Руханият

Кемеңгер қайраткер

    Періште-пенделердің парыз-парасатымен киелі жерінің қасиетін ақтаған, даңқын асырған, ұлтын алты Алашқа, алып елдерге танытқан тұлғалардың бірегейі – Қаздауысты Қазыбек би.

   Қазақ елі Тәуелсіздігінің ширек ғасырын еңсеріп, «Қазақстан – 2050» бағдарламасымен болашаққа қадам басқан 2017 жыл тарихи уақиғаларға толы. Биылғы қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі құрамында халықаралық алқа төріне жайғасты. Көктемде Наурыз шарапатымен Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойы басталды.

Қазақтың құдіретті де қазыналы қара сөзінің һас шебері, майталман мәмілегер, ақылман Қаздауысты Қазыбек бидің тарих сахнасындағы еңбегі өлшеусіз. Ақылы асқан, аруағының мысы басқан әулие деміккен дау-дамайды, тұлан тұтқан талас-тартысты екі ауыз семсер сөзбен шешкен тарихи тұлға.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Әнес Сарай «Арғындардың тайпалық жыры» (1996ж.) атты еңбегіндегі ғылыми жорамалға сүйенсек, АРГ және Арқа рулары туралы Мұсаның «Бес кітабында» анық-қанық келтірілген дейді. Ибрахим пайғамбар заманында (б.д.д. 2 мыңжылдық) ханаан (қазіргі Палестина) өлкесіне Алыптың ұлы деп аталатын бір бөтен, жат тайпаның келгені айтылады. Еврейдің Мұса пайғамбары б.д.д. ХІІІ ғасырда Египет құлдығынан өз бауырларын алып шыққанда, олар Палестинаға бауыр басып, жайғасып, 60 қала салып тастаған екен. Бастапқыда Алыптың ұлы деп атаған қауым да бұл кезде өздерін АРГ деп атап, жаңа отандарына да АРГ деген есім беріп, патшалығын Басан (Бошан) деп, ал, астана қаласын Едірей деп атаған. Еврейлер ұзақ соғысып, аргтарды жеңген. Жоғарыдағы басты атаулар АРГ, Басан, Едірей де Арқаға қатысты атаулар, ал, Едірей болса – Қарқаралыдағы ең биік шыңның бірі деп нақтылайды жазушы Әнес Сарай.

Еуразияның көшпенділері мен Түрік текті тайпалар Байкалды бойлап, Енисейді еңсеріп, Сібірге сіңіп, барар жер, басар тауы, шегінер шегі шектелгендіктен, шеткергі Жапон жағалауларымен Америкаға есте жоқ ескі замандарда адымдамағанына кім кепіл?! Мұндай гипотезаны біз емес, сол елдердің ғалымдары еміс-еміс, сәл-пәл, әредікте жариялап жүр емес пе?

Көне кезеңнен көл-көсір көсемсөз қалдырған Ақселеу Сейдімбек «Күңгір-күңгір күмбездер» (1981ж.) кітап дастанында ежелгі Едірей тауының құпияларын мәлім еткен. Мұны ақын Кәрім Сауғабайдың «Едірей тауындағы үңгірлер», Ахмадия Ығыбасұлының «Едірей – елемейтін ел емес!» атты мақалалары толықтырған еді. Тау тізбелерінің: Керегетас, Төлетас, Қоржынтүбек, Түйеөркеш, Өрсоқпақ, Бабатай, Төресай, Таймас, Алшынбай сораңы, Есенбай асуы аталуы – табиғилығы, тарихи уақиғалар мен тұлғаларды таныту тұрғысында таң қалдырады.

Едірей – Қазақстанда үңгірлер галереясын құрайтын аймақ. Олардың қазыналы Қитабан-Шыңғысхан қоймасы, Мәдидің қараүңгірі, Үлкенбала, Кішібала, екі Шолақбұлақ үңгірі деп аталуы – ежелгі уақыттан бері бүгінгі өркениет зерттеушілерін күтіп жатқандай. Тау-тасының қойнауындағы табиғи кен-қазына байлығы, орман-тоғай, аң-құсы, дәрілік өсімдіктері, зәмзәм суындай бұлақтары, Қырық құдық қазан-шұңқырлары – құдды бассейн кешені. Табиғи парк пен туризмге айналдыратын Тәңірдің тартуынан қапы қалмасақ жарар еді. Ең ежелгі мұртты қорғандар, сақ дәуірінің обалары, қалмақ қырылған қорымдар – болашақ Әлкей Марғұландарға рухани һәм біліми азық. Қазыбек бабаның ата жұртына, оның Қызылшіліктегі Ордасы орнына Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары бетбұрыс жасап, ғылыми экспедицияларын жүйелі жүргізіп, «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізсе – құба-құп.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Орта жүз шежіресінде: Жанарыс-Қарақожа-Арғын-Құтан-Мейрамды мәлімдейді. Ал, Болатқожаға (Қаракесек) барынша мән беріп, назар аударған. Құтаннан – Мейрам сопы жалғыз, қалыңдығы Нұрфая, одан Қуандық пен Сүйіндік туады. Нұрфаямен еріп келген жеңгесінен – Бегендік, Шегендік. Күңнің аты Қарқабат екен, одан Болатқожа туады, тарихта Қаракесек атымен абырой-даңқы артқан. Қаракесектен – Ақша мен Түйте және Шұбыртпалы, Шекті, Қамбар, Жалықпас туыстықпен қосылады. Ақшадан – Бошан, одан «Бес бошан» тарайды: Таз, Байбөрі, Машай, Манат, Жанту қалың жұртты құрайды. «Бауыр Бошан» және «Сырт Бошан» болып екіге бөлінеді.

Таздан – Наманай мен Бұлбұл бабамыз. Бұлбұлдың әйелдері Данакемпір, Қаракемпір, Құбакемпір – үшеуі де Үйсін қыздары. Бұлбұлдың Құбакемпірінен – Алдияр, Күшік, Үсен, Құдайберлі, Шаншар абыз. Шаншардың әйелдерінің бірі Қызданбикеден Алсай Жалғыз. Әйбикеден – Жәнібек, Келдібек, Тінібек, Әсірбек – «төрт бек» болып тараған. Нұрбикеден Тұрлыбек, Бердібек (Қарқаралы хан Бертіс), Ақылбек аталады. Шаншар әйелдерінің үшеуі де Тұрсын ханның қыздары.

Кемеңгер Келдібектен Қаздауысты Қазыбек, Сәдібек, Асан, Құланшы, Балапан, Бөдене батыр – «Ақсақтың алтауы» деген атпен әйгілі. Әулиелі Қаздауысты Қазыбектен – Қазымбет, Бекболат, Базаркелді, Барқы, Сырымбет. Екі баласы – Қойлыбай, Қоңырбай Сырдариядан ел ауғанда қалып қойған.

Қазымбеттен Жанай, Қанай, Анай, Атымбай, Құлтеке бірге туысады. Ал, Қараұзақ, Жанұзақ деген балалары Оңтүстікте, Түркістан төңірегінде тарап жүрсе керек. Мерейтойы жылы Қазыбектің балалары Қойлыбай мен Қоңырбайдың, Қазымбеттің ұлдары – Қараұзақ пен Жанұзақ ұрпақтары жүздеген жылдарды жылжытып, Алланың алқауымен табысатын шығар деген сәт сағаты соғатын сияқты.

«Егемен Қазақстан» газетінің 2008 жылғы 28 ақпанындағы Қорғанбек Аманжолдың «Баукеңнің университеті» мақаласында Алаштың бас батыры, ұлттық қаһарманы, ғаламдық тұлға Бауыржан Момышұлының келіні, бар қазақтың өнегелі анасы Зейнеп Ахметова әңгіме-естелігінде: «Бақытжан көбінесе нағашыларының қолында өскен. Нағашылары сонау Қаздауысты Қазыбектен бермен тарайтын Қарқаралы, Егіндібұлақтың Қаракесектері», – деп жариялаған.

Ауызша аңыздардан да ақиқат аңғарылады. Қазақтың бағына біткен Қаздауысты Қазыбек би туралы нақты да ғылыми мағлұматтарды ұрпағы, профессор Шағатай Қашықов қалдырған. Әсіресе, Жайсақ қажы, оның оқымысты да зиялы ұлы Кәмалдың Алаш көсемдерімен қатар жүріп, ағартушылық қызмет жасағанын тебірене толғайды. Тарихшы, профессор Қаби Есімовтің «Бұлбұл бабамыз», «Шаншар абыз», «Ақсақтың алтауы» туралы шежірелері мен зерттеулері энциклопедиялық әмбебап туындыларға жүк боларлық.

Әулиелі Қазыбек бидің шешендік және мәмілегерлік әңгімелері Қазымбетұлы Анай биден сабақталып, Таңның тектілігінен, болашағын болжаған зайырлы молла Сүлейменнен жалғасқан. Оның алашшыл ұлы Қамзе (1877-1930) немере інісі Зәйніп-Ғабиден (Зейнеп) Боранбайұлына 1928 жылдары жаздырған араб қарпіндегі шежіре мен шешендік сөздер бірден-бір аса құнды құжат.

Қазыбек бабамыздың шешендік шығармаларын зерттеген, жинақтап, 1960 жылдар ортасында жариялаған – ауыз әдбиетінің білімпазы Балтабай Адамбаев. Кеуде сарайында сары майдай сақтап, ділмарлықпен дәріптеген Бөдене батырдың ұрпағы Жәкеш ақсақал Баймағанбетов. Барша құжаттарды ҚР Ғылым академиясына ұсынған Орынбек Жәкешовтің еңбегі де ерекше.

Келдібектің түсіне үлкен әкесі Шаншар еніп, аян береді: «Шаһуәтыңды басқаға шашпа. Саған оң жақ бетінде бармақтай меңі, оң аяғының сылтыма ақсағы, екі емшегінің арасында қалы бар семіз сары қыз кездеседі. Осы адамды тос», – дейді.

Келдібек бір күні көш бастап келе жатса, он шақты түйесі бар бір шағындау көшке кездеседі. Көш тартып келе жатқан бәйбішенің жанында бір сары қыз көрінеді. Келдібектің көзіне жылы ұшырап, көңілі бөлініп қарайды. Қараса, бетіндегі қалына көзі түседі. Келдібек көшті айналып қарай береді. «Осы менің түсімде айтылған қызға ұқсайды-ау, аяғында сылтымасы бар ма?» деп көшке еріп отырады. Көлденең бір өзен кездесіп, одан өткенде бәйбішенің жетегіндегі түйесі ауып, біраз бөгеледі. Сол кезде қыз аттан секіріп түсіп, түйенің жүгін басып-басып түзетеді де, жүгіре басып атқа мінеді. Қыздың сылтымасы барын көреді. «Ақсағы да дәл келді. Енді кеудесінің қалы бар-жоғын қалай байқаймын» деп ойлайды.

Аталған көш Шаншардың ауылынан ұзамай, жақын келіп, еру болып қоныпты. Сұрастыра келгенде, Кіші жүз елінен қорлық-зорлық көріп, жақсы-жаманға пана болатын Шаншардың бір ауылы бар деп, әдейі іздеп көшкен адам екен.

Келдібектер кешке бұл бөтен мейманға бір қой сойғызып, бір қыз, бір келіншектен ерулік тартады. Және қызға тапсырып жібереді: «сен бүгін сол үйге қон. Сонда ақсақ сары қыз бар. Соның қойнына бірге жатып, екі емшектің арасын байқа, не белгі бар екен».

Қыз айтқан аманатты орындап, кеудесінде алақандай қалы барын айтып келеді. Келдібек «маған аян берген әкем айтқан қыз осы болды» деп құда түсіп, сол қызды алады. Осы қыздан Қазыбек, Бөдене, Сәдібек, Асан, Үсен, Балапан туған. Қазыбегі қасиетті би, Бөдене атақты батыр болған. Мақаланың басында келтірілген, халық арасында «ақсақтың алтауы» аталып кеткен – осы бабаларымыз.

Ахмадия СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қаздауысты Қазыбек бидің ұрпағы.

ҚР Білім беру ісінің үздігі, зейнеткер.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button