Кен барлау ісіндегі кемел жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тапсырмалары аясында геологиялық барлау саласындағы 20 жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Жаңа бастамалар, ең алдымен, минералдық әлеуеті жоғары Қарағанды облысы үшін маңызды серпін беріп, өңірдің өндірістік және инвестициялық кенересін кеңейтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер қойнауын терең зерделеу әрі еліміздің минералдық-шикізат базасын толықтыру жөніндегі стратегиялық тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі нақты қадамдарға көшті. Биыл Үкімет резервінен кешенді геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге 40,7 млрд теңгеден астам қаражат бөлу туралы тиісті шешім қабылданды. Атаулы қаулыға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды. Қомақты қаражат Қазақстан аумағындағы жаңа кен орындарын анықтауға, жер қойнауының әлеуетін ғылыми тұрғыдан бағалап, жаңа минералдық ресурстар қорын қалыптастыруға бағытталмақ. Геологиялық барлау жұмыстары қазіргі заманғы зерттеу әдістерін қолдана отырып жүргізіліп, пайдалы қазбалардың жаңа көздерін табуға теңдессіз мүмкіндік береді.
Бірқатар сарапшылардың айтуынша, мұндай ауқымды инвестиция елдің минералдық-шикізат базасын кеңейтіп қана қоймай, тау-кен және металлургия саласының ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды. Сонымен қатар, жаңа жобалар өңірлердің экономикалық белсенділігін арттырып, өндірістік инфрақұрылымның дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Жалпы алғанда, геологиялық барлау саласына сарп етілер қаржылық қолдау – еліміздің ресурстық әлеуетін тиімді пайдалану саясатының заңды жалғасы. Аталған бірегей бастамалар ел экономикасының тұрақты өсуіне соны серпін беріп, табиғи байлықтарды ғылыми негізде игеруге арналған жүйелі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналмақ.
Бөлінген қаражат ауқымды геологиялық зерттеу жұмыстарын жаңа деңгейге көтереді. Атап айтқанда, екінші буынды (ГС2-50) геологиялық түсірілімнің 20 ірі жобасын іске асыру жоспарлануда. Межеленген жұмыстардың жалпы қамту аумағы шамамен 100 мың шаршы шақырымды құрайды. Әрбір геологиялық учаскенің орташа ауданы 5 мың шаршы шақырым шамасында болмақ. Мұндай кең ауқымды зерттеу жұмыстары еліміздің минералдық-шикізат базасын толықтыруға, үр жаңа кен орындарын анықтауға және табиғи ресурстарды тиімді игеруге мейлінше септеседі.
ГС2-50 форматындағы геологиялық түсірілім – жер қойнауын зерттеудің кешенді әдістерін қамтитын заманауи ғылыми бағдарлама. Оның аясында геологиялық картографиялау, геофизикалық және геохимиялық талдау, сондай-ақ, перспективалы кен орындарын анықтауға бағытталған кешенді барлау жұмыстары жүргізіледі. Теңдессіз тәсіл пайдалы қазбалардың жаңа түрлерін анықтауға ғана емес, сонымен қатар, бұрын зерттелмеген аумақтардың геологиялық құрылымын тереңірек түсінуге жағдай жаратады.
Бажайлап келсек, мұндай ауқымды зерттеулер Қазақстанның табиғи ресурстық әлеуетін нақты бағалауға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және тау-кен металлургия саласының ұзақ мерзімді дамуына даңғыл жол ашады. Мұнымен бірге, жаңа кен орындарының ашылуы Қарағанды облысының да экономикасының дамуына, өндірістік инфрақұрылымның өрлеуіне өріс ашады. Осылайша, қолға алынған геологиялық түсірілім жобалары еліміздің минералдық-шикізат қорын жаңғыртуға, ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейтуге әрі әрмен қарай ұлттық экономиканың стратегиялық салаларын тұрақты дамытуға бағытталған маңызды бастама болып отырғаны сөзсіз.
ГС2-50 бағдарламасы жер қойнауын зерттеудің заманауи ғылыми-технологиялық тәсілдерін кеңінен қолдануды көздейді. Атап айтқанда, бағдарлама аясында геофизикалық барлау, қашықтықтан зондтау, геохимиялық талдау секілді кешенді зерттеу әдістері пайдаланылады. Атап айтқанда, алынған мәліметтерді терең цифрлық өңдеу, геоақпараттық жүйелер арқылы талдау және үлкен деректерді біріктіре отырып модельдеу жұмыстары жүргізіледі. Осындай кешенді тәсіл геологиялық ақпараттың дәлдігі мен сапасын арттыра түседі. Түп нәтижесінде жер қойнауының құрылымы туралы жаңартылған әрі сенімді деректер қалыптасып, заманауи геологиялық карталар әзірленеді. Ал, карталар тек ғылыми құжат қана емес, минералдық-шикізат ресурстарын тиімді игеруге арналған маңызды стратегиялық құралға айналады.
Байыпты бағдарлама шеңберінде жүргізілетін зерттеулер пайдалы қазбаларға негізгі учаскелерді анықтауға, бұрын жеткілікті зерттелмеген аумақтардың геологиялық әлеуетін бағалауға, жаңа кен орындарын ашу мүмкіндігін арттыруды көздейді. Мұның бәрі еліміздің минералдық-шикізат базасын нығайтып, тау-кен саласының ұзақ мерзімді дамуына және инвестициялық тартымдылығының өсуіне үлес қосады. Биыл аэрогеофизикалық және далалық жұмыстар, соның ішінде, геохимия, бұрғылау және арықтар қазу жоспарланған. Дала жұмыстары маусымының қорытындысы бойынша сынамаларға алдын ала зертханалық талдау жүргізілетін болады.
Болжамды ресурстарды нақтылай отырып, анықталған, бұрын белгілі кен аймақтары мен перспективалы алаңдарды мамандандырылған зерттеуге, сондай-ақ, болжамды ресурстарды есептей отырып, кен алқаптарын бағалауға ерекше назар аударылады. Алынған нәтижелер егжей-тегжейлі іздеу, барлау жұмыстарын жүргізуге берік негіз болады. Геологиялық түсірілім Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан облыстарының, сондай-ақ, Абай, Ұлытау облыстарының аумақтарын қамтиды.
Осы бағыттағы жұмыстар – табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, геологиялық барлау саласын дамыту және жер қойнауын игеруге инвестициялар тарту үшін негіз қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Барлық жобаларды 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Жалпы, үш жылдық кезеңде мемлекеттік геологиялық зерттеуге шамамен 240 млрд теңге немесе $500 млн қарастырылған. Ілкімді іс-шараларды жүзеге асыру ел аумағын геологиялық зерделеу деңгейін арттыруға, одан әрі зерттеу үшін басымдық берілген учаскелерді анықтауға, Қазақстанның минералдық-шикізат базасын толықтыру үшін жағдайлар жасауға ықпал етеді.
Ал, Қарағанды облысында геологиялық барлау жұмыстары (ГБЖ) саласында соңғы айларда бірнеше маңызды жаңалықтар тіркелді. Оған алдымен Жосабай учаскесіндегі алтын қорының артуын жатқыза аламыз. «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компаниялары іздестіру-бағалау бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, (7340 м) кен орнының 3D моделін жаңартты.
Сайып келгенде, 8182,2 келі алтын (8,18 тонна) қоры расталды. 2026 жылға қосымша 8590 м бұрғылау жұмыстары жолға қойылды. Бұл соңғы кезеңде өңірдегі мемлекеттік компаниялар қол жеткізген ең елеулі нәтижелердің бірі. Ақтоғай ауданындағы мыс кені бойынша ірі жоба да бар. Жеке Success Minerals Kazakhstan Ltd компаниясы 2025 жылдың қаңтарында барлау лицензиясын алған еді. Компания Ақтоғай ауданында 9,35 км² аумақта мыс кенін барлау жұмыстарын жүргізеді. Бұл учаске Аққұдық Шығыс және Аққұдық Батыс кен орындарын қамтиды. Жұмыстар 2026 жылдың көктем-жаз айларында басталып, 2030 жылдың соңына дейін жалғасады. Нәтижесінде геологиялық карталар жасалып, рудалы аймақтар анықталады және қорлар KazRC стандарты бойынша есептеледі.
Бұл жаңалықтар өңірде геологиялық барлау жұмыстарының қарқыны артып келе жатқанын көрсетеді. Мемлекет те, шетелдік инвесторлар да алтын, мыс және сирек металдар бойынша барлау жұмыстарын белсенді түрде күшейтіп жатыр. Баянды бастамалардың барлығы – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған экономиканы әртараптандыру, минералдық-шикізат қорын ұлғайту, жер қойнауын тиімді басқару жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес қолға алынған ауқымды геологиялық зерттеулер тек жаңа кен орындарын анықтаумен шектелмейді. Олар ғылыми әлеуетті нығайтып, заманауи технологияларды енгізуге, халықаралық инвестицияларды тартуға және өңірлердің өндірістік қуатын арттыру көкжиегін кеңейтеді. Әсіресе, минералдық ресурстарға бай Қарағанды өңірі үшін бұл бастамалар жаңа мүмкіндіктер ашып, тау-кен металлургия кешенінің тұрақты дамуына берік негіз қалайды. Жер қойнауын кешенді зерттеу – болашақ ұрпақтың экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық қадам. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүйелі түрде орындау арқылы Қазақстан табиғи ресурстарды тиімді әрі ғылыми негізде игеретін, минералдық әлеуетін әлемдік деңгейде таныта алатын қуатты индустриялық мемлекет ретінде жаңа даму белесіне көтерілері айдан жарық ақиқат.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



