Әдебиет

Кемелдікті көздесек

Биыл Қазақстан халқына «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша Әбіш Кекілбайұлының «Аңыздың ақыры» романы мен ақын Әбділда Тәжібаевтың өлеңдерін оқу белгіленгенін өрелі оқырман білуі тиіс. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген ұлттық құндылық атаулының бір парасын «Аңыздың ақыры» романы мен Әбділда ақынның өлеңдерінен түйсініп, көкейіне тоқи алатын ұрпақтың маңдайы жарқырап көрінер тұс осы деген сөз. Оның шет жағасын өткенде Ж.Бектұров атындағы жасөспірімдердің облыстық кітапханасында аталған акция аясында өткен «Сөз өнерінің зергерлері» атты кітап көрмесінен шамалағанбыз.

Әбіш атамыздың «Аңыздың ақыры» туындысы ертеректе жазылған шығарма, оқыған боларсыз… Әлем тарихына ықпал еткен Әміршінің (Темір) кезекті бір үлкен жорықтан астанасына көп қазына-байлықпен оралуымен басталады. Бес-алты жылға созылған жорықтан оралса, тоқалы (Кіші ханым) астананың дәл ортасынан күйеуіне арнап, қаладағы барлық сәулет өнерінен биік махаббат мұнарасын соқтырып қойғанына куә болады. Ертегідей есті алатын аңызға бергісіз алып мұнара! Оны Әміршінің бәйбішесі қызғанбай қоя ма? Көре алмайды. Ал, мұнараны тұрғызған шебер – жас жігіттің іңкәрі – Кіші ханым. Шебер мұнараны соған деген іңкәрліктен соғады. Әміршінің ордасындағы мылтықсыз майданмен шиеленіседі шығарма: Әмірші, Кіші ханым, Ұлы ханым, шебер жігіт, бас шебер мен бас уәзір, күтуші кемпір, оның сыртында сол заманның ұлы тарихы ұштасқан шығарма махаббат пен ғадауатқа, адалдық пен күншілдікке, әділет пен зұлымдыққа құрылған.

Ақырында Әмірші кезекті жорығына аттанып бара жатып, жантәсілім етеді. Оқиға қазақтың Ұлы Даласының бір қиырында өрбиді. Автор соған сендіреді. Әлем тарихына қатысы барын да меңзейді. Сол кезеңдегі қазақ даласының әлем елдеріне қатысын қапысыз аңғарасыз. Шығарма сонысымен де құнды әрі өте қызықты!

Қарағанды банк колледжі студенттерінің қатысуымен Ж.Бектұров атындағы жасөспірімдердің облыстық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында өткен бұл көрме аталған авторлар шығармаларына жастардың қызығушылығын ояту деп ұқтық. Көрмеге еліміздің екі көрнекті қаламгері – Ә.Кекілбаев пен Ә.Тәжібаевтың шығармалары қойылды. Оқырмандар қос автордың том-том еңбектері барын білді, танысты. Алайда, ала жаздай демалыстарында студенттер осы шығармаларды оқып, ойдан ой туындатып, пікірлерін көпшілік ортаға сала ала ма? Мәселе – сонда. Әдебиет, рух – ұлттың жаны секілді ең қастерлі дүниелер. Олар сол саламен айналысушы бірен-саран, ат төбеліндей топқа ғана керек пе? Биыл «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Әбіш пен Әбділда шығармалары оқылып жатқанын екінің бірі біле ме екен Қазақстанда? Бұл орайда, біз атап отырған кітапхана, басқа да мәдени, рухани орындар міндеттерін орындаудан кенде қалып жатқан жоқ. Басы ашық әңгіме – сол. Бірақ, жалпы қоғам рухани құндылықтан гөрі, жоғарғы көрсеткішке жетуді мақсат еткен ақпарат ғасырында біз жаппай үгіт-насихаттан әрі аспай жатқан сияқты көрінеміз.

Әбділда Тәжібаев поэзиясы – мәдениеті жоғары шебер поэзия. Геннадий Головкинді білген кез келген жас Әбіш пен Әбділданы білмеуі әбден мүмкін қазір. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясының мән-маңызы да осы – бір мезгіл руханиятқа бет бұру. Ендеше, қапы қалмайық, ағайын!

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button