Жаңалықтар

Кеншілер әулеті

Аман аға мен Қамария ЖҰМАНОВТАР әулеті түгін тартса майы шығатын, кенді өлке – Қарағайлыда тұрады. Отбасының тірегі, бүгінде бақилық болған Аман КӨШКІНБАЙҰЛЫ саналы ғұмырын осы тау-кен саласына арнады. Бүгінде жары Қамария бастаған алты баласы «Қарағайлы кен байыту фабрикасында» жемісті еңбек етіп жүр.

Жалпы, Жұмановтар әулетінің «Қазақмыс корпорациясына» қарасты фабрикадағы еңбек жолы жарты ғасырға жуық. Отағасы өндірісті өлкеде тұрған соң өмір жолын осы салаға арнады. Отанасы Қамария Әлкенқызы да бастапқыда тазалықшы, кейіннен лаборант болып еңбек етті. Бүгінде құрметті еңбек демалысында. Әке мен шешенің еселі еңбегін жастайынан көріп өскен ұл-қыздары да кенші болуды қош көріп, өндіріске жол тартты.

Балалары Жанар мен Жанна аспалы көпірлі кранда, Серікбол электрогазбен дәнекерлеуші, Елдос пен Рымбек сүзгі қондырғысында болса, Бекзат ұнтақтаушы-машинист.

Аудан халқының тіршілік өзегі, негізгі нәпақасына айналып отырған кәсіпорында тынбай еңбек етіп жүрген Жұмановтар әулет үрдісін жалғастырып келе жатқан еңбекқор жандар. Жергілікті халықты жұмыспен қамтып, ортақ қазынаның қоржынын қампайтып, еліміздің өндіріс саласындағы қуат қарымын еселеп отырған фабриканың тынымсыз жұмысына маңдай тер еңбектерін сіңіруде.

Ауыр техника, қуатты құрылғылар, үздіксіз жүріп жатқан конвейерлер-кеншілер әулетінің сенімді серігі десе де болады. Күні-түні үздіксіз еңбектің майданына түскен майталмандар отбасы еліміздің қуат қарымын еселеп келеді.

Кәсіби мерекеміз біз үшін әрі отбасылық мереке. Осы күні бүкіл әулет болып жиналамыз. Кішігірім той жасаймыз. Басымыз қосыла қалса, тау-кен саласы туралы әңгімелесеміз, өйткені біздің өміріміз, тыныс-тіршілігіміз дүбірлі өндіріс, қазыналы кенішпен байланысты, – дейді Жанар Жұманова.

Еңбекші топтың қауіпсіздігі қатаң сақталған. Жұмыс барысын жеңілдету мақсатында кәсіпорындардағы техникалар мен құрылғылар үнемі жаңару үстінде. Бұл жоспардың орындалысын қамтамасыз етеді. Бүгінде зор серпінмен дамып келе жатқан фабрика кенді өлке тұрғындарының болашаққа деген сенім қайнары. Дәл осы жолда Жұмановтар әулетінің үлесі басым.

Сағыныш ӘБІЛ. 

Басқа материалдар

Back to top button