Бас тақырып

Кеншілер рухына тағзым

Қарағандыда қаза тапқан шахтерлерге ескерткіш орнатылды. Костенко атындағы шахтаның аумағында қаза тапқан кеншілерге арнап орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Еске салайық, өткен жылдың 28 қазанында 46 кеншінің есіл өмірін қиған алапат апат орын алған болатын. Кеншілердің туыстары мен әріптестері, билік өкілдері, «Qarmet» компаниясының басшылығы көз жұмған шахтерлерді еске алып, гүл шоқтарын қоюға жиналды.

– Костенко шахтасындағы қайғылы оқиға қарағандылықтардың ғана емес, барша қазақстандықтардың жүрегінде шемен шер қалдырды. Бұл – орны толмас ауыр қайғы. Қаза тапқандардың туыс­тары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтқым келеді. Сол күндері Мемлекет басшысы жақындарынан айырылған отбасыларды қолдау үшін Қарағандыға жеке өзі келді. Біз әр отбасына қажетті қолдау мен көмек алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Мемлекет басшысы облысымыз­ға соңғы сапары барысында кеншілер үшін еңбек қауіпсіздігі мен лайықты жұмыс жағдайларын қамтамасыз етуге баса назар аудару керектігін қадап айтқан еді, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Мемориалдың авторы – қарағандылық мүсінші және суретші Игорь Баграмов. Қара граниттің габбро түрінен жасалған ескерткіш белгісі кеншілердің кенжарға кетіп бара жатқанын білдіреді. Үш метрге жуық кешен құрылымында 46 қаза тапқан кеншінің есімдері ойылып жазылған. Периметрі бойынша 46 жас ағаш егілді.

Ескерткіш кешенінің пішіні кіреберіс алаңын көрсетіп, жоғарғы жағында жартылай дөңгелек доғасы бар қабырға тәріздес. Бүйір тұстан ойылған кеншілер сұлбасы көрінеді. Ал, мемориал қабырғасында қайғы мен қасіретті бейнелейтін жұмбақ жарықшақ бар. Ескерткіштің екінші бетінде шахтер каскасы қалыптанған. Мемориалдың шеті гүлзармен, шатырлы сәкімен, жарықтандыру тіректері безендірілді.

Таяуда Қарағанды қаласының орталық саябағында Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілерге тағы бір ескерткіш орнатылған еді. Оны мүсіншілер Игорь Баграмов пен Тарас Кишкарев қашаған. Биіктігі үш метрден асатын ескерткіш кеншінің бейнесін бейнелейді. Еңселі тас­мүсін 2006 жылы қаза тапқан кеншілерді еске алуға арналған ескерткіштің маңында тұрғызылды.

Иә, қасиетті Қарағандының жерінде төбе көрсетіп, жаңғырықтай жаңғырған естеліктер, мұндағы қым-қуыт өмірдің ең бір тәлімді парақтарындағы жазмышты баян ететіндей. Қабырға қайыстырар қайғының қара бұлты сейіле қоймаса да, есіл ерлерді ұмыту тұрмақ, жүректердің төрінен жоғалту әсте мүмкін емес. Ерлік пен еңбек жолында қаза тапқан кеншілердің есімі ел есінде мәңгіге сақталмақ. Әрбір есім, әр көмірдің түйірі, әрбір гранит сынығы – естен өшпес естелік пен терең құрметтің төлтума белгісі. Бұл еңселі ескерткіштер тек тас пен темірден емес, қайсар рух пен қасіретке толы тарихтан қаланғандай әсер ұялатады. Жылдар өтер, ұрпақ көші ауысар, бірақ, кенжарға кеткен кенші елесі қарағандылықтардың бір кезде қан жылаған беріш жүрегінде жазылып қалды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button