Кенішті өңірдің келешегі айқын
Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ қатысуымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, автомобиль жолдарының жөнделуі, ҚР Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу дайындығы сынды ауқымды үш мәселе қаралды.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Қайрат Бегімов мәлімдеді. Жыл басында 225 елді мекен (53,4%) орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді. Қалаларды бұл көрсеткіш 85,3%-ды құрады. Биыл қаржыландыру көздерінен бөлінген 1,6 млрд. теңге қаражат есебінен 7 жобаның жүзеге асуы жалғасуда.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абайділдә Санаубаров пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Қанат Шаймин баяндама жасады. Олардың айтуынша, облыстың жалпы қолданысқа берілген 559 шақырым көлік жолына жөндеу жүргізілді. Биыл жөндеу жұмыстарына бюджеттен 38,5 млрд. теңге бөлінген екен.
ҚР Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу дайындығы жөнінде облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Рыстин мәлімет берді. Аталған мерекенің маңызды мақсаты – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетіміздің қалыптасуындағы, XXI ғасырдағы Қазақстанның тұрақты дамуындағы қоғамдық ауқымды тарихи ролін нығайта түсу. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл мейрамның арқалаған жүгі де ауыр. Соған байланысты, қалалар мен аудандарға Тұңғыш Президенті күнін мерекелеудің тұжырымдамасы, тақырыптық лозунгтар жіберілді. Шараның облыстық жоспары әзірленді.
Рауан ҚАБИДОЛДИН