Басты тақырыпҚаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жыл

Кемеңгер жайлы кемел туынды

    Өткен жұма күні Қарағанды шаһарындағы «Сарыжайлау» кинотеатрында облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қатысуымен «Қазыбек би» деректі фильмінің тұсауы кесілді. Аймақ басшылығы идеясының негізінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдауымен жарық көрген туынды Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген болатын.

Аумалы-төкпелі заманда Алаш айбыны құламасын деп, Алаш баласы жыламасын деп бүтін бір киіз туырлықты елдің бітімгеріне айналған Қаздауысты Қазыбек би емей, кім еді?! Кемеңгер би болмағанда Абылай хан ата жаудың қолынан аман босап шығары да күмәнді. Саңлақ саясаткер, майталман мәмілегердің ұлт игілігі жолындағы осы тектес еткен еңбегін екі ауыз сөзге сыйдыру мүмкін емес. Алайда, сценарий авторы һәм режиссері, жерлесіміз Ерлан Төлеутай екі сағаттық туындыға сыйдырып баққан. Тұлпардың тұяғымен жазылған том-том тарих қатпарынан тұлға бейнесін аршып алу парызы – осы азаматқа бұйырған екен. Жерлесіміздің жемісті еңбегі осыны айғақтап тұрғандай болды. Әріден бастайық.

«Театр – киім ілгіштен басталады» (К.Станиславский) демекші, кинотеатр табалдырығын аттағанымызда көрермен қарасы аз еместігін байқадық. Иін тірескен жерлестеріміздің көптігі ине шаншар орын болмаған залда да аңғарылып тұр. Әрине, Қазыбек би һақында бұрын-соңды естіп білмеді дей алмайсың. Үш жүздің маңдайына біткен үш бидің бірін қалай білмесін?! Біледі. Білген соң да, білерімізден асып не түсірілді деп топшылайды. Көпшіліктің көкейіндегі ой осы болса керек-ті.

Әсілі, көркем фильм түсіруден гөрі, деректі фильм түсіру әлдеқайда машақаты мол жұмыс. Көркем фильмде көз жұма қарар көптеген дерек пен дәйек деректі фильмге келгенде оның өзегіне айналып шыға келеді. Мұндайда бір ғана режиссердің білімі мен білігі жеткіліксіз. Тарихшылармен кеңесіп, кітап бетін ақтаруға тура келеді. Жерлесіміз бұл жұмыстарды да барынша жүйелі жүргізуге тырысыпты. Жамбыл Артықбаев, Зарқын Тайшыбай, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Нұрлан Дулатбеков сынды Қазыбек би өмірі мен қоғамдық қызметін зерттеп, зерделеген тарихшылардың сұхбаты жазылған.

Деректі фильм десек те туындыда кино мен театрдың кәсіби актерлері қатысқан эпизодтар жетерлік. Режиссердің айтуынша, бұл – картинаны жандандыра, қызықтыра түседі. Осы тәсіл автордың бұған дейінгі түсірген деректі туындыларында қолданылыпты. Алғашында, мұндай қадам «деректі фильм жанрына нұқсан келтірдің» деген желеумен кинотанушылардың сынына ұшыраса да, осындай дүниенің қажеттілігін уақыт өзі дәлелдеп берді. Мәселен, «National Geographic» сынды телеарналар ондай қадамға о бастан-ақ қорықпай бара білген еді. Сөйтіп, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Қайрат Кемалов Келдібектің ұлын кемеліне жеткізіп сомдап шыққан. Актердің кесек пішілген болмыс-бітімін, өңгеге бергісіз қоңыр даусын естіп, құдды бір Қаздауысты бабамен қауышқандай боласың. Бұл сөзімізді – көзіқарақты көрермен де құптай жатар.

Деректі фильмде Қазыбек би ғұмыр кешкен ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар мен ХХІ-ші ғасырды ұтымды байланыстырған режиссер шешімі де таңдай қақтырарлық. Бұл – ұрпақ сабақтастығы. Аспанын азап бұлт торлаған қазақ тағдыры. Әйтпегенде, «Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сенен бұлт, менен  қайғы тарқамады» деп күңіренер ме еді «Арғы атам әулие өткен ер Қазыбек» деп «Үшқарасын» әуелеткен Мәди? Жоқ! Замана зары бітімгер бабаның бүгінгі ұрпағы, «Семей» полигонынан сейілмес зардап шеккен, «АТОМ» жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіковті де айналып өтпепті. Қазыбектен Кәріпбекке дейінгі тұлдыр заманды түгелімен қотарып, алдымызға тастай салған Ерлан Төлеутайды енді ерек режиссер демей көріңіз! Қазыбекке қонған кие Мәдидің мәңгі мұңына ұласып, ақыры, ернеуінен асып Кәріпбектің қылқаламынан төгілді де кетті. Осылай деп ой тізгінін тартайық. «Көрген де – арманда, көрмеген де – арманда».

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button