Кенші құжаты – мұрағатта
Қарағанды облысы мемлекеттік архивінің және көмір саласының жеке құрам бойынша филиалы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерінің, «Шахтер даңқы» төсбелгісінің толық иегері, «Шахтинск қаласының Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасының Құрметті шахтері, Қарағанды көмір бассейнінің ардагері Аңғар Аяпбергеновтің жеке құжаттары құрметпен мұрағат қорына тапсырылды.
Жалпы, Қарағанды қаласында бұған дейін де атақты кеншілер болған. Алайда, Аңғар Аяпберген тек кенші ғана емес, ол – осынау бай өлкенің жанашырының бірі. Туған жері басқа болса да, еңбек жолы қарағандылық қара алтынның аясында өрбіген. Оның мұражайға өткізілген жеке құжаттары мен жұмыс барысында қолданған заттарының әрбірінде бір тарих жатыр. Сонау заманнан бергі қарағандылық қара алтынның біз білмейтін сырлары да осы тұлғаға аян. Шараға қорқұрушының туған-туыстары, әріптестері, балалары мен немерелері қатысты. Сонымен қатар, жергілікті БАҚ өкілдері, колледж студенттері бар. Онда кенші туралы аңызға бергісіз естеліктер айтылып, еңбек жолдары баяндалды. Ал, кеншінің қызы Аида Аңғарқызы облыстық мұрағат қорына әкесінің құнды құжаттарын табыстады.
– Әке деген қашан да биік. Менің әкем өз елінің сыйлы азаматы. Бұған шүбәм жоқ. Осыншама жұрттың жиналуы да сол әке абыройының арқасы. Қарағанды көмірімен қатар айтылар кеншілер есімі сирек. Ал, соның бірі әрі бірегейі – менің әкем. Оның еңбек жолында жанына серік болған барлық құжаттарын енді мемлекетке табыстаймыз. Ол тарихи құжатқа айналып болашаққа мұра болып қалады деген сенімдеміз, – деді Аида Аяпбергенова.
Аңғар Қамзабайұлы 1942 жылы 15 маусымда Көкшетау облысы, Қазан ауданы, Қоскөл ауылында көпбалалы зиялы отбасында дүниеге келген. «Кенші боламын» деген арман жетегімен Қарағанды политехникалық институтының тау-кен факультетінде білім алған Аңғар Қамзабайұлы осы жерде тұрақтап қалды. Ол жұмыс істеген өндіру учаскесі тәулігіне мыңдаған тонна көмір өндіріп, рекорд та жасады.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz