Руханият

Кемерден жеткен керемет жаңалық

Абай қаласындағы мүгедектігі бар өнерпаз жандарды біріктірген «Бірлік» шығармашылық тобының қатысушылары халықаралық байқауда үздік атанды. Топтың төрт өнерпазы Түркиядағы фестивальден бас жүлде мен бірінші орынды қанжығалады.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Халықаралық байқау Түркия­ның Кемер қаласында өткен еді. Оған 400-ге жуық өнерпаз қатысып, бағын сынаған.

Қазақстан атынан Абай қаласының әншілері – Қорлан Бажиева, Хамит Достахин, Мұрат Сұлтан, Айымгүл Қуанғанқызы қатысты. Бұл сапарға Абай аудандық әкімдігі мен демеушілер қаржылай қолдау көрсетті.

Байқау ережесі бойынша әр үміткер халықтық және заманауи екі ән айтқан.

Қорлан Бажиева «Вокалдық ән» аталымында бас жүлдені алды. Ол «Хәләулім-ай» және «Әриайдай» деген халық әндерін орындады.

Қалған жеке орындаушылар мен вокалдық дуэт I дәреже­лі дипломдар алды. Абай қаласы­ның өнерпаздары Кемер қалалық әкімдігіне қазақтың ұлы ақын-ағартушысының шығармалары жазылған кітаптарды сыйға тартты.

«Халықаралық байқауға қатысу – тамаша тәжірибе және үлкен сахнаға жол ашу мүмкіндігі», – деп атап өтті ұжым мүшелері. «Бірлік» шығармашылық тобы Абай аудандық мәдениет үйінде орналасқан.            

Өнер ұжымы 18 өнерпаздан құралған. Олардың барлығында мүгедектік бар. Диагноз әртүрлі: көзі көрмейтін зағип жандар, церебральды сал ауруына шалдыққандар және тірек-қимыл аппараты бұзылғандар. Өнер арқылы рухын қуаттандырған ерекше жандар осылайша ел абыройын асқақтатты.

«Оларды қиындықтан алып шыққан ән әлемі. Сондықтан оларды шығармашылыққа деген сүйіспеншілік біріктіреді», – деді мәдениет үйінің мамандары.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button