АймақЖаңалықтар

Кемел келешек үшін келісті қадам

Бүгін – ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылданатын күн. Елімізде өтіп жатқан референдумда қазақстандықтар Ата заңның жаңа жобасына қатысты өз таңдауын жасау арқылы саяси жаңару кезеңіндегі ел дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Осы бір мерейлі мезетте қоғам қайраткері, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы, конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Бекзат Алтынбек те Оқушылар сарайында орналасқан №103 референдум учаскесіне келіп, дауыс берді.

Сурет автордан

Таңсәріден Оқушылар сарайының маңы халыққа толды. Мұнда орналасқан №102 және №103 референдум учаскелерінде сайлаушылардың қарасы қалың. Ғимарат фойесіне кіргеннен-ақ құлаққа жағымды патриоттық күйлер мен әуезді әуендер ерекше көңіл-күй сыйлайды. Қазақы нақыштағы күйсандықтан төгілген күмбірлеген күй дауыс беруге келген әрбір азаматтың бойындағы мақтаныш сезімін оятып, рухын асқақтата түскендей.
Комиссия мүшелері де сақадай сай. Әрбір азаматты жылы жүзбен қарсы алып, дауыс беру тәртібін түсіндіруде. Мұндағы ұйымдасқан жұмыс пен тәртіп – ел болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Осы бір сәулелі сәтте №103 референдум учаскесіне Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, белгілі қоғам қайраткері Бекзат Алтынбекпен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті. Ұлттық нақыштағы киімін киген ол өзінің азаматтық ұстанымы мен ұлттық құндылықтарға деген адалдығын паш етті.

– Мен бүгін тек дауыс берген жоқпын, мен ұрпағымның жарқын болашағы мен елімнің кемел келешегі үшін қабырғалы шешім қабылдадым. Соңғы екі ай бойы біз халықтың арасында болып, Конституцияның жаңа редакциясын егжей-тегжейлі түсіндірдік. Байқағанымыз – жұртшылықтың бетбұрысы оң. Себебі, бұл заң қарапайым халықтың тілінде, халықтың мүддесі үшін жазылды. Біз бұрын Жер астындағы байлық басты орында деуші едік. Иә, ол солай. Бірақ, жаңа Конституцияның басты жаңалығы – мемлекеттің ең басты қазынасы ретінде адами капиталды, адамның құқығы мен бостандығын бекітуі. Әрбір қазақстандық «Мен – мемлекеттің басты байлығымын» деген сеніммен өмір сүруі тиіс. Бұл – біздің мемлекеттік санамыздың жаңа деңгейге көтерілгенінің белгісі, – деп ағынан жарылды Бекзат Қомарұлы.

Дауыс беру сәтін тек саяси науқан деп қана емес, сонымен бірге, жылы қарым-қатынас пен сыйластықтың алаңына айналды десе де болады. Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында ғимарат ішінде шағын буфет ұйымдастырылған. Бұл бастаманы «Береке» ЖК иесі Салтанат Мекеева қолға алыпты.

– Ас – адамның арқауы. Бүгін – үлкен мереке, елдің басы қосылып жатқан күн. Қазір қасиетті Рамазан айы болғандықтан, ораза тұтқандар да, жол үстінде жүріп ауыз бекітпегендер де бар. Біздің мақсатымыз – келушілердің жүрек жалғап, аздап тынығып алуына жағдай жасау. Дауыс беріп болған ақсақалдарымыз бен жастарымыз осында шай үстінде пікір алмасып, елдің жағдайын айтып, мәз-мейрам болып жатыр. Осындай берекелі сәттердің куәсі болғанымызға қуаныштымыз, – дейді кәсіпкер.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, референдумға қатысу көрсеткіші сағат санап өсіп келеді. Сағат 10:00-дегі жағдай бойынша елімізде 2 393 844 азамат дауыс беріп үлгерген. Бұл – жалпы сайлаушылардың 19,21 пайызы. Әсіресе, Қарағанды облысының тұрғындары ерекше белсенділік танытып, өңірлер арасында көш бастап тұр.
Ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың бұл легі – ұлтымыздың жаңаруға деген құлшынысының айқын дәлелі. Референдум учаскелері белгіленген уақытқа дейін жұмыс істейді. Әрбір дауыс – ертеңгі күннің кепілі.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button