Кенді өлкенің келешегі – кемел
Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Жезқазған қаласына жұмыс сапарында Өңір тұрғындарымен кездесіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Сәтбаев қаласына да арнайы ат басын бұрып, қала тыныс-тіршілігімен танысты. Жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін арттыру мәселелерін талқылады.
Ауыз су сапасы жақсарады
Жезқазған қалалық бөлімдері және басқарма басшыларымен кеңес өткізген Ерлан Қошанов аймақты сумен қамтамасыз ету мәселесін айрықша қарастырды. 2017 жылдан бері мұнда екінші және үшінші кезектегі жүйелерді қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Осының нәтижесінде қаладағы барлық су құбыры жүйелерінің жартысынан астамы ретке келтіріліп, олардың тозуы 70%-дан 30%-ға дейін азайды. Десе де, бұл шаралар ауыз су мәселесін толық шеше алмай тұр. Аймақ басшысы бұл мәселені шешу үшін жерасты су көздеріне көшуді тапсырды.
- Жерасты суларына көшуді жүзеге асыру және республикалық бюджеттен қаржы сұрау үшін бізге резервуар мен сорғы станциясын салу қажет. Ауыз су сапасын жақсарту үшін осы мәселелермен айналысуды қатаң тапсырамын, – деді ол.
Облыс әкімі қалада жолдар мен жылу беру жүйесі белсенді жөндеуден өткізіліп жатқанын, халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлер салынатынын атап өтті.
- Қала тұрғындарының үдере қоныс аударуын тоқтаттық. Дегенмен де, адамдардың қаладан көшіп кетуі себептеріне талдау жасап, оларды шешу қажет. Менің ойымша, бұған бірінші кезекте жұмыс орындары мен әлеуметтік кепілдіктер мәселесі әсер етуде, – деп атап өтті Ерлан Жақанұлы.
Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімовтің айтуынша, қалада шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Кәсіпкерлер бюджеттің 37% түсімін қамтамасыз етеді. Қалада жалпы сомасы 13 млрд. теңгеден астам 25 бизнесжоба іске асырылуда. Сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясының жаңа зауытының құрылысы және құс фабрикасын құру жобасы мақұлданды. Жақын арада Жезқазғанда арзан бағамен тауарлар сатылатын «Ұлы Дала» желісінің 10 супермаркеті ашылады.
Қайрат Бегімов өз сөзінде әлеуметтік мәселелердің шешілуіне де тоқталды. Биыл Жезқазғанда 1140 жұмыссыз тұрақты жұмыс орнын тауып, сегіз адам «Еңбек» бағдарламасы бойынша өз ісін ашуға шағын несие алған. Көпбалалы отбасылардың 529 баласы қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие болды. Мектептерде 1200 оқушы ыстық тамақпен тегін қамтылады. 17 мектепте ұзартылған күннің тегін топтары ашылды.
Жезқазған қаласының дамуы мен абаттандырылуы да сөз болды. Бұл бағытта белсенді шаралар қолға алынуда. Биыл қалаішілік 15,6 км жол мен 8 ауланы жөндеу жоспарланған.
Құрылыс – қарқынды
Жезқазған әлеуеті келесі жылы жаңа әлеуметтік нысандармен толыспақ. Аймақ басшысы құрылысы қызу жүріп жатқан мешіт пен мектепке барды.
Мешіт биыл ақпан айында «АқМешіт» қоғамдық қорының бастамасымен салына бастаған.
Қаладағы 500 адамдық ескі мешітке ниет білдіруші жамағат сыймайды әрі ол қала шетінде орналасқандықтан, қолайсыздық тудыруда. Іргетасы құйылған жаңа мешіт жалпы аумағы 2,916 шаршы метрді құрайды. Оған 1500 адам еркін сыятын болады.
- Құрылыс жұмыстары мерзімінде жүргізілуде. Кадрлар тапшылығы жоқ. Барлық қажетті құрылыс материалдары сатып алынды. Жұмысты уақытында аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді «Ақ-Мешіт» қоғамдық қорының төрағасы Марат Бекмағамбетов.
Ерлан Жақанұлы жаңа мектеп-интернаттың да құрылысы белгіленген мерзімге сай жүргізіліп жатқанын көрді. Құрылысшылар қабырғаларды жартылай тұрғызып үлгерген. Ғимарат 900 оқушыға есептелген. Бұл жерде Жезқазғанның ғана емес, Сәтбаев қаласы мен Ұлытау ауданынан да балалар білім алатын болады.
Өңір басшысы мердігерлерге ғимараттың келесі оқу жылына дейін дайын болуын тапсырды. Қазір қалада дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да басталды.
Емдеу мекемелері – ел игілігіне
Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы ауруханалар мен емханаларда ауқымды жөндеу жұмыстарымен танысты. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, қаладағы перзентхана ғимаратының салынғанына 40 жылдан астам уақыт өткен. Ол қазіргі заманғы санитарлық нормаларға сай келмейді. Оны көпсалалы аурухана ғимаратына көшіру арқылы аталмыш мәселені шешу мүмкіндігі бар. Қазір ауруханада 2000 шаршы метр бос орын бар.
- Мен бұл идеяға қарсы емеспін. Қазір бүкіл Қазақстан бойынша ауруханалар мен емханаларды ірілендіру тәжірибесі жүріп жатыр. Алайда, көшіру кезінде қала тұрғындарының пікірін ескеру қажет. Мен оларды көпсалалы аурухана ғимаратында инфекциялық аурухана орналасқаны алаңдататынын білемін. Сондықтан бұл мәселені дұрыс шешу керек, – деді аймақ басшысы.
Перзентхана жаңа ғимаратқа күрделі жөндеуден кейін ғана көшеді. Ал, жұқпалы аурулар ауруханасына келсек, оны бұрын орналасқан ғимаратына қайтару жоспарлануда.
– Перзентхананы ауыстырудың нәтижесінде босанған әйелдер жедел әрі сапалы кеңес ала алады. Себебі, олардың барлығы бір ғимаратта болады. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағдарламасы бойынша көпсалалы ауруханада заманауи медициналық жабдықтар, оның ішінде, магниттік-резонанстық томография орнатылды. Бұл болашақ аналар үшін үлкен артықшылық болып табылады, – деп атап өтті Ержан Нұрлыбаев.
Ал, перзентхананың босаған ғимараты жөндеуден өтіп, онда ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арналған санаториялық үлгідегі аурухана ашылатын болады.
Қазір Жезқазғандағы аурухана қалашығында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Мұнда қалалық емхана ғимараты мен стоматологиялық клиника, ЖИТС орталығы, шипажай және басқа да корпустар орналасқан аумақ толығымен қайта жаңартылады. Бұл күндері жұмыс шылар коммуникацияны ауыстыруда. Содан кейін аумақты абаттандыру шаралары қолға алынады. Көлік тұрағы жабдықталады. Шипажай ғимаратының жанында балалар алаңы салынады. Қазан айында жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда қаладағы алғашқы кеңестік-диагностикалық орталық ашылады. Жезқазғандық дәрігерлер қатарына 10 жас маман қосылады деп күтілуде. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен 18 маман оқытылуда.
Сонымен қатар, қазіргі таңда Сәтбаев қаласындағы №1 орталық аурухана ғимаратында да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айта кеткен жөн. Мұнда жұқпалы аурулар және перзентхана бөлімдері мен шаруашылық блогы қайта жаңартылады. Келесі жылы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық санитарлық нормаларға сай болады деп күтілуде. Кеншілер қаласына да биыл жеті жас дәрігер келмекші.
Жаңа шағын ауданның жарқын келбеті
Сәтбаевта «Нұрлы мекен» шағынауданындағы бес қабатты үш тұрғын үй қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Жыл соңына дейін тағы екі үй дайын болады. Барлық үйлердің жалпы ауданы – 14,3 мың шаршы метр. Онда барлығы 240 пәтер бар. Қазір үш үйдің төбесі мен қабырғалары салынып жатыр. Қалған екі үйдің құрылыс жұмыстары кесте бойынша жүргізілуде.
Мұнда Ерлан Жақанұлы Весовая және Крестовский кенттерінен көшіп келген тұрғындардың пәтерлеріне бас сұқты. Қоныс тойын тойлаушылар жаңа баспаналарына риза екендерін жеткізді.
- Біз қысты осы үйде мекендеп шықтық, баспанамыз жылы болды. Қазір жаз, ыстық. Бірақ, сіздер көріп тұрғандай, пәтерде салқын. Бұл үйлер қыста жылы, ал жазда салқын болатындай етіп салынған. Бұл өте жақсы. Оның үстіне, пәтерді бізге жөнделген күйінде берді. Біз тек жиһаз, заттарымызбен келе салдық, – дейді өткен жылы Весовая кентінен көшкен зейнеткер Наталья Березкина.
«Нұрлы мекен» шағынауданының тұрғындарымен болған кездесуде олар балабақша мен музыка мектебінің құрылысы, сондай-ақ аулаларды абаттандыру жайында мәселелер қозғалды.
- Балабақша құрылысы – өзекті мәселе. Ол шамамен 800 млн. теңге қаражатты қажет етеді. Бұл мәселені алдағы екі жыл ішінде шешеміз. Музыка мектебіне келер болсақ, мен қаладағы өнер мектебін қайта жаңғыртуды ойластыру туралы тапсырма бердім, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Облыс әкімі қысқа мерзімде жаңа шағынауданның аулаларын абаттандыруды тапсырды. Орындықтар мен күркелер орнату керектігі де айтылды.
Естеріңізге сала кетейік, Жезқазған, Весовая және Крестовский кенттері тұрғындарын көшіру Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүргізілуде. Алғашқы 15 көпқабатты тұрғын үй 2016 жылы салынып, 805 отбасы қоныс тойын тойлаған болатын. Шағынауданға магистральды жылу жүйесі салынып, үйлер қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген. Жаңа мектеп те бой көтерген.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.