Кенесарының түр-тұлғасы туралы не білеміз?
Өткен жылы қазақтың соңғы ханы, Ресей отарлаушыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі көсемі Кенесары Қасымұлының (1802-1848) туғанына 220 жыл толды. Бірақ қырғыз манаптары кесіп алып, патша жендеттеріне жөнелткен оның бас сүйегі елге әлі қайтарылған жоқ. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты орынды мәселе көтерді. Сондай-ақ, газетіміздің осы 2023 жылдың 19 қаңтарындағы санында астаналық суретші Жеңіс Кәкенұлының «Шахтер әкенің суретші ұлы» деген мақаласы жарияланып, онда жерлесіміз, Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайылов салған Кенесарының суреті басылды. Қазіргі кітаптар мен басылымдарда жарық көріп жүрген де осы сурет. Міне, соған байланысты өз білгенімізді ортаға салғанды жөн көрдік.
Шындығында, Кенесарының бет-бейнесі салынған сурет сақталмаған. Қазіргі жарияланып жүрген суреті оның баласы Сыздық сұлтанға ұқсастырылып жасалған (автор). Алайда, оның түр-тұлғасын суреттеген мәліметтер бізге дейін жетті. Енді, солардың бірнешеуін келтірейік. Мәселен, қазақ Наурызбай Шегеновтің айтуы бойынша, «Кенесары – орта бойлы, ашаң, таңқы мұрындау» болған көрінеді.
Ханның ордасында болған барон Уаселер де оның сыртқы сипатын осыған ұқсас суреттейді. Кенесары «орта бойлы, арықша келген, жүзі қалмақ тектес, қысаң көздерінде ақыл оты мен қулық бар, бет-пішінінен қатыгездік көрінбейді» деп жазады ол. («Орынбор шекара комиссиясының есебінен, 1847»)
Кенесарының сыртқы түрінің толық суреттемесін Сұлтан Барақ Солтабаев өзінің жазбасында береді: «Кенесары хан арықша келген, жуан мойынды, орта бойлы еді. Оның жүзі қараторы, тартымды, көздері жалтылдаған бүркіттікіндей қызыл және танауы делдиіңкіреген еді. Кішірек мұрты және қалың, сары қоңыр шоқша сақалы бар. Ол аз сөйлейтін және өзін қаталдау, байсалды, үлкен бекзаттықпен ұстайды. Ол басына құндыз терісімен көмкерілген кішігірім тері тымақ киеді. Киімдерінің сыртынан түйе жүнінен тоқылған сұр шекпен жамылып, оның ішінен кәмшат терісінен тігілген тон киеді. Жейдесі мен шалбары ақ матадан қолдан тоқылған». («Қырғыз тарихының материалдары, 394-бет»). Қаржас елін көшіріп әкету үшін Кенесары көп қолмен келгенде, қанжығалы Саққұлақ бидің оған тыңшылыққа жіберген адамы Сағы оны былайша сипаттайды: «Жар салған шу басылған кезде кіруге мен де рұқсат алдым. Қипақтамай, алдиярлап кіріп келдім. Бұрын бір-ақ рет көрген едім, түсі суық, кісіге шабатын бура сияқты. Арты Сенек, жар қабақ, үлкен қыр мұрынды. Кеуде жағы кең, қасқыр кеуде адам екен».(Е.Саққұлақұлы, Т.Ерғалиев «Өмір шежіресі», 2005, 25-бет).
Міне, менің де осы соңғысында айтылғандай суретті көргенім бар. Ол кесіп алынып, бальзамдалып, Санкт-Петербургтегі Эрмитажға қойылған Кенесарының бас сүйегі. Ол біреулер жазып жүргендей отқа қуырылған емес, кәдімгі бас терісі сол қалпында, көзі жұмулы өлген адамның кескін-келбеті. Мұрты да, қас-қабағы да жоғарыда суреттелгендей. Астына «Голова киргиза-бунтаря» деп жазылған. Мен осы суретті оқушы күнімде әкем марқұм жинаған кітаптарының ішінен 1904 жылы Санкт-Петербургте басылып шыққан «История царской тюрьмы» деген қалың қызыл кітаптың 2-томынан оқып, көргенмін. Бұл кітапта XIX ғасырдағы Кавказ халықтары ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі, имам Шәмілдің серігі Қажымұраттың басы мен орыс революционері Дмитрий Каракозовтің маңдайына «Вор» деп шыжғырылып басылған жазуы бар басы мен тағы да басқа адамдар бас сүйектері бар болатын. Кейін сол кітап қолды болып, қанша іздестірсем де таба алмадым. Тіпті, оны жақын танысым, белгілі өлкетанушы Юрий Попов та іздеп, таба алмады. Енді, осы қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының «қор болған Алтын басын» туған еліне қайтарып, Кейкі батырдікі секілді арулап, жер қойнына тапсыру керек деген ойдамыз…
Өйткені, 1833 жылы Польшада азаттық күреске қатысқаны үшін қазақ өлкесіне жер аударылған Адольф Янушкевич Кенесары тұлғасына қайран қалып, оны Алжир халқының француз отаршыларына қарсы күресінің көсемі Абд Эль Кадермен теңестіреді. («Дневники и письма из путешествия по казахским степям» (перевод с польского, Алма-Ата, 1966, стр.51). Ал, орыс саяхатшысы П.Семенов-Тян-Шанскийдің хан Кенесарыны біздің эрамызға дейінгі екінші ғасырда Рим империясының отаршыл саясатына қарсы халқын көтеріп, жанталаса күрескен Поет патшасы Митридат II Евпатормен теңестіруі де қазақ ханының саясатшыл дипломатиялық шеберлігін мойындағандығы. («Путешествие в Тянь-Шань в 1856-1857 годах» Москва, 1956 г., стр .54).
Орыс зерттеушісі Н.Середа Кенесарының жеке басына тағы да мынадай көңіл аударарлық мінездеме береді: «Кенесары өз жасақтарының ықыласына лайық билеуші бола білді. Оның жасақтарының рухының жоғарылығына еуропалық әскердің қолбасшысының қайсының өзі де қызғана қарайтындай еді…»
Ендеше, осындай аруақты тұлғаның бас сүйегі елге қайтарылса, рухымыз одан да асқақтай түспек.
Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz