Кене энцефалитінің алдын алу
Кішкентай және зиянсыз көрінетін кене – кене вирустық энцефалиті қауіпті ауруын тудыруы мүмкін. Бұл жұқпалы ауру қызба, интоксикация және орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен сипатталады. Кене энцефалитінің вирусы жәндіктердің сілекейінде болады. Ол адамға немесе жануарға тістеу кезінде беріледі. Айта кету керек, кене жабысқаннан кейін бірден алынып тасталса да, ауру қаупі бәрібір сақталады.
Кенелердің сүйікті мекендейтін жерлері – орман жолдары, жалғыз аяқтық жолдар, соқпақтар, сондай-ақ саяжайлардағы, қалалық саябақтар мен скверлердегі шөптер мен бұталар. Кене энцефалитімен барлық жастағы адамдар ауыруы мүмкін. Кенелердің белсенділік маусымы мамырдан қыркүйекке дейін созылады. Кенелер ұша алмайды, бірақ та олар бұталарға, биік шөптерге көтеріле алады, сонымен қатар 10-15 метр қашықтықта адамның иісін сезіп, желдің екпінін сәтті жоспарлай алады. Сондықтан кенелер орманның немесе саябақтың ішіне қарағанда жолдардың бойында көбірек кездеседі.
Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары, Алматы маңы және соңғы жылдары Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары кене вирустық энцефалиті бойынша эндемиялық өңірлер болып танылды.
Шахтинск аймағы бойынша кене энцефалитін жұқтыру жағдайлары тіркелмеген, бірақ жыл сайын кене энцефалиті вирусының айналымын зерттеу мақсатында кенелерді жинау жүргізіледі, олар зерттеу үшін Қарағанды қаласының аса қауіпті инфекциялар зертханасына жіберіледі.
2023 жылы Шахтинск аймағы бойынша 16 адам кене шағуымен тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 5 бала, 11 адам ересектер. 2024 жылдың ағымдағы кезеңінде 7 кене шағуы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 1 бала және 6 адам – ересектер.
Аурудың табиғи ошақтарында алдын алудың нақты шарасы халықты кене энцефалитіне қарсы вакцинациялау болып табылады.
Кене энцефалитінің алдын алудың спецификалық емес шараларына кенелерден қорғанудың жеке шаралары жатады:
– Ашық түсті киімдерді таңдап, жағаларды, манжеттерді, көйлекті шалбарға, ал шалбарды аяқ киімге немесе шұлыққа мықтап бекітіңіз. Құлақты, мойынды және бас терісін қорғау үшін басты капюшонмен, бас киіммен, орамалмен жабу керек. Егер Сіз дұрыс киінсеңіз, кене теріге жете алмайды. Ол жұқа теріні іздейді (құлақтың артын, кеуде астын, мойын, шынтақ бүгілуін, шап, бел);
– Дененің ашық жерлеріне, сондай-ақ киімнің үстіне сатылымда бар жәндіктерді қорқытатын нәрселер немесе репелленттерді жағыңыз;
– Табиғатта демалғаннан кейін денені кенелердің болуына тексеру керек.
Егер адам терісінде жабысқан кене табылса, оны медициналық мекемедегі медицина қызметкері алып тастауы керек, онда кенеге қарсы иммуноглобулинмен профилактикалық шұғыл емдеу жүргізіледі, ал кененің өзі зертханалық зерттеуге жіберіледі.
Кене шаққан барлық адамдар кене шаққаннан кейін 3 күннен кешіктірмей кене энцефалитімен аурудың алдын алу мақсатында одан әрі бақылау үшін медициналық көмекке жүгінуі керек.
Г.ЖУМАГУЛОВА,
Шахтинск қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары.