Кеніші көп, өрісі жоқ кент
Қарағанды облысындағы Дубовка кентінің тұрғындары елді мекен маңында кезекті өндірістік кеніштің пайда болуына қарсы пікірде. Бес жыл бұрын, ауыл маңында көмір өндіруге кіріскенде ұңғымаларда су тартыла бастаған. Енді кәсіпкерлер мұнда балшық өндіруге де ниетті көрінеді.
Дубовкада белсенді тұрғындар баршылық, бірақ бұл жиында зал бос. Сәл соңыра келгендер жиналыс туралы кездейсоқ білген. Кеніш Дубовкадан екі шақырым және Ақтас кентінен бір шақырым жерден қазылмақ.
– Су тартылды. Тіршілік көзіне шынымен зәру болып қалдық. Бұл – бір. Алып машиналардың олай-былайғы қозғалысы жақын маңдағы үйлерге кері әсерін тигізеді. Баспанамыз шөгіп, не қабырғасы қақырауы мүмкін. Қарап отырсақ, біздің қауіпсіздігімізді елеп-ескеріп отырған адам жоқ екен мұнда! – деді Дубовка кентінің тұрғыны Галина Бабаева.
2018 жылы дәл осындай тыңдаулар көмір карьерін дамытуға қатысты өткен еді. Ауыл тұрғындарының қарсылығына қарамастан, өндіріс ошағы жұмысын кідірместен бастап кеткен. Тұрғындар күдігі расқа шықты. Жақын маңдағы су сарқыла бастаған. Кәсіпорын басшылығы елді мекенге келер қауіп жоқтығына сендіріп баққан. «Аймақты абаттандырамыз» деген уәдесі де бар-тын.
– «Соқыр-Көмір» кенжары ашылғанда өндіріс ошағының басшылығы көгалдандыру жұмысына да мән берілетіндігін алға тартып, ант-су ішкен. Бірақ уәде сөз күйінде қалып қойды. Аз уақыттан соң көгалдандыру жайына қалып өзге қожайын пайда болды. Екі ай өтер-өтпестен келген жаңа қожайын көгалдандыру жұмыстарына уәде бермегендігін айтып ақталды, – деді наразылығын білдіріп, Дубовка ауылдық округінің әкімі Ерғали Кисраунов.
«SERVETSARYARKA» компаниясының басшылығы да ауылға өндіріс зияны кем деген уәж келтіріп әлек. Өндіріс жобасының құжаттағы сипаттамасымен танысқан тұрғындар кент маңында кәдімгі шахта салынатындығын оқып, наразылығын жасырмады. Құжатты әзірлеушілер «Жобаны өзгертіп түзейміз» деді.
– Иә, балшық өндірісіне небәрі 20 метр тереңдік қана қажет. Одан әрі тереңдер мақсат жоқ. Біз қазір 10-15 метр тереңдікте жұмыс істеп жатырмыз, – деп түсіндірді «SERVETSARYARKA» ЖШС коммерциялық директоры Аткен Ахметбеков.
Ал, жобада 40 метр тереңдік. Өз кезегінде кәсіпкерлер тек жылы мезгілде жұмыс істейтіндерін, сазды шатырмен жабылған самосвалдармен алып кететіндеріне сенімі нық. Қарағандыдан тұрғындарға су тасуға уәде берді. Алайда, тұрғындар бұған бәрібір қарсы. Жиынды көздеген нәтижесіне жетпеді деп тануды талап етеді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»