Балқаш қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа заманауи білім ордасы есігін айқара ашты. Бүгіннен бастап «№12 жалпы білім беретін мектеп» КММ атауын иеленген бұл оқу орны жаңа оқу жылында алғашқы оқушыларын қарсы алуға сақадай сай.

Жалпы ауданы 14 545 шаршы метрді құрайтын білім мекемесі 900 орынға есептелген. Қазіргі таңда мұнда 900 оқушы білім алуда. Оның ішінде 125 бала 1-сынып табалдырығын алғаш рет аттады. Бұл – Балқаш қаласындағы білім беру саласындағы елеулі жаңалықтардың бірі.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Мектептің басты артықшылығы – оның толық заманауи техникалармен жабдықталуында. 36 оқу кабинеті, соның ішінде интерактивті сыныптар, мультимедиялық құралдар, озық STEM зертханалары, робототехника кабинеттері оқушыларға жаңаша білім алуға мүмкіндік береді. Оқушылар енді тек дәстүрлі емес, электрондық ресурстармен де жұмыс істей алады.
Білім беру мекемесі тек мемлекеттік тілде оқытылатын болады. Бұл – еліміздің мемлекеттік білім беру саясатының басты қағидаттарының бірі. Сонымен қатар, мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті орта қарастырылған.
Кітапхана мен медиа орталық оқушылар мен ұстаздар үшін кең көлемдегі білім ресурстарын қолжетімді етпек. Оқу орны қауіпсіздік пен сапа стандарттарына толық сәйкес келеді.
«Келешек мектеп» жобасы аясында бой көтерген жаңа мектеп Балқаш қаласындағы оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешіп, өңірдің білім беру инфрақұрылымын дамытуға өз үлесін қоспақ.
Айта кетейік, бұл мектептің ашылуы – елімізде білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның нақты нәтижесі. Бұл – сапалы білім мен қолайлы ортаға деген мемлекеттік қамқорлықтың тағы бір жарқын көрінісі.
Нұрдос КӘРІМ
БАЛҚАШ