Жаңалықтар

Кенді өлкеге – кемел жыр

Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Кенді өлке –Қарағанды» атты республикалық ақындар мүшәйрасы мәреге жетті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Қарағандының топырағында өткен тарихи оқиғалар мен тұлғалар тағылымын дәріптеу, өлең өзегіне айналдыру һәм кеншілер өмірін жырға қосып, еңбек жолын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жыр мүшәйрасына еліміздің түкпір-түкпірінен 40-тан астам ақын өлең жолдаған. Құрамында Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, айтулы ақындар Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай, көрнекті жазушы Төрехан Майбас, халықаралық «Түркістан» газетінің Бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, ақын Жанат Жаңқашұлы бар қазылар алқасының шешімімен 9 ақын жүлдегер атанып, ҚР Конституциясы күніне орай Қарағандының Орталық саябағында өткен қорытынды кеште марапатталды.

Сонымен кенді өлкеге кемел жыр арнаған ақындар ішінен І жүлделі орын Әлия Дәулетбаева (Атырау қаласы) мен Әділет Шөпенге (Теміртау қаласы) бұйырды. Қос ақынның әрқайсысы 700 мың теңгеге ие болды.
ІІ орынды астаналық Жәнібек Әлиман (400 мың теңге) иеленсе, ІІІ орынды елордалық Ұларбек Дәлейұлы (300 мың) мен Алматыдан келген Асылан Тілеген (300 мың) өзара бөлісті. Ынталандыру сыйлығымен Салтанат Қайырбек, Дәулет Жадырасын, Таңсәуле Әгенқызы және «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі, әріптесіміз Ерік Нарын марапатталды.
Арқаны дүбірге бөлеген жыр жәрмеңкесі жайлы толығырақ ақпаратты газетіміздің сенбі күнгі санынан оқи аласыздар.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button