Басты тақырыпТарих

Кемеңгерлік киесі

         «Халықтың үш ұлы перзенті, даңқты үш дананың – Төле би Әлібекұлының, Қазыбек би Келдібекұлының және Әйтеке би Бәйбекұлының есімдері біз үшін ерекше киелі».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының

Президенті.

Келдібекұлы Қазыбек би – 1667 жылы дүниеге келген (кіндік қаны тамған жері белгісіз, шамасы Сыр өңірі, оның ішінде Қаратау маңы), қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері, әз Тәуке құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі – Орта жүз, Арғын тайпасының ішіндегі Қаракесек руынан. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Қазыбектің әкесі – Келдібек, шешесі – Тоқмейіл, ал, Келдібектің әкесі – Абыз атанған Шаншар, ол Бұлбұл бабаның баласы. Қазыбектің анасы Тоқмейіл ұтымды да тапқыр сөздерді көп білетін зерек кісі болыпты. Анасы айтқан есті сөздерді кішкентай күнінен жаттап өскен ол ержете келе өзі де солай сөйлеуге машықтана бастайды. Ел арасында айтылып жүрген дана сөздерді, мақал-мәтел, нақыл өнерді, өткендегі ақын-жыраулардың терме-толғауларын, шешен-билердің ұтымды айтқан сөздерін есінде сақтай жүреді. «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» (Абай) деген сөз осындайда айтылса керек. Әсіресе, әке тәрбиесі оған мол әсер етеді. Ел арасындағы әңгімеге жүгінсек, Қазыбек жеті жасында-ақ шешендігімен, алғырлығымен көзге түсе бастапты. Бір жүйрікке таласқан екі жігітке төрелік айтып, би атаныпты.

Қазыбек шешендік өнерінің арқасында бала биден дана биге айналып, «қара қылды қақ жарған Қаздауысты Қазыбек би», «алты Алаштың ардағы» деген атаққа ие болды. Содан болар, Тәуке хан мемлекет тұтастығына жарықшақ түсірмей, халықты бірлікте ұстау үшін үш жүзді өзінен шыққан үш би арқылы басқарғанда, Орта жүзге осы Қазыбек биді тағайындайды. Ол ел басқару ісіне араласып, Қазақ хандығының ішкі-сыртқы саясатына елеулі ықпал жасап отырады.

Би есімі халыққа қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік, шапқыншылық кезінде екі елдің арасында бітімші, бүтінші болған батыл елші, парасатты мәмілегер ретінде мәлім.

Қазақ-жоңғар қақтығыстары өршіген алмағайып заманда Орта жүздің сұлтаны Абылай жоңғарларға тұтқынға түседі (1741 ж.). Қаздауысты Қазыбек бидің дипломатиялық дарыны осы тұста жарқырай көрінді. Хан тұқымы екендігін былай қойғанда, жоңғар шапқыншылығына тегеурінді қарсылық көрсетуді ұйымдастырушылардың бірі ретінде алты Алашқа танымал болып қалған саяси тұлғаны жау қолында қалдырып, қол қусырып қарап отыру, демократиялық дәстүрі берік дала халқы үшін өрескел көрінетіні айдан анық. Сондықтан, екі ел арасында орнаған біршама тыныш кезең мен Жоңғар мемлекетінің өз ішіндегі тақ таласына байланысты туындаған саяси дағдарысты дер кезінде пайдалана отырып, 1743 жылы жоңғар қоңтайшысының ордасына Қазыбек би бастаған бір топ елшілер аттандырылады. Сондағы жоңғар билеушісінің ордасында Қаздауысты Қазыбек айтыпты делінетін көсемсөз – дипломатиялық өнердің де, шешендік өнердің де асқақ үлгісі болып табылады (А.Оразбаева. Дәстүрлі қазақ қоғамына тән билер институты. Алматы, 2004. 126-бет). «Біз қазақ деген мал баққан елміз, Бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, Жеріміздің шетін жау баспасын деп, Найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, Басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, Дәм-тұзын ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, Ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, Қарпысқалы келгенбіз. Сен темір болсаң, біз көмір, Еріткелі келгенбіз. Екі еліктің баласын теліткелі келгенбіз, Қазақ-қалмақ баласы табысқалы келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, Танысуға келмесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан, Алысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар, Жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желіммін, Жабысқалы келгенбіз. Берсең, жөндеп бітіміңді айт. Бермесең, дірілдемей жөніңді айт, Не тұрысатын жеріңді айт, – депті (Н.Төреқұлов. Қазақтың жүз шешені. Алматы, 1993. 91-бет).

Н.Төреқұловтың жинағында келтірілген әңгімелерге сайсақ, Қазыбек жоңғар қоңтайшысына бала жігіт шағында барған. Ал, оның туған жылы 1667 жылы екендігі белгілі. Ендеше, тіпті, қазақ пен жоңғар арасында елшіліктер алмастырыла бастаған XVIII ғ. 30-40 жылдары былай тұрсын, 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде-ақ Қазыбек 56 жаста болған. Бұл – бір. Екіншіден, халық аузындағы әңгімелерге қарағанда, Қазыбек өз сөзін жоңғардың Ежен ханына қаратып айтқан. Мұндағы Ежен – жоңғар қоңтайшысы тарихи Қалдан Серен екендігі, Абылай осы Қалдан Серен тұтқынында ұсталғаны белгілі жәйт. (А.Оразбаева. Дәстүрлі қазақ қоғамына тән… 128-бет). Қайсыбір жырларда тарих пен жырдың алшақтығы кездесетіні, бірақ, оқиғаның анық халықтық сипаттамасының көрінуі басты шарт екені есте болуы керек.

Бірқатар деректерге қарағанда, Қаздауысты Қазыбек би осы жолы өзінің кемеңгерлігінің арқасында Абылайды тұтқыннан босатып, Түркістан мен оның атырабындағы отыздан астам қаланы қайтарып алуға ықпал жасап қана қоймай, қазақ пен қалмақ арасында бітім жасалуына да қол жеткізіп қайтқан. 1745 жылғы Қалдан Серен өлімінен соң Жоңғарияның өз ішінде лаң болмағанда, қол жеткізілген бітімнің қаншалықты уақытқа созыларын кім білсін?!

Үш жүздің ішіндегі шешуі қиын, ең күрделі мәселелердің басы-қасында жүріп, хандардың сенімді ақылшысы, халықтың ханға бергісіз биі болған Қазыбек әр кез батыр жинап, ел шаппай, қылыш шауып, оқ атпай-ақ, ақылмен жол тауып, ел бірлігінің ұйытқысы бола білген. Барақ сұлтан қысастықпен 1748 ж. 24 тамызда Кіші жүз ханы Әбілхайырды өлтіргенде, мұны ел бірлігіне іріткі салатын қылмыс деп санаған. Бараққа: «Сылтауратып сытыла алмайсың, не өліп тынасың, не жөніңмен жеңіп құтыласың. Екінің бірі, Барақ», – дей келіп, билер сотын мойындатып: «Уа, би аға! Айттың сен, көндім кебіңе» деуге мәжбүр етуі, тек, Қазыбектей айбыны ай жасырған текті бидің қолынан ғана келсе керек (Сейдімбек А. Келдібекұлы Қазыбек би. Шығ., 5 т. 2010. 468-бет). Бір қызығы, хан тұқымы Барақ қарадан шыққан Қазыбектің айтқанына көніп қана қоймай, өзінің ісін қарайтын билерді де өзі таңдап алыпты: Алшын – төртқара Қаратоқа би, Қаракесек – қозанай Мәмбет би, Найман – бағаналы Өтебай би. Барақ сұлтан тартылған билер сотының құрамына Төле, Әйтеке, Жалған, Баба, Сырлыбай билер де кірген. Бұл түсінікті де. Себебі, хан тұқымын екі немесе үш емес, көптеген кісілерден тұратын билер кеңесі ғана қарай алса керек. (Оразбаева А. Дәстүрлі қазақ қоғамына тән… 106-бет). Қазақтың ынтымағын, тәуелсіздігін ойлаған Қазыбектің осы жолы кек туғызып, елдің арасын бұзбай, Барақтың басын аман сақтап қалғаны мәлім.

Қаздауысты Қазыбектің ендігі бір ауыз толтырып айтарлық ерен қадір-қасиеттерінің бірі – оның заңгерлік даналығы, ғаламат дала дипломатиясының негізін салушы санаулы ғана дарабоздың бірі болғандығы. Орыстың зерттеушісі Л.А.Словохотов «Народный суд обычного права Киргиз» деген еңбегінде «Золотой век, о котором воспоминают киргизы, есть царствование хана Тауке…. умный, энергичный Тауке…. должен стать в летописях киргизских наряду с Солоном и Ликургом по своей законодательной деятельности. Справедливость и провосудие могущественного хана остановили брани родов. В степи водварилась редкая тишина. Народ отдыхал от кровавых дней былых». Бұл арада зерттеуші «Жеті жарғыны» айтып отыр.

«Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» сияқты тарихи конституциялық пәрмені бар құжаттардың орнына Тәуке хан тұсында «Жеті жарғы» келгені мәлім. Академик С.Юшков ол туралы былай деп көрсеткен: «Вопрос о том, что означает «Жеты жаргы» окончательно не решен Казахстанскими историками и филологами. По мнению одних исследователей, это слово означает «Семь истин», другие толкуют его «Объявление Семи», т.е. семи судей. Нам кажется, что последнее истолкование является более приемлемым».

Бұл күні «Жеті жарғыны» жазуға Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биден басқа, қырғыздан Қоқым, қарақалпақтан Сасық би, құрамадан Мұхамед би қатысқаны туралы деректер кездеседі (М.Қозыбаев. Тұлғалар тұғыры. Алматы, 2009. 117-бет).

М.Исламғалиұлы өзінің «Әйтеке би» деген шежіренамасында: «Жеті жарғыны», тек, Тәуке хан және оның алты биі – Сасық, Мұхамед, Қоқым, Төле, Қазыбек, Әйтеке ғана жазған. Сондықтан, жарғы осылай аталған екен десе, сөзсіз ұшқары пікірге жүгінгендік болып шығары анық. Жарғыны жазысуға сол кезде көздері тірі Әнет баба, Едіге, Соқыр Абыз, Құдайназар, Болпыш, Жылкелді сияқты қазақ даласының түкпір-түкпірінен аты шулы билер мен ұлыс басшылары қатысқаны даусыз», – деп жазады (М.Исламғалиұлы. Әйтеке би. Алматы, 1998. 40-41 беттер).

Автордың ой-өрісі дұрыс бағытта өрбиді. Алайда, «Жеті жарғыны» Тәуке хан жазған жоқ, ол үкім шығарып жаздырды. Сол жазған жеті бидің бірі – Қожаберген жырау. Көтеш ақын «Жиен жырау» дастанында: «Ақылдасып үш бимен, «Жеті жарғыны» жазған ер. Кім десеңіз ол бекті, Қожаберген кемеңгер» деуі жоғарыдағы пікірді растай түседі.

«Жеті жарғы» бойынша ел ішіндегі әдет-ғұрып нормалары, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшері, жесір дауы, құн төлеу, кек алу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамайлар, ел бірлігі, мемлекет басқару, Отан қорғау, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беру, ұрпақ тәрбиесі, т.б. мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленді. Олай болса, Қазыбек бабамызды қазақ халқының тұңғыш конституциялық құжаттар жобасын жасаушылардың бірі деп атағанымыз жөн болар еді.

1718 жылы Әз Тәуке қайтыс болғаннан кейін жоңғар шапқыншылығы бұрынғыдан да үдей түсті. Оңтүстіктен қырғыздар, қарақалпақтар, Хиуа, Бұхар хандықтары, батыстан башқұрттар, орыс казактары, Еділ қалмақтары қыспаққа алды. Ел қатты күйзеліске түскен осы кезеңде Қазыбек би Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың, Барақ, Батыр, Абылай сұлтандардың арасын жалғастыруға күш салды, оларды ынтымаққа шақырды. Ресей үкіметінің шенеуніктері арқылы орыс патшасымен достық қарым-қатынас орнатуды жақтады. 1731 ж. орыс патшалығына бодан болған Әбілхайыр ханға айтарлықтай қолдау көрсетті. 1741 ж. Орск қамалына аттанған Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанға хат жазып, Арғын тайпасының атынан ант беруге әзір екенін білдірген.

Қаздауысты Қазыбектің осы жылдардағы саяси-қоғамдық қызметінің бір көрінісі – Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюевке жазған хаттары. Елдің саяси өміріне тікелей қатысты мәселелерге байланысты жазылған аталмыш екі хаттың екеуінде де Қазыбек би алысты болжап, саяси мәселелердің ахуал жайын дұрыс аңғара білген дипломат ретінде көрінеді. 1744 жыл шамасында жазылған алғашқы хатында би қазақ-орыс қатынастарын нығайта түсу қажеттігін, осы жолда қазақ елінде болып жатқан оқиғаларды патша әкімшілігіне хабардар етіп отыруға дайын екендігін сездірсе, жыл өткенде жіберілген кейінгі хатында Қазыбек жоңғар қонтайшысы Қалдан Сереннің, тек, қазаққа ғана емес, сол сияқты орыс үкіметіне де қауіп төндіруі мүмкін екендігін жеткізеді: «Біз бұл заманда жоңғар-қалмақ Қалден Серен хан патша жұртына жамандық жасап жүр деп естиміз. Өзіміз көзімізбен көргеніміз жоқ» (Ж.Артықбаев. Қазыбектің көреген саясаты Орта жүздің дербестігін сақтады. Аңыз адам. 2011, №23. 9-бет). Бидің мақсаты, хат мазмұнынан байқалғандай, жоңғарларға қарсы күрес үстінде мұздай қаруланған орыс үкіметінің қолдауына ие болу.

Қазыбек би Қытай, Бұхар, Хиуа мемлекеттері арасындағы еларалық мәселелерге белсене араласқан, бейбітшілік пен достықты дәріптеуші мәмілегер болған. Бірақ, би 1762 ж. екінші ұлы мемлекет Цин империясының елшілерін қабылдамай, сыйлықтарын алудан бас тартып, Абылай сұлтанға қазақ елінің Қытайдың қол астына қарауына қарсы екенін білдіреді. Сөйте тұрып, Абылайды Цин империясымен тығыз қарым-қатынас жасауға шақырады (Айбын. Энциклопедия. Алматы, 2011. 433-бет).

Қазақ кемеңгерінің өмірінің соңында тағы бір жасап кеткен шаруасы – Ресеймен келісім. Өз өмірінде көпті көрген, ақылға түйген, алыс болашаққа ой салған кемеңгер би қазақ тағдырының Ресейдің қатысуымен шешілетініне көзі жетті. Бұған Сібір генерал-губернаторының міндетін атқарушы, генерал-майор Фон Фрауендорфтың үкіметтің сыртқы істер алқасына 1763 ж. 11 наурызда жолдаған мәлімдемесіндегі «Орта жүздің төбе биі Қазыбекке Оразмәмбет тархан мен тілмәш Сафаровты жіберіп шақырғанын, алайда, қыстың қаттылығынан Қазыбектің өзі келе алмай, орнына баласы Сырымбет пен інісі Отарбай бастаған он кісі жібергені, олардың 1762 жылғы 15 және 22 желтоқсан күндері ант қабылдағаны» айтылған. Фон Фрауендорфтың Сырымбетпен оңаша әңгімелескенін, Қазыбектің Ресейге деген игі ниетте екендігіне көзі жеткендігін жазған (Р.Сағымбеков. Қазақ халқының кемеңгер биі. Редакторлардың редакторы, 2012. 10-бет). 1762 жылдың күзінде Омбыға барған Сырымбет пен Отарбайдың хабарына қарағанда, Қаздауысты Қазыбектің жасы 96-да болған екен. Солай кемеңгер бабамыз өзінен кейінгі ұрпақ тағдырын болжап, оларды көшпенділердің бағы тайған заманда Ресейдің етегінен ұстатып кетті.

Қазыбек бидің артында кейінгі ұрпаққа жарық жұлдыздай жол көрсетіп, жөн-жоба сілтейтін көптеген өнегелі өсиет сөздері қалды. Кемеңгер бидің шешендік сөздері айтпақ ойының ұшқыр да тапқырлығымен, тап басатын көркем теңеулерінің дәлдігімен, тілінің өткір де айқындылығымен ерекшеленеді. Оның тұжырымды терең толғаулары, суырып салма сөздері, нақылға толы мақал-мәтел түрінде өрбіген. Мысалы: «Алтын ұяң – Отан қымбат, Құт-береке атаң қымбат. Мейірімді анаң қымбат, Асқар тауың әкең қымбат. Туып өскен елің қымбат, Кіндік кескен жерің қымбат. Ұят пенен ар қымбат, Өзің сүйген жар қымбат» деген өлеңін білмейтін қазақ баласы жоқ. Ұзақ толғаудан алынған бұл үзіндіні жырау, ақын жазған қай өлең-толғаудан, поэзия мәдениетінің әлемдік үлгісін меңгерген қай ақынның қиялынан туған қандай туындыдан кем жатыр деп айта аламыз?!

Қаздауысты Қазыбек би жайында мынандай тарихи деректер бар. Бұқар жырау: «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаздауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек. Ормандай көп Орта жүз, Содан шыққан төрт тірек», – дейді. Төле би: «Қақ жарған қара қылды Қазыбегім, Бір өзің бар қазаққа азық едің», – дейді.

Шоқан Уәлихановтың «XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» деген еңбегінде «Абылай ханнан үш жүздің батырларының ішінен кімді ерекше құрметтейсіз деп сұрағанда, ол: Бізге дейінгі ерлерден екі кісіге таңғалуға болады. Оның бірі – 90 туысын Қалден Сереннің тұтқынынан құтқарған Қаракесек Қазыбек те, екіншісі – өзінің сондай тұтқындағы туысын құтқарған Уақ Дербісәлі. Мұның алғашқысы Қалданға өзі барып, сұрап алды. Соңғысы, өзінің ауылында отырып, жауын қорқытып алды» деп жазады. Бұл заманында ақылымен қатарынан озған дана биіне ел басшысының берген нақты әрі әділ бағасы еді (Дала даналары. Алматы, 2001. 282-бет).

Қазыбектен: Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет есімді бес ұлы, Маңқан деген бір қыз туған. Қазыбек қайтыс болғанда қызы Маңқан жоқтау айтқан екен. Бұл Мәскеуде «23 жоқтау» деген жинақта жарияланған. Осы жоқтауында мынандай жолдар бар: «Өсиет қылдың қазаққа, Сарыарқа деп қонысың».

Би 18-ғасырдың 40-шы жылдарының басында Сыр бойынан Арқаға ауа көшіп, Ұлытау, Қарқаралы өңірін қоныс қылып, Семізбұғы тауының беткейлерін жайлаған. Қыс түсе Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында 1764 жылы қайтыс болған. Сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне қойылған.

Ие, өлмейтін жан жоқ. Абай «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дегендей қазақ халқының кемеңгер биі Қазыбек өз халқымен мәңгі бірге жасайды.

Қазыбек есімі Әз Тәуке хан, Абылай хан, Әбілхайыр хан, Бұқар жырау, Төле би, Әйтеке би, Қабанбай батыр сияқты ұлтымыздың ұлыларының қатарында Отан тарихында хатталады.

Қорыта айтқанда, Қазыбек бабамыз Алаштың ардағына, кемеңгерліктің киесіне айналған тұлға.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button