Кенеден сақ болайық
Соңғы жылдары Қарағанды облысы аумағында климаттық жағдайдың өзгеруі кенелердің белсенділігінің артуына қолайлы жағдай туғызып отыр.
Облыста өткен жылдың сәуірқыркүйек айларында кене шағу фактілері 2017 жылғы дәл осындай кезеңмен салыстырғанда 38,0% артық тіркелген. 2018 жылы кене шағуымен байланысты болатын жұқпалы аурулар тіркелмегенімен, зертханалық жолмен тексерілген кенелерден 12,8% туляремия, 0,7% кене энцефалиті аурулары анықталды. Сондықтан, әрбір адам кенелердің жұқпалы ауруларды таратушылар ретінде зиянын білуі қажет.
Ауру сәуiр айынан қазан айына дейiн таралады, бiрақ ең қауiптi кезеңі – мамыр-маусым айлары. Өйткенi кененiң көбейетiн кезi – осы уақыт.
Кене шағуының алдын алу үшін жеке бастың сақтық шараларына мән беру керек. Егер орманға, таулы жерге серуендеуге барсаңыз, ашық түстi киiм киiңiз. Ең бастысы, өз киім-кешегіңіздің дұрыс жинақталуына назар аударыңыз. Шалбардың балағын бәтеңкеге немесе етіктің қонышына салу керек. Көйлектің жеңі мен жағасы ұзын болса, кененің еніп кетпеуінен сақтайды. Кене шаққан адамдар тез арада жақын маңдағы медициналық мекемеге барып, мамандар бақылауында тұрғаны жөн.
Егер денеңiзден кененi байқап қалсаңыз, кененiң тұмсығын жiппен орап алып, жайлап денеден шығарып алу керек. Оны денеден күрт тартып алу – вирус жұқтыру қаупiн арттырады. Шаққан жерiн йодпен немесе спиртпен сүрту қажет.
Г.МУКСИНОВА,
Қарағанды облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің карантинді және аса қауіпті инфекциялық ауруларды эипидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы.