Кеншілер қаласы – кемел жаста
Қазақ даласының ханжайлауы – қастерлі Қарағанды шаһары ертең сексен үш жасқа толады. Алды-артын анық пайымдап, айналаға парасат биігінен қарайтын абыздың жасы – кеншілер қаласының кемеңгер шағы дерлік. Қазақ қазақ болғалы Қарағанды аталған қала қазір жонына өркениет жантайған Алаштың алып шаһары. Қала берді, қазақтың құт-қазынаға толы индустриялы өлкесі. Оны қызмет жолын осы қалада бастаған Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өзі айтқан.
Қасиетті Қарағанды қаласы Арқа даласының ғана емес, Алаш жұртының абыройы. Арман-мұратын болашаққа жалғап, күллі Арқа даласына ақылы жетіп, ормандай елін ой-қанатының астына алған кемеңгер абыздың өзі. Сексен үшке келген сұңғыладай ордалы оқу орны – Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің алдынан үш жарым ғасыр жасаған Қаздауысты Қазыбектің тілінде сөйлеп кетеді кейде: «Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ ешкімге соқтықпай,
жай жатқан елміз.
Елімізден кұт-береке
қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау
баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз!
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөзді асырмаған
елміз!
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәмі, тұзын ақтай білген елміз,
Асқақтаған хан болса,
Хан ордасын таптай білген елміз!
Атадан ұл туса, құл боламын
деп тумайды,
Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды,
Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз!», – дейді. Енді бірде ел десе, емешегі үзілердей Бұқар жырауша тебіренеді. «Айнала алмай ат өлсін, Айыра алмай жат өлсін. Жат бойынан түңілсін – Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз», – деп бірлік пен татулыққа шақырады. Бұқар баба тұрған жердің бәрі қазақтың кіндік астанасындай елестейді де тұрады маған. Қасында Абылайы болса – болды. Одан сәл жоғары аттап берсең, Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры қарсылағанда, төбең көкке тиер тиместей қалады. Алдында адамзаттың сұлтанындай Сәкеннің өзі отыр. Қарағандының ғана емес, қазақтың мақтанышы.
«Ей, тәкәппар дүние, Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, Мен қазақтың баласы!», – деп бір шетінен Қасым ескерткіші шыға келгені қандай ғажап! Кең көшелерін аралап керуенсарай тұсына келсеңіз, Қаныш Сәтбаев шығады алдыңнан. Кең даладағы кен орындарын тапқан кемел тұлға. Ел бағына туған бұлардың рухы қаладағы қара көз қандастарымен қоса шаһардың Оңтүстік-Шығысындағы көк байрақтың (Тутұғыр) құламауын, қаймана қазақтың қайғыдан жыламауын тілейді. Оның бір жақ бүйірінде жаңадан салынған «Достық» үйі менмұндалайды. «Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз» деген Бұқар өсиетінің орындалғаны. Алып тудың бір жақ бүйірінде «мені қайда қалдырасың» деп Майқұдығы жатыр. Түгін тартса, майы шығатын текті топырақ Қазақстан атын әлемге әйгілеуде. Басқасын айтпағанда, жалғыз-ақ Геннадий Головкині арқылы. Ендеше, әлемге аты мәшһүр шаһар абырой биігінен құламасын!
Жәнібек ӘЛИМАН