Сондай-ақ, ауыл азаматтары мен ата-аналар бастамашы болған жанашырларға ризашылығын тағы бір мәрте білдіріп, түлектерге сәттілік тіледі. Ал оқушылар «сенген үмітті ақтаймыз» деп отыр.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ

“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button