Кенді өлке кемелдене ме?


Кеше Елбасы тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі
Бақытжан
САҒЫНТАЕВ Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасының», сондай-ақ, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысу үшін Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді.

Жұмыс сапары аясында Бақытжан Сағынтаев Сәтбаев қаласындағы «Нұрлы мекен» жаңа шағын ауданының құрылыс жұмыстарымен танысты.
«Нұрлы мекен» шағын ауданына Жезқазған қаласының апатты үйлерінің тұрғындары және мыс кен орындарын қайта өңдеу кезінде құлаған аудан аймағындағы көрші елді мекен адамдары көшіріледі. Олар Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жаңа пәтерлерге ие болады.
Қоныс аударушы азаматтар үшін бүгінгі таңда шағын ауданда 1760 пәтер (118700 м²) салынды. Магистральді жылу жүйесі жүргізілген. Үйлер қажетті инженерлік коммуникациямен қамтамасыз етілген.

Сәтбаев қаласының әкімі А.Ыдырысов 2018 жылдың маусым айының соңына дейін ауданы 12100 м² (195 пәтер) болатын 4 үй тұрғызылатынын айтты. Бұған қоса, биыл 107 екі пәтерлі үй мен екі жатақхана құрылысын аяқтау көзделген.
Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ, нысанды аралау барысында Жезқазған өңірінің тұрғын үй құрылысы жоспарларымен және Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастама» үндеуінде берген тапсырмаларын ескере отырып, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру жоспарымен танысты.
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша өткен жылы Қарағанды облысында 374100 м² тұрғын үй салынды. Бұл – 2016 жылға қарағанда 9,8% артық. 3,3 мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайы жақсартылды. 2018 жылдың І тоқсанында 113 100 м² немесе 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 131% тұрғын үй пайдалануға берілді. 1,2 мыңға жуық отбасының тұрғын үй жағдайы жақсартылды.
Премьер-Министр «Ханум» макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорынды аралау барысында өңірде ШОБ дамыту қарқынымен, сондай-ақ, Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру барысымен танысты.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Өңірде Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 65 жоба қолдауға ие болды. Бұдан өзге, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында қаржылық қолдау шараларымен 33 жоба қамтылды.
Басымдықты салаларда бизнесті субсидиялау үшін жергілікті бюджеттен қосымша 500 млн. теңге бөлінеді. Мұндағы бизнес жүргізуге болатын әлеуетті салалар – азық-түлік өндірісі, өнеркәсіп, туризм секторы және қызмет көрсету салалары. Мақсат – тауарлар өндірісі мен қызмет көрсету көлемін екі есеге арттыру.
«Ханум» макарон өнімдерін шығаратын цехын тексеру барысында кәсіпорын басшысы М.Жағыпаров жобалық қуаттылығы – сағатына 200 келі, жылына – 3000 тонна макарон өнімдерін құрайтынын мәлімдеді. Алты айда 5,5 тонна өнім шығарылған.
Кәсіпорын өткен жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді. Жобаны іске асыру импортты алмастыруға, сондай-ақ, Жезқазған өңірінің экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді. Қазіргі таңда өнімдер Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау дүкендері мен супермаркеттеріне жеткізіледі. Келешекте макаронның жаңа түрлерін шығару, кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру, сондай-ақ, Қазақстанда және шетелде өткізу нарығын кеңейту көзделген.
Бақытжан Сағынтаев «КаzakhmysSmelting» ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауытында болды. Онда екінші кен қыздыру пешін реконструкциялау барысымен танысты.
Тау-кен металлургия саласын дамыту — Мемлекет басшысының Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыру аясында қойған басым міндеттерінің бірі.
Бақытжан Сағынтаев нысанда катодты мыс өндірісінің технологиялық үдерісін, айналмалы құю машинасы мен анодты мыс құю жұмысын тексерді. Жезқазған мыс қорыту зауыты іске қосылған кезден бері жер қойнауынан 1 млрд. тоннадан астам кен өндірілді. 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында 30,7 мың тонна тазартылған мыс өндірілді.
Кәсіпорынның бас директоры Ә.Бәрменқұлов дайын өнімдер қоймасын көрсетіп, Жезқазған мыс қорыту зауытын технологиялық жаңғырту жоспарларымен таныстырды.
Жезқазған мыс қорыту зауытының қуаттылығы жаңа күкірт қышқылды цех құрылысы аяқталған соң, екі кен қыздыру балқыту пештерінің (КҚП) жұмысы есебінен ұлғайтылады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 2009 жылы қолжетімді шикізат көлемінің азаюына байланысты зауыт бір КҚП жұмыс режиміне көшіп, екінші балқыту агрегатының жұмысы тоқтатылған еді. Ақтоғай және Бозшакөл кен байыту фабрикаларының жоспарлы іске қосылуы аясында құрамында мыс бар шикізат көлемінің ұлғаюына байланысты екінші КҚП іске қосу туралы шешім қабылданды.
Ә.Бәрменқұловтың айтуынша, зауыт өз қуаттылығын жартылай пайдаланып жұмыс істеу арқылы жылына 100 мың тонна мыс өндірген. Екінші пештің іске қосылуымен өнім көлемі екі есеге артады. Бұл мыс өндірісінің әлемдік нарығындағы компанияның бәсекеге қабілеттілігін ұлғайтуға жол ашады. 600-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік бюджетке салынатын аударымдар жүздеген миллион теңгеге өседі.
«KazakhmysSmelting» зауыты – Қазақстандағы ең ірі мыс өндірушілерінің және «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС – әлемдегі жетекші он мыс өндірушілерінің құрамына кіреді. Зауыт 99,99% мысы бар және әлемдік талаптарға сәйкес келетін катодты мыс өндірумен айналысады. Сондай-ақ, ілеспелі өнімдер: мыстың күкірт қышқылды түзуі, мыс электролиттік шламындағы алтын мен күміс, күкірт қышқылы, қорғасын құрамды тозаң шығарылады. Қазіргі таңда кәсіпорында мың жарымнан астам адам жұмыс істейді.
Бақытжан Сағынтаев Жезқазғанда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырылған «BAYAN компаниясы» ЖШС мамандандырылған өнімдер шығаратын өндірістік кәсіпорнына барды.
Бақытжан Сағынтаев объектіде азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша технологиялық желілер жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Премьер-Министрге кәсіп­орынның ғылыми әзірлемелері туралы баяндалып, осында шығарылатын өнімдердің сұрыпталымы таныстырылды.
«BAYAN компаниясы» ЖШС бас директоры Ә.Ысқақова кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы 150 млн. теңгеден астам сомаға, жылына 143,5 тонна өнімді құрайтынын мәлімдеді. Зауытта ірімшік және қышқыл сүт өнімдері, шырындар, сарысулы сусындар мен ішетін йогурттер шығарылады.
Өнімдер түсті металлургия кәсіпорындарының өндіріс алаңдарына, Жезқазған мен Сәтбаевтың сауда орындарына, сондай-ақ, Ресей Федерациясының нарығына (Иркутск, Красноярск, Омбы, Барнаул, Новоалтайск) жеткізіледі.
«BAYAN» мамандандырылған азық-түлік өнімдерін шығаратын цехы 2015 жылы Қарағанды облысының Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында пайдалануға берілді. Жалпы алғанда облыста Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы 771,4 млрд. теңге сомасына 11 520 жұмыс орнын ашумен 103 жоба іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда 84 жоба жүзеге асырылып, инвестициялардың жалпы көлемі 252,1 млрд. теңгені құраған. Кәсіпорындарда 6432 жұмыс орны ашылған.
Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев Жезқазғандағы «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС медициналық орталығында болды.
Нысанды тексеру кезінде медициналық орталықтың директоры В.Моторыкин Премьер-Министрге мекеме жұмысы туралы айтып, жүрекке күрделі операцияларды жүргізуге мүмкіндік беретін Innova IGS 530 жаңа ангиографиялық қондырғыны көрсетті. Б.Сағынтаев Бубновский орталығына барған кезде осында енгізілген кинезитерапия әдістерімен және оңалтуға арналған жаңа құралдармен танысты.
Бүгінгі таңда «Қазақмыс» корпорациясының медициналық орталығында 1200-ден астам адам, оның ішінде 124 дәрігер (жоғары санаттағы 45 дәрігер), 800-ден астам медбике жұмыс істейді. Орталық денсаулық сақтау орындарына қызмет көрсету, кәсіби дәрігерлік тексеру, шұғыл, амбулаторлық-емханалық, стационарлық медициналық көмек көрсету, дәріхана қызметтерімен айналысады. Төсек орындарының саны – 300, емханада қабылдау – күніне 1000 адамға дейін.
2004 жылы «Қазақмыс» корпорациясы мен Фрайбург университеттік клиникасы арасында медицина саласында бірлесіп жұмыс атқару туралы келісімге қол қойылды. Оның негізінде емдеу және қызмет көрсету саласында еуропалық стандарттар енгізілуде, бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Медициналық орталықтың бірқатар дәрігері Германияда дәрігерлік тәжірибеден өтуге рұқсат алды.
Үкімет басшысы жұмыс сапары аясында Жезқазған өңірінің активімен және жұртшылығымен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кездесу өткізді.
Кездесу барысында облыстың моноқалаларын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, нарық жағдаятының өзгерістеріне және жаңа технологиялардың пайда болуына байланысты мамандарды даярлау және қайта дайындау мәселелері талқыланып, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру нәтижелері мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» орындау тетіктері қаралды.
Атап айтқанда, кездесуге қатысушылар Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральді газ құбыры жобасын іске асыру аясында өңірді газдандыру және ішкі газ тарату желілерін салу жоспарлары туралы әңгімеледі.
Бақытжан Сағынтаев Елбасының «Бес әлеуметтік бастама» үндеуін іске асыру мақсатында тиісті тетіктер әзірленіп, нақты іс-шаралар мен орындау мерзімдерін қамтитын Жол картасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Қажетті заңнамалық өзгерістер жасалды. Бюджет қаражаты бөлінді. Үкімет алға қойылған міндеттерді орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Бұдан өзге, білім берудің қолжетімділігін арттыру, үй-жай жағдайларын жақсарту: жаңа жатақханалар мен «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы секілді студент жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер талқыланды.
Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жұмыс жоспарлары туралы баяндады. Жезқазған өңірінде 2017 жылы өнеркәсіптік өндіріс өнімінің көлемі 5% артып, 382,3 млрд. теңгені құрады, ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 10,6% құрап, инвестициялар 14%-ке артты. Осы жылдың І тоқсанындағы индикаторлар экономика дамуының оң қарқынын көрсетеді.
Өңірде моноқалалар экономикасын әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы қабылданған үш жылдық жоспар шағын және орта бизнесті, сервистік экономиканы, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ, жұмыспен қамтуға бағытталған. Жоспардың орындалуы өнеркәсіп өндірісінің көлемін 13,2%-ке арттыруға мүмкіндік береді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемін 63,1%-ке ұлғайту жоспарда бар. 1500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» орындау туралы есеп беру барысында Е.Қошанов газ құбырын салу жобасын іске асыру облыс тұрғындарының 70%-ын қамтитынын айтты. Жезқазғанда бірінші кезеңде орталықтан жылумен қамтамасыз етілмеген көшелер мен шағын аудандарды қосымша қамту арқылы қалаішілік желілерді салу көзделген. Мұнда 2,5 мыңға жуық үйді газдандыру жоспарланып отыр. Келесі саты – Сәтбаев қаласы мен көрші елді мекендерді газдандыру.
«Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС бас директоры Б.Қрықпышев өңірдегі тау-кен металлургия саласын дамыту перспективалары, өндірістік процестерді автоматтандыру және цифрландыру, еңбек өнімділігін арттыру және мамандарды қайта бағдарлау туралы айтып берді.
ҚР Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек облыстың технологиялық жаңғырту, инвестициялар тарту, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу бағыттары бойынша ағымдағы көрсеткіштері мен міндеттері туралы баяндады.
Ұлттық экономика вице-министрі Р. Дәленов Қарағанды облысының моноқалаларын дамыту туралы ақпарат берді. Аймақтың сегіз моноқаласында облыс халқының 42%-ы тұрады.
Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында моноқалаларда жалпы сомасы 43,4 млрд теңгеге, 2 мыңнан астам жұмыс орындарын ашумен 18 «зәкірлік» жоба жүзеге асырылып жатыр; 9 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен, қала түзуші кәсіпорындардың қосалқы өндірістерді орналастыруы бойынша 46 жоба енгізілді. Кәсіпкерлерді барлық моноқалаларда кешенді қолдау үшін Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары құрылған. Жалпы алғанда, 2015 жылдан бастап бизнесті қолдау шараларының нәтижесінде облыстың моноқалаларының белсенді әрекет етуші шағын кәсіпорындарының саны 2,4 мыңнан 3,1 мыңға дейін немесе 32%-ке ұлғайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова өнімді жұмыспен қамтуды және еңбекке жұмылғыштықты дамыту, мамандарды жаңа экономикаға дайындау және қайта даярлау мәселелеріне тоқталды. Шағын несие беруді көбейту мақсатында Қарағанды облысына 5,7 млрд. теңге қарастырылған, бұл биыл қолдау шараларымен 1312 адамды қамтуға мүмкіндік береді (1094 — ауыл халқы, 218 — қала халқы).
Өз кезегінде, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын өңірде іске асыру нәтижелері туралы баяндады. Жарты жыл ішінде Қарағанды облысының жетекші өкілдері өз қаражаттары есебінен 15-тен астам жаңа әлеуметтік маңызды нысандар ашты. Жалпыұлттық маңызы бар киелі нысандардың тізіміне Қарағанды облысының 43 ескерткіші енді. Туризмді дамыту мақсатында «Ұлытау» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағында визит-орталық салу көзделген.


Сондай-ақ, кездесуде өңір жұртшылығының өкілдері сөз сөйледі. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Зинаида Чумакова, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Сағындық Қожамсейітов, Ұлытау тұрғыны Шаяхмет Үмбетов өңірді газдандыру, «Сарыарқа» газ құбыры бойында ШОБ дамыту, сондай-ақ, Жезқазған – Қызылорда автожолының сапасы мәселелерін қозғады.
Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр жалпы Жезқазған өңірінің дамуы оң қарқын көрсететінін айтып, министрліктер мен облыс басшыларына алға қойылған жоспарларды орындау мен аталып өткен мәселелерді шешу жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Үкімет басшысының жұмыс сапары барысында кенді өлкенің келешегі кемел екендігіне көз жеткіздік.

ҚР Премьер-Министрінің
баспасөз қызметі.
Премьер-Министрдің аймақтағы жұмыс сапары Қарағанды қаласында жалғасты. Сапар барысынан жазылған кеңейтілген есепті газеттің келесі санында ұсынамыз.
Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.