Кемелдену кепілі
Түрлі себеппен қазақ даласына қоныс аударған сан алуан этностардың бүгінгі ұрпағы болашағын біздің елмен байланыстырып, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – әлемнің барлық елінде бола бермейтін ерекшелік. Оның қайнар көзі Қазақстан халқы Ассамблеясынан бастау алады. Ассамблеяның жұмысын «Қоғамдық келісім» мекемесі үйлестіреді.
«Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекеменің Ассамблеяның атқарушы органы ретіндегі қызметі «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2026 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына, Мемлекет басшысының Ассамблея сессияларында сөйлеген сөзіне және басқа да бағдарламалық құжаттарға негізделеді. Оның ішінде, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды түсіндіру және ілгерілету бойынша ақпараттық іс-шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша этномәдени бірлестіктермен және өзге де қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты жүзеге асыру, Ассамблея қызметін ақпараттық насихаттау, ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету міндеттерін айтуға болады. Аталған институттың атқарушы органы ретінде «Қоғамдық келісім» мекемесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің өзара әрекеттесуіне ықпал етеді.
Бүгінгі таңда облыста 59 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың барлығы аймақтың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласады. Мәселен, түрлі этнос өкілдері Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясына белсенді қатысуда. Одан бөлек, ҚХА, этномәдени бірлестік мүшелері Әлихан Бөкейханов атындағы ауданды көгалдандыруға қатысып, Көгілдір тоғандар шағын ауданына 5 қылқан жапырақты және 50 акция бұталарын отырғызды. Оны толығымен Ассамблея мүшелері, кәсіпкерлер қаржыландырды.
ҚХА мүшелері су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету шараларға қатысқанын айту керек. Елдегі «Достық үйлерінде» гуманитарлық көмек жинау штабы жұмыс істеді. Мұндай штаб Қарағандыдағы Достық үйінде де жұмыс істейді.
ҚХА «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Қарағанды облысынан су тасқынына байланысты қиын жағдайға қалған өңірлерге 100 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілді. Бұл көмек кәсіпкерлердің, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерінің, жұртшылықтың, өңірдің қарапайым азаматтарының қатысуымен қалыптасты.
Еліміздегі түрлі оқиғалардан да қалыс қалмайтынымызды көрсететін тағы бір оқиға «Бірлік жүгірісі» жарысы болды. Оған 1500-ге жуық қарағандылық қатысты. Бұл жарыс еліміздің барлық облыстарында өтті және қарағандылықтар да өз ынтымақтастықтарын білдірді.
«Елтану» тарихи-танымдық экспедициясын да ерекше атап өту керек. Экспедиция Шымкент, Түркістан қалаларында өтті. Бағдарламада осы өңірдегі тарихи орындарды аралау ғана емес, Қарағанды облысы туралы материалдардың тұсаукесері де ұйымдастырылды. Биылғы «Елтану» жобасы Қарағанды қаласының 90 жылдығына арналды. Қарағандының тарихи орындарымен, тарихымен таныстыру, түрлі сала адамдарымен кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. «Болашақ үшін естелік» ғылыми-практикалық конференциясы да жыл сайын өткізіліп тұрады. Былтыр шара халықаралық мәртебеге ие болды. Қазір конференцияға дайындық жүріп жатыр. Оны Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу институтымен бірлесіп өткіземіз.
«Қол өнер – төл өнер», «Ұлы даланың ұрпағына мың алғыс», «Өнерім саған, Қазақстан!», «Мың бала», «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» жобалары, «Дорогой мира и согласия» бейнежобасы тұрғындар арасында кең таралып, қолдауға ие болды.
Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымының бағыты жан-жақты. Ол жасты да, қартты да қамтиды. Түрлі бастама көтеретін жастары да, ақыл айтар данагөй қарттары да бар. Аналар кеңесі, журналистер клубы белсенді жұмыс жасап тұр. «Мәміле» қазақ тілі клубының да жұмысы жүйелі, нәтижесі айтарлық. Былтыр клубта 50-ге жуық адам білім алды. Клубтың оқытушысы Ольга Тим – өз ісінің маманы. Мемлекеттік тілге жанашырлығы үшін былтыр ол облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығына ие болды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында Мемлекет басшысы: «Достық үйі этномәдени бірлестіктер бас қосатын орын ғана болып қалмауы тиіс. Сонымен бірге ол жергілікті қоғамдастықтардың дамуына жол ашып, тірек болатын, бірлік, жасампаздық, өрлеу сияқты құндылықтарды дәріптейтін орталық болуы қажет», – деді.
Біз өз жұмысымызды уақыт талабына сай етіп құруға тырысамыз.
Қазақстан халқы Ассамблеясының кез келген жұмысы, барлық бастамасы, қоғамдық тыныштықты сақтауға қосқан үлесі әлеуметтік желілерде белсенді насихатталады. Себебі, олар бір этностың ғана емес, тұтас Қазақстанның болашағы үшін, елдегі бірлік пен ынтымақ үшін еңбек етуде. Бір мүддені көздеген көпшілік бас қосқанда осылай болады.
Гүлнара КАСЕМБАЕВА,
«Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры.