Ресми

Кеншілер мәселесі – билік назарында

Тыныс-тіршілігі көмірмен байланысты аймақ үшін кеншілердің мұң-мұқтажы бейжай қарайтын мәселе емес. Осы орайда, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кеншілермен кездесіп тұруды жақсы үрдіске айналдырды.

Аймақ басшысы ұжымдардың мәселелері жөніндегі келісім комиссиясының кезекті отырысына қатысты. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаменті шахталарының әлеуетін дамыту мәселесі кеңінен талқыланды.

– Келісім комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Соның нәтижесінде кеншілер ұжымдарын толғандыратын мәселелердің көпшілігі оң шешімін тапты. Бұл біздің кәсіпорындардың тұрақты жұмысына ықпал етеді. Бірақ, біз жауабын күтіп жүрген бірқатар жүйелі сұрақтар қалып отыр, – деп атап өтті «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев.

Кеңесте қаралған басты мәселе – кеншілердің зейнет жасын шегеру. Осы ұсыныс пен өзге де мәселелерді айту үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрімен кездескісі келетіндіктерін жеткізді. Жалпы, кеншілердің зейнетақы мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағандыға іссапары кезінде де көтерілген болатын. «Бұл зейнетақы мен салық жүйесіндегі, сондай-ақ, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі өзгерістерге қатысты өте күрделі мәселе екенін атап өткім келеді. Үкімет қарастырып жатыр. 2023 жылдың басында маған нақты ұсыныстар жасайды» деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сонымен қатар, компания өкілдері инвестициялық жобалар мен жабдықтарды жаңарту жоспарларымен де бөлісті. Бұл бастамалар алдағы уақытта әр шахтаға ұсынылуы керектігі айтылды.

– Осы жерде айтылған ақпарат қолжетімді болуы керек. Презентацияларды кәсіпорындарға орналастырыңыздар, кездесулер өткізіңіздер. Кеншілер өз шахталарының болашағын көруі тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Жиында қызметкерлерді сауықтыру мәселесі де көтерілді. Қазір «Шахтер» демалыс үйі мен «Жартас» шипажайы жөндеуге жабылған. Дегенмен, бұған қарамастан кеншілерге еліміздегі өзге де шипажайларға жолдама ала алатындығын жеткізді компания басшылары

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button