Руханият

Кенші даңқы – қара өлеңде

Қарағандыда кеншілердің даңқын жырмен асқақтатуды мақсат тұтқан «Кенді өлке – Қарағанды» атты республикалық мүшәйра өтті. Жыр додасын Қарағанды қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Жүлдегерлер шаһардың орталық саябағындағы сахнада марапатталды. Шара кезінде өлеңмен бірге жаңбыр жауды.

 

Бұл мүшәйраға республика бойынша 18 бен 45 жас аралығындағы қырықтан астам ақын өлең жолдаған. Солардың ішінен 9 ақын жүлдеге лайық деп танылды. Қазылар алқасының құрамында ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, ақын Бауыржан Бабажан, жазушы, этнограф Төрехан Майбас, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқаш болды. Ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы төрағалық етті.

 

Бұл мүшәйрада екі ақынға бірінші орын берілді. Біреуі Атырау қаласынан келген Әлия Дәулетбаеваға, екіншісі теміртаулық Әділет Шөпенге бұйырды. Қос шайырға 700 мың теңгеден табысталды. Екінші орын астаналық Жәнібек Әлиманның қанжығасында. Екінші орынның жүлдесі – 400 мың теңге. Үшінші орынды Астанадан келген Ұларбек Дәлейұлы (300 мың теңге) мен Алматыдан келген Асылан Тілеген (300 мың теңге) бөлісті. Ынталандыру сыйлығына Салтанат Қайырбек (100 мың теңге), Дәулет Жадырасын (100 мың теңге), Таңсәуле Әгенқызы (100 мың теңге) және осы жолдардың авторы ие болды.

Мүшәйраның шарты бойынша ақындар Қарағандыға және кеншілерге өлең арнады. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлының пікірінше, бұл жыр додасының деңгейі жоғары.

– Бұл жолы екі ақынға бірінші орынды беруді ұйғардық. Өйткені, келіп түскен өлеңдердің деңгейі биік. Жақсы өлеңге жақсы жүлде бергенді жөн санадық. Өз бағасын алуы тиіс. Қазақтың дарынды, біртуар ақындары қазылық етті. Жүлдегерлерді анықтау оңай болмады. Мүшәйраның мақсаты — кенді өлке Қарағандының топырағында өткен тарихи оқиғалар мен тұлғалар тағылымын дәріптеу, өлең өзегіне айналдыру һәм кеншілер өмірін жырға қосып, еңбек жолын насихаттау, – деді Жанат Жаңқашұлы.

Әуелде ақындар үшін 6 жүлде ғана тағайындалыпты. Қазылардың шешімімен тағы қосымша 3 жүлде қосылған. Әкімдіктен бөлінген қаражаттан бөлек демеушілерден де қолдау болған. Ұйымдастырушылар Арқаның арда азаматы Нұргелді Омархановқа, атымтай Бекзат Қомарұлына және «Exim Artis» компаниясына алғыс білдірді.

Кеш барысында Арқаның танымал әншілері Медет Осатаев, Арайлым Жүкенова, Саян Бөдес, Нияз Қанафия, Нұрбек Шабан ән шырқады.

Кезінде қазақтың даңқты ақыны Жұмекен Нәжімеден мен жазушысы Бердібек Соқпақбаев Қарағанды шахталарында еңбек етіп, кеншілікті шығармаларына арқау еткен.

Назарларыңызға бірінші орын алған атыраулық Әлия Дәулетбаеваның өлеңін ұсынамыз.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button